ЖОБАЛАРДЫҢ БАРЛЫҒЫ МАҚҰЛДАНДЫ

41

0

ЖОБАЛАРДЫҢ БАРЛЫҒЫ МАҚҰЛДАНДЫКеше облыс әкімі Қырымбек Көшербаевтың төрағалық
етуімен сәулет және қала құрылысы кеңесінің кезекті отырысы болып өтті.
Кеңестің күн тәртібіне барлығы сегіз жоба ұсынылды. Оның алғашқысы «Халыққа
қызмет көрсету нысандары орналасатын әкімшілік ғимараты» жобасы туралы «МТС
Компани ЛТД» ЖШС бас сәулетшісі Дәурен Ілиясов хабарлама жасады.

Бұл нысан
облыс орталығындағы Ғ.Мұратбаев көшесінде орналасқан халыққа қызмет көрсету орталығы жанынан салынатын
болады. Бөлінген аумақтың ауданы 32 мың шаршы метрден асады. Ғимарат 15
қабаттан тұрады. Оның бірінші және үшінші қабаттары аралығында ойын-сауық
орталығы, сауда орындары, мейрамхана, екі кинотеатр, балаларға арналған
аттракциондар орналасады. Ал төртінші қабаттан бастап кеңсе бөлмелеріне арналған.
Жалпы, бұл бизнес және сауда орталығы аумағында жабық және ашық паркингтер,
саябақ аймағы автотұрақтар, демалыс алаңдары болады. Жобаның бас сәулетшісі,
ғимарат классикалық стильде салынып, сырқы келбеті мәрмәрмен, ал ірге тасы
гранит плиткалармен қапталатынын жеткізді. Ғимараттың сырт келбетінде ұлттық
нышандар көрініс табады.

Облыс
басшысы бұл қажетті нысан екенін атап өтті. Ол орналасатын аумақтың бір жағында
дария ағып жатыр, оған салынатын жаңа көпір де тиіп тұр. Қырымбек Елеуұлы жоба
иелеріне нысанға жақын орналасқан дария жағалауын қоса көркейту қажеттігін
тапсырды. Онда жаяу жүргіншілер және велосипедшілер жолын жасап, демалушыларға
арналған алаңдар болуы тиіс. Ал газондарда тамшылатып суару технологиялары жұмыс істеуі керек. Сөз соңында аймақ басшысы
эскиздік жобаны мақұлдауды ұсынды. Бірақ, үш жыл ішінде салынбайтын болса, бұл
аумақ қайта алынып, мемлекет қарауына берілетінін қатаң ескертті.

Кеңес
қарауына облыстың елді мекендерінде салынатын бірнеше білім ошақтарының жобасы
ұсынылды. Олардың екеуі 140 орындық мектептер, Қазалы ауданындағы Бірлік
ауылында және Қармақшы ауданындағы Қуаңдария ауылында салынады. Ал 200 орындық
мектеп Жаңақорған ауданындағы Қожамберді аулында салынса, 300 орындық білім
ошағы Шиелі ауданындағы Ә.Тәжібаев ауылында бой көтермек. Сәулетші Ғалымжан
Әлиев жобалар толықтай облыстық құрылыс басқармасы тарапынан берілген
техникалық тапсырмаларға сәйкес келетінін жеткізді. Мектептерде оқу сыныптары, дене шынықтыру
алаңы мен жабық зал, асхана, мәжіліс залы, алғашқы әскери дайындық және басқа
да қажетті кабинеттер, оку әдістемелік алаңы демалыс орындары шаруашылық
алаңдары орналасқан. Мектеп ғимараттарының сырты жаңадан шығып жатқан сапалы
бояумен сырланады. Білім ордаларының аулалары абаттандырылып, көркейтілетін
болады.

Облыс әкімі
өскелең ұрпақ тәрбиелеу мақсатында мектептердің сыртқы келбетінде ұлттық
нышандарға да орын берілуі керектігін атап өтіп, жобаларды мақұлдауға ұсыныс
берді.

«Батыс
Еуропа-Батыс Қытай» халықаралық автокөлік дәлізінің бойында салынуы
жоспарланған жол бойы кешендері кеңесте талқыланған жобалардың соңғылары болды.
Оның алғашқысы Жаңақорған ауданы аумағындағы
198-шақырымда орналасады. Жобаны таныстырған «Казтуризм» ЖШС өкілі Серік
Ералиев оның «А» категориясына жататын айтып өтті. Мұнда 100 орынға арналған
қонақ үй, туристік бөлім, сауна, бильярд залы, 100 орындық мейрамхана, дүкен,
дәріхана, сауда қатарлары, жүк және жеңіл көліктерге арналған автотұрақ,
автокөлік шеберханасы, демалу аймағы болады. Автотұрақтарда күн сәулесімен қуат
беретін қондырғылармен жабдықтау ойластырылып отыр. Жалпы құны 720 млн.
теңгелік құрылысты 2016 жылы аяқтау жоспарланған. Жоба толығымен іске қосылған
жағдайда 50 адам тұрақты жұмыспен қамтамасыз етіледі.

«С»
категориясындағы қалған екі жоба туралы «Нұрдәулет-М» ЖК өкілі Қонысбек
Жетпісбаев пен «К.Жүнісова» компаниясының өкілі Ерұлан Мыңбаевтар мәліметтер берді. Оның алғашқысы Арал,
екіншісі Шиелі ау­дан­дары аумағында орналасқан. Бұларда дәмхана, авто­тұ­рақтар,
автономдық қазандықтар, эстакадалар, май құю бекеттері болады. Олардың
әрқайсысында кемінде 15 жұмыс орны бар.

– Соңғы
қаралған үш жоба да үш мемлекетті жалғайтын автокөлік дәлізі бойынан салынады,–
деді облыс әкімі. – Сондықтан да олар қызмет көрсету саласындағы халықаралық
талаптарға сай болуы керек. Кәсіпкерлер тамшылатып суару әдісі арқылы кешен
аумағын абаттандыруды алғашқы кезекке қойғаны жөн.

Сонымен
қатар, аймақ басшысы құрылыс мерзімін соз­бауды тапсырды. Әсіресе, Шиелі
ауданындағы Оқшы ата кесенесінің жанынан салынатын кешен құрылысы қысқа
мерзімде салынып бітуі керек. Өйткені, киелі жерге еліміздің түкпір-түкпірінен
жиналатындар қатары көп. Бірақ жеделтетуді желеу етіп, сапаны ұмытуға тағы
болмайды.

Кеңес
отырысының қорытындысында сын, ескертпелер айтылғанмен ұсынылған жобалардың
барлығы мақұлданды.

Ыдырыс
ТҰРЛЫҒҰЛОВ.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз