ЖҰМЫЛА КӨТЕРГЕН ЖҮК ЖЕҢІЛ

101

0

Сейсенбіде облыс әкімі Қырымбек Көшербаевтың төрағалығымен су тасқыны қаупінің алдын алу және алдағы  жұмыстарды нақтылау тұрғысында төтенше жағдайлардың алдын алу және жою жөніндегі комиссияның кезекті отырысы өтті. Онда «Су тасқынының алдын алу және жою жөніндегі 2017-2020 жылдарға арналған шаралар кешені» жол картасының орындалу барысы талқыланды.
Облыстық жұмылдыру дайындығы басқармасының басшысы Серік Сермағанбетовтың айтуынша, осы жылдың 27 қазанында «Шардара» су қоймасынан Сырдария өзенінің төменгі ағысына секундына 400 текше метр су жіберілсе, Арыс өзенінен секундына 11 текше метр су түсуде. Ал, «Көксарай» су реттегішімен секундына 400 текше метр су алынуда. Облыс аумағына түсіп жатқан су көлемі секундына 930 текше метрді құраса, Қызылорда су торабынан төменге  секундына 820 текше метр су жіберілуде.  Биылғы жылы көктем айларында еліміздің 7 облысында су тасқынының орын алуына байланысты  2017-2020 жылдарға арналған «Тасқын су қатерінің алдын алу және оны жою жөніндегі шаралар кешені» жол картасы қабылданған болатын. Аталған жол картасына облыстан барлығы 19,3 млрд  теңгені құрайтын 155 жоба енгізілді. Сонымен бірге ағымдағы жылы су тасқыны жағдайының алдын алу мақсатында арнайы құрылған жұмыс топтарымен анықталған Сырдария өзені қорғаныс бөгетінің 91 қауіпті учаскесін қалпына келтіру белгіленген.  Осы ретте басқарма тарапынан облыстық бюджеттен қаржыландырылатын 25 жобаның 18-не жөндеу жұмыстары аяқталған. Ал, қалған 7-не қалпына келтіру жұмыстары жалғасуда. Бұл жұмыстар қараша айында бітеді. Бұған қоса, Жол картасы аясында 62 жоба бойынша республикалық бюджеттен қаржы бөлініп, «ҚазСуШар» РМК Қызылорда филиалы тарапынан жұмыстар атқарылуда. Бұл жайында облыстық филиал директоры Болат Арыстанбаев баяндады. Осы жұмыстарға барлығы 99 бірлік арнайы техника мен 122 адам жұмылдырылған. Сонымен қатар ағымдағы жылы қыс-көктем айларында облыс аумағына мол судың түсуіне байланысты зақым келтірілген қорғаныс бөгеттерін қалпына келтіру мақсатында аудандарға да тиісті қаржы қаралған. Осы орайда облыс басшысы аудан әкімдерінің  су тасқынының алдын алу үшін атқарылған жұмыстарын тыңдап, төтенше жағдайға  сақадай сай  болуды тапсырды.
Жалпы, облыс аумағына келіп түскен су көлемінің күнбе-күн көбеюіне байланысты Қызылорда қаласының сол жағалауында орналасқан жаңа құрылыс нысандарын қауіптен сақтау мақсатында қорғаныс бөгетін салу жұмысы қарқын алуда. Қорғаныс бөгетінің ұзындығы 1500 метр, ені 6 метрді құрап отыр.
Мұнан соң төтенше жағдайлар департаменті басшысының міндетін атқарушы Асқар Төлешев 2017-2018 жылдардың қыс-көктем кезеңдеріндегі Сырдария өзенімен келетін суды қауіпсіз өткізуге байланысты дайындығын баяндады. Сонымен бірге департаменттің құрылымдық бөлімшелерінен жоғары дайындыққа келтірілген мобильдік топтар құралатынын және іс-шаралардың алдын алуға құрал-саймандармен толық жабдықталғанын жеткізді. Бұған қоса, ҚР ІІМ ТЖК «Қазавиақұтқару» АҚ-ның «МИ-8» тікұшағы да толық экипажымен дайын тұр. Қазіргі таңда «Казгидромет» РМК Қызылорда облысы бойынша филиалынан және «Арал-Сырдария» бассейндік инспекциясынан Сырдария өзеніндегі су шаруашылығы жөніндегі мәлімет күнделікті алынып, қатаң бақылауда.
Жол картасы бойынша Қызылорда қаласының сол жағалауына қорғаныс бөгетін салу, Шиелі ауданы Тартоғай елді мекенін аяқ сумен қамтамасыз ететін «Балтабай» каналының қорғаныс бөгетіне жөндеу жұмыстары,  Арал ауданы Аманөткел ауылдық округі «Сүйреме» көлінің тұсындағы Сырдария өзенінің қорғаныс бөгетін қалпына келтіру және бекіту жұмыстары  жүргізілді. Сонымен бірге, «Жалағаш-Жосалы» автожолындағы мол судың жайылуы салдарынан зақым келтірілген көпір мен жолды қалпына келтіру жұмыстары  жасалған.
Сондай-ақ, ҚР Қоршаған орта және су ресурстарын пайдалануды реттеу және қорғау жөніндегі «Арал-Сырдария» бассейндік инспекциясының басшысы Әділхан Қарлыханов аталған мәселеге сай кесте жасалып, «Шардара» су қоймасынан  келетін су көлемі қатаң бақыланып  отырғанын айтты.
Облыс әкімі жиын соңында тиісті басқарма басшыларына су тасқыны қаупінің алдын алуға дайындықты күшейтуді  қатаң тапсырды.

Сара АДАЙБАЕВА.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз