ЖОЛАҚЫНЫ КӨТЕРУДІ СҰРАДЫ

65

0

Дүйсенбіде Өңірлік коммуникациялар қызме¬тінде өткен брифингте «Қызылорда қа¬ласында жолаушыларды және багажды тұрақты автомобильмен тасымалдау тарифін белгілеу туралы» мәселе қаралды. Жиынға қала әкімінің орынбасары Асылбек Шәменов, «Қызылорда автобус паркі» ЖШС директоры Әнуарбек Нақып, қалалық коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы Талғат Құлмағанбет және облыстық көліктік ба¬қылау инспекциясының бас маманы Марат Мамырбаев қатысып, күн тәртібіне ұсы¬нылған мәселенің мән-жайын баяндады.
Бүгінгі таңда қалаішілік 25 бағыттағы және қала маңына қатынайтын 6 бағытта, барлығы 870 автокөлік екі ауысыммен қызмет көрсетуде, оның ішінде үлкен сыйымдылықтағы – 160, орта сыйымдылықтағы 310 қоғамдық көліктерді құрайды.
2013 жылдың желтоқсан айынан бастап, осы мақ¬сатта жарияланған арнайы конкурстың жеңім¬пазы ретінде қалаішілік және қала маңындағы жолаушылар тасымалымен «Қызылорда автобус паркі» ЖШС айналысып келеді. Серіктестік бүгінде қала көлеміндегі қоғамдық көлікті бақылап және 450 адамды тұрақты жұмыспен қамтып отыр. Яғни, осыған дейін қадағалаусыз келген жеке тасымалдаушыларды ретке келтіріп, жұмысты жүйелі жүргізуді серіктестік өз міндетіне алған.
Дегенмен, қала әкімінің орынбасары А.Шәме¬новтің айтуынша, қазіргі таңда жолаушылар тө¬лейтін жолақы парк пен маршрутқа енгізілген жеке кәсіпкерлердің жалғыз табыс көзі болып табылады. Одан басқа тасы¬мал¬даушылардың өз бюджетін толықтыруға мүмкіндігі болмай отыр. Сондықтан «Қы¬зылорда автобус паркі» ЖШС барлық ба¬ғыт¬тарға толыққанды қызмет көрсете алмауына байланысты жеке тасымалдаушы кәсіпкерлермен келісім-шартқа отырған, қазіргі таңда олар 75 пайызды құрап отыр. 
Осы негізде, серіктестік тарапынан ҚР Көлік және комуникация министрінің 2011 жылғы 13 қазандағы №614 бұйрығымен бекітілген «Тұрақты маршруттар бойынша жолаушылар мен багажды тасымалдау жөнінде қызмет көрсетуге тарифтер есептеу әдістемесіне» сүйене отырып, жаңаша есептемелерін ұсынды. Онда әлемдік нарықта жанар-жағармайдың және қосалқы бөлшектердің бағасы бірнеше есе қымбаттап отырғаны негізге алынған.
«Қызылорда автобус паркі» ЖШС-ның берген мәлі¬метіне сүйенсек, қала көлемінде қызмет ¬жасайтын көлік¬тердің 40 пайызы бензин отынын, 30 пайызы дизель отынын пайдаланады. Бұл орайда өткен жылмен салыстырғанда, АИ-92 маркалы бензиннің бағасы 14 пайызға (124-142), дизель отыны 38 пайызға (80-130), ал газ отыны 93 пайызға (30-58) артқан. Осыған байланысты автобус паркі қалалық экономика және бюджеттік жоспарлау бөлімімен бірлесе есептілік негіздерін тексеруден өткізіп, орташаланған тарифті ересектерге 100 теңге, балаларға 50 теңге көлемінде ұсынып отыр.
Брифинг барысында БАҚ өкілдері қаладағы қо¬ғам¬дық көлік қызметінің сапасына байланыс¬ты бір¬неше сауалдар қойып, күнделікті кездесетін кем¬ші¬лік¬тер айтылды. 
– Жолақысын көтеруге байланысты ұсынысымызды қалалық мәслихат қарайды. Ал ха¬лыққа қызмет көрсету сапасын көтеру бағытында өз тарапымыздан тұрақты жұмыстар жүргізілетін болады, – дейді серіктестік директоры.
Ғ.ӘБІЛДА.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз