Жолақы бағасын нарық реттейді

54

0

 

Рас, нарық талабы, қазіргі қаржылық жағдай қоғамдық көлік қызметіне де оңайға соғып тұрған жоқ. Мұның себебін жанар-жағармай мен қосалқы бөлшектер бағасының шарықтауы деп отыр. Сала мамандары БАҚ өкілдеріне арнап ұйымдастырған баспасөз турында осылай мәлімдеді.

Өздеріңіз білетіндей, қала ішіндегі қоғамдық көліктерде жүру ақысын қымбаттату туралы ұсыныс көтерілгеніне біраз уақыт болды. Мәселе төңірегінде бірнеше рет қоғамдық тыңдау мен брифинг ұйым­дастырылды. Десе де, бұл тақырып әлеуметтік же­ліде әлі де қызу талқыға салынуда. Көпшілікті “Жолақыны көтергенімен, автобустардың жүру реті түзе­леді ме? Жүргізушілердің қызмет көрсету ісі жақсарады ма?” деген сан сауалдар толғандырып келеді. Жасыратыны жоқ, бұған дейін тариф кө­теріл­­генімен, қызмет көрсету сапасы көңіл көн­шіт­педі. Оған қоса маршрут қозғалысындағы интер­вал ұзақтығына наразы жолаушылар көптеп табылды. Бірақ, құзырлы органдар ендігі кезекте тұ­тынушылар үдесінен шығып, қызмет көрсету сапасын арттыру бағытында жұмыс жасайтынына сендіріп отыр.

– Қалаішілік жолаушылар тасымалымен айна­лысатын кәсіпкерлердің бірден-бір табыс көзі – осы жүру ақысы. Оның үстіне өткен жылмен салыстырғанда жанармай мен қосалқы бөлшектердің бағасы едәуір қымбаттаған. Мұның барлығы қаржыға әкеп тірейді. Ал, бағаның көтерілуі қарапайым жұртшылыққа оңай соқпайды. Дегенмен, біз өзге қалалардағы тәжірибелерді зерделедік, зейнеткерлерге, оқушы мен студенттерге, аз қамтылған отбасыларға жеңілдік қарастырылды. Халыққа қызмет көрсету сапасын көтеру бағытында өз тарапымыздан тұрақты жұмыстар жүргізілетін болады. Жеке қоғамдық көлік иелеріне де 1 тамызға дейін көлік сервисін жақсарту бойынша нақты тапсырма берілді. Ал көрсетілген мерзімге дейін қалыпқа келтірілмеген көлік иелерімен екіжақты келісім тоқтатылып, рейстен шығарылады. Қала әкімдігі жанынан арнайы комиссия құрылып, қоғамдық ұйымдар, журналистермен бірге сапаға қатысты рейд жүргізілетіні де айтылды, – деді “Қызылорда автобус паркі” ЖШС басшысының орынбасары Қанат Рахметов.

Айта кетейік, жолақы бағасын жоғарылатуды қалалық жолаушы тасымалының 75 пайызын қамтитын жеке кәсіпкерлер ұсынған. Себебі, “Қызылорда автобус паркі” ЖШС қала бойынша барлық бағытты қамти алмауда. Осыған байланысты олар жеке тасымалдаушы кәсіпкерлермен келісім-шарт жасасқан. Жуырда бұл мәселеге байланысты қала әкімдігі жанынан арнайы жұмысшы тобы құрылып, мамандар шығынды есептеді. Нәтижесінде комиссия қорытындысы Қоғамдық кеңесте талқыға салынып, қалалық мәслихат отырысының күн тәртібіне шығарылған болатын. Осылайша депутаттар нарықтағы өзгерістерді ескере келе, жол жүру құнын ересектерге – 90, оқушыларға 40 теңге етуге келісім берді. Қала әкімінің орынбасары Асылбек Шәменов те бүгінде жанармай бағасының 14 пайызға өскенін, тіпті газдың өзі 30 теңгеден 58 теңгеге көтерілгенін, жолақыны көтеру өзге өңірлерде де қарастырылып жатқанын алға тартты. Оның айтуынша, жолаушылар тасымалын бір ізге түсіру үшін өңірге 112 автобус алынды. Қазір көліктер қалаішілік бағыттарға қатынауда. Дегенмен, олардың майы мен суын уақытылы ауыстырып тұру қажеттілігі, көрсетілетін техникалық қызметтері бар. Сонымен қатар келесі айда үлкен сыйымдылықтағы автобус­тарға арналған тұрақтар, жанармай бекеті, көлік жуу алаңы мен автобустардың үздіксіз жұмыс жасауына түрлі мүмкіндік беретін автобус паркі ашылмақ. Сәйкесінше бұл өзгеріс көлік қатынасындағы  кейбір түйткілді мәселелердің түйінін шешуге, көрсетілетін қызмет деңгейінің артуына мүмкіндік береді деген ойдамыз.

Жалпы нарық заманында тауар мен қызметтің  сапасына бәсекелестік орта қалыптасқанда бағаның реттелуі айқын. Бұл тұрғыда жолақы бағасын нарық реттейтіні сондықтан.

М.СНАДИН.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз