ЖОЛАҚЫ МӘСЕЛЕСІ ТАЛҚЫЛАНДЫ

100

0

 
 
Қала ішіндегі қоғамдық көліктерге төленетін жолақыны қымбаттату туралы ұсыныс айтылғанына біршама уақыт болды. Алдымен өңірлік коммуникациялар қызметінде журналистерге арнап брифинг өткізілді. Қалада бірнеше рет қоғамдық тыңдау ұйымдастырылды.
Мәселенің мәнісін аша түсу үшін жолақы тақырыбын біз де зерттеген едік. Қарап отырсақ, қала бойынша жолаушылар тасымалымен «Қызылорда автобус паркі» мекемесі ғана айналысады. Онда 450 адам жұмыс жасайды. Бір мекеме үшін аз көрсеткіш емес. Дегенмен, аталған мекеме жолаушылар тасымалын толықтай қамти алмайды. Сол себепті, бұл бағыттағы жұмыстардың 75 пайызын жеке кәсіпкерлер атқарып отыр.
Қазір қалаішілік 25 және қала маңына қатынайтын 6 бағытта барлығы 870 автокөлік екі ауысыммен қызмет көрсетуде. Соның 112-сі ғана жаңа автобустар. Жолаушылар тасымалын оңтайландыру бағытында алынған
сыйымдылығы үлкен жаңа автобустар күніне 240 шақырым жол жүреді екен. Бұл шамамен айына 7200 шақырымды құрайды. Жаңа автобустар үшін бұл аса көп болмауы мүмкін. Бірақ, жолаушылар тасымалымен айналысатын ескі көліктерге кәдімгідей әсер етеді. Қалаішілік жолаушылар тасымалымен айналысатын кәсіпкерлердің бірден-бір табыс көзі – жолға төленетін ақы. Оның үстіне өткен жылмен салыстырғанда
жанармай мен қосалқы бөлшектердің бағасы едәуір қымбаттаған.
«Қызылорда автобус паркі» ЖШС директоры Әнуар Нақып өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында мынадай мәліметтерді алға тартқан еді. «АИ-92» маркалы бензиннің бағасы литріне 124-тен 142 теңгеге көтерілген. Бұл – жанармай бағасы 14 пайызға өсті деген сөз. 
Дизель отыны 80 теңгеден 130 теңгеге бір-ақ жеткен. Оның 38 пайызға артқаны байқалады. Тіпті, арзан деп жүрген газдың өзі 30 теңгеден 58 теңгеге немесе 93 пайызға дейін көтерілген. Бұған қосалқы бөлшектерді қосыңыз. Өкінішке қарай, олардың да бағасы шарықтап тұр. Дәлосындай деректерді мәслихат сессиясында қалалық коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы Талғат Құлмағанбетовте келтіріп өтті. Осының барлығы негізге алынып, жол ақысын ересектер үшін – 100, оқушыларға 50 теңгеге дейін өсіру ұсынылды. Арнайы жұмысшы тобы құрылып, мамандар шығынды есептеді. Қорытындысында қалалық мәслихат отырысының күн тәртібіне шығарылды. 
Депутаттар бұл мәселені жан-жақты талқылады. Қарапайым жұртшылыққа оңай тимейтіні де сөз болды. Халық қалаулылары өзге қалалардағы тәжірибелерді зерделеп, зейнеткерлерге, оқушылар мен студенттерге, азқамтылған отбасыларға жеңілдік қарастыру қажеттігін алға тартты. Бөлім басшысы Талғат Құлмағанбетовкеосы мәселелер бойынша ұсыныс енгізу тапсырылды. Депутаттар нарықтағы өзгерістердіескеріп, басқа да болуы мүмкін кедергілерді назарға алып, жол жүру құнын ересектерге – 90, оқушыларға 40 теңге етуге келісім берді. Еліміздің басқа аймақтарымен салыстырмалы түрде қарасақ, Астана мен Өскеменде жол ақысы 90 теңге екен. Ал, Алматы, Қарағанды, Атырау, Қостанай, Петропавл қалаларында қоғамдық көлікте жүру құны 80 теңге. Бөлім басшысы Т.Құлмағанбетовтің айтуынша, жолақыны көтеру мәселесі басқа да өңірлерде қарастырылып жатыр. Қалалық мәслихат депутаты Мұхит Кәрімбаевқа хабарласқанымызда:
– Жолаушылар тасымалын бір ізге түсіру үшінхалыққа көрсетілетін қызметті сапалы ету мақсатында сыйымдылығы үлкен 112 автобус алынған болатын. Олар қазір қалаішілік бағыттарға қатынауда. Дегенмен, ол автобустарға көрсетілетін техникалық қызметті ұмытуға болмайды. Майы мен суын уақытылы ауыстырып тұру қажет. Оның үстіне қосалқы бөлшектердің бағасы өскен. Жанармай қымбаттаған. Осылардыңбарлығын ескеріп, жол жүру құнын өсіруге келісім беруге мәжбүр болдық. Үлкендерге – 100, оқушыларға 50 теңгеге дейін өсіру ұсынылған еді. Дегенмен, мұның көпшілікке ауыр тиетінін айттық. Сол себепті, ересектерге – 90, оқушыларға 40 теңге етуге келісім бердік. Өз кезегінде аз қамтылған отбасыларға, зейнеткерлерге, оқушылар мен студенттерге жеңілдіктер қарастыру қажеттігін алға тарттық, – деді М.Кәрімбаев.
А.АҚЫЛБЕКОВ, 
Қызылорда қаласы.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз