ЖОЛДАУ ЖӘНЕ ЕЛ ҮНІ

59

0

ЖОЛДАУ ЖӘНЕ ЕЛ ҮНІЕҢБЕК ЕРІНІҢ ҰЖЫМЫ ҮШІН ЕРЕКШЕ КҮН
Қазақстан дамуында агроөнеркәсіп саласының алатын орны ерекше. Ұлан-ғайыр даламызда ауыл шаруашылығын өркендетуге барлық мүмкіндік бар. Қазіргі таңда біз мүмкіндіктерді тиімді пайдалана отырып, бұл жөнінен әлемдегі озық елдердің қатарына қосылуға әбден болады. Осы мақсатта Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаев айрықша қамқорлық көрсетіп, елдегі шаруаларды қолдап келеді. Жыл сайынғы халыққа арнаған Жолдауында аталмыш мәселелерге тоқталып, сол бағытта жасалатын жұмыстар барысын нақтылап береді. 
Кеше, 17 қаңтарда жасаған Жолдауында Мемлекет басшысы ауыл шаруашылығы саласын дамыту бағытында атқарылатын міндеттерді атап өтті. Онда агроөнеркәсіпте бизнесті дамытуға, жерді тиімді пайдалануға кедергі келтіретін барлық тосқауылды жою қажеттігі тиісті орындарға міндеттелді. Расында, бұл салаға айрықша қамқорлық қажет. Тұрғындардың  күнкөріс көзі егін егіп, мал өсіру екені белгілі. Ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдеу ісі де басты назарда болады. 
Сондай-ақ, Жолдауда Қазақстан ет өнімдерінің және жерімізде өсетін басқа да өнімдердің өңірлік экспорттаушысына айналу қажеттігіне назар аударылды. Қазақ даласының кеңдігі және оның құнарлығына байланысты талай дақыл түрлерін егіп, одан мол өнімге негіз қалауға болады. Әрине, бұл бағытта жергілікті шаруаларды қолдау елдегі ағайынның еңсесін жазуға оң ықпалын тигізеді. Бұл жөнінде Мемлекет басшысы «Жерді тиімді пайдалануға, фермерлік кооперациялар үдерісіне кедергі келтіретін тосқауылдарды алып тастау керек. Болашақ – жаңа өңдеу өнеркәсібі желілерін құруда. Ең бастысы – шағын және орта бизнес үлгісінде» деп атап көрсетті. Елбасымыз фермерлер делдалсыз өткізу нарығына ұзақ мерзімді қаржыландыруға тікелей қол жеткізуі тиіс екенін айтып өтті. Сондай-ақ, ауыл шаруашылығы тауарларын өндірушілердің кепілдендірілген займдарының тиімді жүйесін құру да маңызды мәселе екеніне тоқталды. 
Сыр өңірі жұртшылығының басым бөлігі ауылдық елді мекендерде тұратынын ескерсек, біздің аймақ үшін бұл мәселелер өте өзекті саналады. Соңғы жылдарда облыстың ауыл шаруашылығы саласын дамытуға өз деңгейінде мән берілуде. Былтыр күрішке берілетін субсидия көлемі гектарына 25 мың теңгеге көтерілді. Аймақта күріш консорциумы құрылды. Мал тұқымын асылдандыруға көңіл бөлінуде. Осындай қолдаулар нәтижесінде өткен жылы облыс диқандары рекордтық көрсеткішке қол жеткізіп, күріштің әр гектарынан 48,8 центнерден өнім жинады. Бұл қамқорлықтар елдің әлеуметтік жағдайын жақсартуға өз септігін тигізеді.
Сыр диқандары Елбасының Жолдауын қызу қолдауда.
Абзал ЕРАЛИЕВ,  
Қазақстанның Еңбек Ері.    
***
ЖОЛДАУ ЖӘНЕ ЕЛ ҮНІ«Қазақстандық жол – 2050: Бір мақсат, бір мүдде, бір болашақ» атты Жолдауды Еңбек Ері А.Ералиев бастаған диқан қауымы зор ықыласпен тыңдап, ел мен халықтың болашағына бағытталған жоспарларға қолдау білдірді. Әсіресе, оларды ауылшаруашылық жерлеріне инвестиция тарту мен жаңа технологияны пайдалану үрдісі қатты қызықтырды. Сала мамандары Елбасы айтқан, шөлге төзімді гендік-модификацияландырылған дәнді-дақылдарды жасақтау шын мәнінде отандық өнімнің бәсекеге қабілетті ететініне сенеді.
– Елбасының Жолдауын ұжым болып, аса зейін қойып тыңдадық. Ауылшаруашылық саласындағы алға қойылған міндеттер қазірдің өзінде қолға алынып жатыр. Біз Жолдауда айтылған барлық іс-шараларды қуаттаймыз. Оны іске асыруға дайынбыз», – дейді «Абзал және К” серіктестігінің қызметкері Азамат Жалғасұлы.
Тәуелсіздік жылдарында Сыр бойынан шыққан тұңғыш Еңбек Ерінің ұжымы Жолдауды қызу қолдап, оның жаңа биіктерге жігерілендіретінін айтады. Еліміздің алдағы алар биігін белгілеген Жолдау жария етілген күн Еңбек Ері бастаған ұжым үшін ерекше күн болды.
Нұрбек Дәуренбеков.
ЖАСТАР ЖОЛДАУҒА ҚОЛДАУ БІЛДІРДІ
Елбасы Жолдауын кеше Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінің №5 жатақханасында оқытушылар мен студенттер зор ықыласпен зейін сала тыңдады. Мемлекет басшысының Қазақстан дамуының кемел келешегін сараптаған Жолдауына үлкен қолдау білдірді. 
Үстіміздегі жылы да халықтың әл-ауқатын жақсарту мақсатында сан алуан жұмыстар қолға алынатынына бас назар аударылды. Президентіміз қай салада да ауқымды шаралардың жүзеге асатынын тілге тиек етті. Оның ішінде білім саласы да бар. 
Студенттер жатақханасындағы шара барысында оған қатысушылар осы жағына баса назар аударды. Университет проректоры Абай Жүнісов «Елбасымыз өз Жолдауында «Қазақ тілі бүгінде ғылым мен білімнің, интернеттің тіліне айналды» деп атап өткенін жеткізді.
Ал жоғары оқу орнының технологиялық машиналар мен жабдықтар мамандығының магистрі Олжас Жұбанов 2016 жылдан бастап студенттер шәкіртақысының артатынына ризашылылығын білдірді. Оның ішінде жоғары үлгерімді студенттерді қолдаудың тиімді жүйесін құра отырып, шәкіртақы көлемін 25 пайызға арттыру оқуға зерек жастарды қолдау болып табылады. Осындай жылы лебізін құқықтану мамандығы бойынша 3-курс студенті Абылайхан Сабанбаев та жеткізді. Оның айтуынша, Елбасының қолдауымен жылма-жыл білім саласын жақсартуға көңіл бөлініп, жастарды қолдауға зор мән беріліп келеді. 
Ә.ТҰРСЫНБЕКҰЛЫ.

МӘҢГІЛІК ЕЛ ЖОЛЫНДА
Қазақстан Республикасы тәуелсіздік алған жиырма үш жылдың ішінде экономикасы қарқынды дамыған, рухани дүниесі берік орныққан, саяси бағдары айқындалған, өркениеттік демократиялық жолмен дамып келе жатқан жасампаз мемлекеттің іргесін қалады. 
Қазақстан  Республикасының тұрақты және өркениетті дамуына серпін берген Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың 1997 жылы қабылданған  «Қазақстан-2030»  стратегиялық даму бағдарламасынан кейінгі биылғы 18-ші Жолдауының маңызы өте ерекше.
Елбасымыздың «Қазақстандық жол-2050: Бір мақсат, бір мүдде, бір болашақ» атты Жолдауынан қоғамдық дамудың экономикалық, әлеуметтік, рухани  байланысының негізі  көрініп тұрғандай. 
Жолдауда Елбасымыз Үкіметке 2014 жылдан бастап еліміздің әлемнің дамыған 30 елі қатарына енуінің негізгі 15 бағыты бойынша нақты тапсырмалар жүктеді. Бұл бағыттардың барлығы да уақыт талабымен үндескен, өте маңызды, сонда да елімізде жалпы ішкі өнім көлемінің өсімін 4 пайыздан түсірмеу, жан басына шаққандағы жалпы ішкі өнім көлемін 13 мыңнан 60 мың долларға дейін, яғни 4,5 есеге арттыру,  ғылымды қаржыландыру өсімін жалпы ішкі өнімнің 3 пайыздық деңгейінен төмендетпеу, қазақстандықтардың өмір сүру жасын ұлғайту, алдыңғы қатарлы және бәсекеге қабілетті ұлттық білім беру жүйесін қалыптастыру міндеттерінің маңызын ерекше атап өткім келеді. 
2050 жылға қарай ғылымға бөлінетін қаржы еліміз ІЖӨ көлемінің 3%-н құрайтын болса, бұл өте үлкен қаржы, сондықтан отандық ғылым өндіріс өнімдерінің құнын арзандатып, өндірілетін тауарлардың сапасын арттыратын болады.
Елбасымыздың «университеттердің дербестігін қамтамасыз ету керек» деген ойы жоғары білім саласы үшін өте маңызды. Бұл орайда еліміздің жоғары оқу орындары өз мәселелерін дербес шешіп, «Қазақстан-2050» стратегиясы аясында алға қойған міндеттерін жүзеге асырып, академиялық еркіндікті айқындайтын болады.
Алдағы үш жыл ішінде еліміздің мектептерінде орын тапшылығы мәселесінің толық шешімін табатыны, 2016 жылдың 1 қаңтарынан бастап білім алушылардың стипендия көлемінің 25 пайызға көбейетіні барша жас ұрпақ өкілдерімен қатар, педагогтар қауымын қуантып отыр.
Салауатты өмір салтын және медициналық-технологиялық дамудың арқасында қазақстандықтардың өмір сапасын арттыру, сол арқылы өмір сүру жасын 80 жасқа дейін ұзарту мемлекет тарапынан жүргізіліп отырған әлеуметтік-экономикалық бағдарламалардың жасампаздығына көз жеткізіп келеді. 
Бүгінгі күні елімізде инновациялық жобаларды дамыту, жүзеге асыру – өзекті мәселеге айналды. Осыған байланысты баламалы энергия көздерін пайдалану, оны өмірге енгізу жұмыстары нақты қолға алынуда. Жолдауда елімізде мобильді және мультимедиялық, нано және космостық технологиялар, роботтық техника саласын, гендік инженерияны дамыту, болашақтың энергиясын жасау міндеті өмірлік маңызы зор міндет ретінде ерекше атап өтілді.
Мұндай күш-қуатымыздың салмақтылығы бізге бәсекелестік артықшылық мүмкіндігін бере отырып, елімізді жаһандық экономикаға еркін кірігуге жағдай  жасайтын болады. 
Жолдауда көрсетілген маңызды идеяның бірі Елбасымыз  «Мәңгілік ел» болудың 7 басымдығын атап көрсетті. Бұл жасампаз идея біздің ортақ тағдырмен, жалпықазақстандық шаңырақтың ұлттық идеясы аясында ел болашағының іргетасы мен барша қазақстандықтарды біріктіретін басты құндылық екендігі ақиқатқа айналған шындық.
Биылғы Жолдауда белгіленген басым бағыттар мен міндеттерді жүзеге асыру, еліміздің баянды болашағы жолында аянбай бірлесе еңбек ету, еңбектің берекелі зейнетін көру бүгінгі күні әрбір қазақстандық азаматтың қасиетті парызы болып қала бермек. 
Алаштың анасы атанған қасиетті Сыр өңіріндегі іргелі оқу орны Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінің ұжымы Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың биылғы «Қазақстандық жол – 2050: Бір мақсат, бір мүдде, бір болашақ» атты Жолдауын Қазақстанның әлемдегі дамыған 30 елдің қатарына енудегі ұлттық стратегияның даму жолдарының, қазақстандықтардың өмір сүру деңгейлерінің және экономикалық сапаның қалыптасуына зор серпін беретін өз уақытының өскелең құжаты деп қабылдайды.  
Қ.Бисенов.
техника ғылымдарының докторы,  профессор, Қорқыт ата атындағы ҚМУ ректоры.
***
ҚАЛА – ҚАЗАҚТЫҢ ҚАНАТЫ
Кеше Қазақстан Президенті өзінің халыққа арнаған 18-ші Жолдауын жария етті.
Осыған дейінгі Жолдауда 2050-жылға дейінгі стратегиялық бағыттар айқындалса, енді осы стратегияның жүзеге асырылу тетіктері көрсетілді. Мысалы, айтылған мерзімге дейін жеті бесжылдық болса, осы әрбір бесжылдықта жаңа инновациялық идеялар іске асатын болады.
Біздің еліміздің қазба байлығы қазір пайдаланып отырғанымыздан 5-6 есеге көп, осыған орай геологияны дамыту маңызды. Сондай-ақ, ауыл шаруашылығына жаңа технологияларды енгізудің күн өткен сайын қажеттілігі сезілуде. Сондықтан жалпы ішкі өнімнің 3 пайызы ғылымды дамытуға жұмсалмақ. Жолдаудағы тағы бір маңызды мәселе –Қазақстандағы қала халқының санын 70%-ға жеткізу. Бұл үшін оңтүстіктен – Шымкент, батыстан Ақтөбе қалаларының айналасын дамыту, оларды ірі мегаполиске айналдыру міндеті тұр.
Қазақстанда уран өндірісі жоғары деңгейде, атом-электр стансасын салу қажет. Президент осы мәселелердің әрбірі жайында Yкіметке нақты тапсырмалар жүктеді.
Мұнымен қатар, көліктік логистиканы дамыту, ішкі өнімнің 60%-ын шағын, орта бизнестен құрау мәселелері қамтылды. Шағын, орта бизнеске келтірілетін кедергілерді алып тастау, шикізаттық емес өнімдердің өзін 70%-ға жеткізу, әлеуметтік сала қызметкерлерінің, студенттердің, мемлекеттік жәрдемақыларды өсіру – осының бәрі биылғы Жолдаудың негізгі өзегі.
Жолдаудың ең басты ерекшелігі, ұлттық идея туралы сөздің айтылуы. Біз кімбіз, қайда барамыз? Біз – қазақ еліміз, Қазақстан халқын мәңгі ел идеясына, қазақ тілінің айналасына топтастыруымыз керек. Бұл – Елбасымыздың ертеңгі күнге деген көреген саясаты. Мұны біздің ата-бабаларымыз сан ғасыр бойы асқақ арманымен тербеткен еді. Оны жүзеге асыру – бүгінгі күннің ұрпағына бұйырған бақыт.
Мұрат БАҚТИЯРҰЛЫ,
ҚР Парламенті Сенатының депутаты.

ЖАСАМПАЗДЫҚ ЖАРШЫСЫ
Жылқы жылы жағымды жаңалықпен есік ашты. Олай деуіміздің мәнісі бар. Бұл – Президентіміз  Нұрсұлтан Назарбаевтың халыққа арнаған дәстүрлі Жолдауы болатын. Елбасымыздың әрбір Жолдауынан жалпақ жұрттың игілікті қадам, асқақ бастамалар, үкілі үміт күтетіне көзіміз қаныққаны рас. Әрі сол үміттері қапысыз ақталып та жүр. Бұл жолы да солай болды. 
«Мәңгілік  Ел – ата-бабаларымыздың сан мың жылдан бергі асыл арманы. «Қазақстан – 2050» Мәңгілік Елге бастайтын ең абыройлы, ең мәртебелі жол» деген Президентімізің лебізінен зор әсер алдым. Қазақтың «Армансыз адам қанатсыз құспен тең» деген даналығы бар. Біздің ата-бабаларымыздың басты арманы Тәуелсіздік болғанын ешкім жоққа шығара алмайды. 
«Білікті мыңды жығарын» өмірдің өзі дәлелдеуде. Өркениетті елдердің қатарына енуді мұраттаған біздің елімізде білім алу жолға қойылған. Президентіміздің 2016 жылдан бастап студенттердің шәкіртақысын арттыру, жастардың орта техникалық білім алуын мемлекеттік кепілдендірілген жүйеге көшіруді қарастыру қажет деген тапсырмасы өскелең буынға деген әкелік қамқорлық десек, жарасымды. Сондай-ақ, Жолдауда Елбасымыздың «Қазақстан геологиялық барлау саласында әлемдік нарыққа шығуы, мұнай мен газ өндірудің мүмкіндігін айқындауы керек» деуі көпшіліктің көкейіндегісін дөп басты. 
Не істеу керек? Жұмыр әлемді осындай сауал билеген тұста Ұлт көшбасшысы Нұрсұлтан Назарбаев біздің еліміздің болашағын  дәл көрсетіп берді. Оған Жолдаудағы «Әлемнің дамыған 30 елінің қатарына қосылудағы ұмтылысымызды екі кезең арқылы жүзеге асыру қажет. І кезең 2030 жылға дейінгі кезеңді қамтиды. Онда ХХІ ғасыр «мүмкіндіктер көзін» пайдаланып жаңғырту серпілісін жасау керек» деген сөздер дәлел. Өркениет  көшіне аршынды қадаммен алға басқан елімізде бұған толық сенім қаланған. Бұндай ахуал біздің Сыр өңіріне де тән. Шағын және орта бизнесті дамыту Президентіміздің қашанда тұрақты назарында. Кәсіпкерлерге түрлі жеңілдіктер жасалып, қаржылай қолдау көрсетілуі кәсіп иелерінің өз ісіне деген сенімін нығайта түсуде. 
Мені әсіресе Жолдаудағы ауыл шаруашылығында бизнесті дамыту, жерді тиімді пайдалануға кедергі келтіретін тосқауылдарды жою, Қазақстанның агроөнеркәсіп кешенінің инновациялық бағытқа көшуін қамтамасыз ету жайы қатты толғандырды. Ауылдың гүлденуі – Қазақстанның гүлденуі. Олай болса, дала перзенттерінің тұрмыс-тіршілігі мұнан да гөрі жақсара түсеріне дау жоқ.
Самұрат Имандосов,
облыстық мәслихат депутаты, «Рза» АҚ-ның президенті.
Қазалы ауданы.

БАЙЛЫҒЫМЫЗ – БЕРЕКЕМІЗ
«Қазақ елінің ұлттық идеясы қандай болуы керек?» деген сауалға Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаев өзінің кешегі күнгі халыққа жолдаған Жолдауын жариялаған кезде толымды жауап берді. Ол – Мәңгілік ел идеясы. Болашағымыздың бағдары, мәңгілік мұраттарымыздың, мақсаттарымыздың түйіскен нүктесі. Яғни, ұлтты ұйыстырып, армандарды ақиқатқа айналдыратын тірек. «Тәуелсіздікке қол жеткізгеннен гөрі, оны ұстап тұру әлдеқайда қиын» деп атап көрсетті өз Жолдауында Елбасы. Айна қатесі жоқ ақиқат сөз. Анық солай екендігін  өзімнің азды-көпті мемлекеттік қызметте жүрген кезімнен білемін. 
Еліміз тәуелсіздік алған алғашқы жылдары Шиелі аудандық ішкі саясат бөлімінің басшысы, аудан әкімінің орынбасары лауазымдарын атқардым, сол кездегі жағдайлар әлі күнге көз алдымда, мұғалім, дәрігерлердің айлықтары алты айлап өтелінбеді, зейнетақылар төленбеді. Әлеуметтік ахуал тіптен төмен еді ғой, міне, араға он-он бес жыл салып, сол қиыншылықтардың бәрі ұмыт болғандай, адамдар қазір тұрмыстық жағдайды емес, ауқымды нәрселерді сөз етіседі, өздерінің шама-шарқынша елінің дамуына атсалысқысы келеді. Оған қолдағы бар мүмкіншіліктер ашылып, жағдайлар жасалынып келе жатқандығын көріп отырмыз. 
Мемлекет басшысы өзінің Үкіметке берген тапсырмасында әлемдегі озық 30 елдің қатарына ену үшін жерасты байлығын өндірудің тың жолдарын қарастыруды тапсырды. Құнды байлықты өндірумен қатар, оны өңдеу барысында да жаңа ізденістер, жаңа технологияның қажеттігін атап көрсетті. Геологиялық барлау жұмыстары да осыған сай тиімді болуы тиіс. Осы қадамдардың алғышарттары өзім қызмет істейтін «Қазатомөнеркәсібі» АҚ-да расында белгілі мөлшерде атқарылып келеді. Демек, Президентіміздің биылғы Жолдауы мүмкін нәрселерді қамтамасыз ету жолындағы басты құжат болып табылады. Оған атсалысу – барлығымыздың міндетіміз. Біз – мәртебелі жолдың жолаушыларымыз. 
Нәйла ПАЛЫМБЕТ, 
«Шиелі- Демеу» ЖШС төрайымы, 
Шиелі аудандық мәслихат депутаты.
ҰЛТТЫҚ ИДЕЯ ҰЛЫ МАҚСАТТАРҒА ЖЕТЕЛЕЙДІ
Елбасының жыл сайынғы Жолдауы еліміздің жақын болашақтағы даму сипатын айқындайтын болғандықтан, халқымыз одан игіліктер мен жаңалықтар күтеді. Биылғы Жолдауда Мемлекет басшысы қоғамдағы ең талқылаулы тақырыптардың бірі – «Қазақ елінің ұлттық идеясы қандай болуы керек?” деген сұраққа толыққанды жауап берді. «Біз үшін болашағымызға бағдар ететін, ұлтты ұйыстыра ұлы мақсаттарға жетелейтін идея бар. Ол – Мәңгілік Ел идеясы», – деп атап өтті. 
Тәуелсіз ел болып, ата-бабалар арманы ақиқатқа айналған тұста бізге алауыздықтың құрбаны болып, жер бетінен  жойылып кеткен ұлттардың басынан өткен тағдыры сабақ болуы тиіс. Туған тілімізге қатысты мәселе де жылдар бойы айтылып келеді.  Осы жолы Президенттің  «Енді ешкім өзгерте алмайтын бір ақиқат бар! Ана тіліміз Мәңгілік Елімізбен бірге Мәңгілік тіл болды. Қазақ тілін даудың тақырыбы емес, ұлттың ұйытқысы ете білгеніміз жөн» деген сөзі қазақ тілінің мерейін үстем ете түседі деп ойлаймын. Қазақылықтың қаймағы бұзылмаған Сыр бойында өзге ұлттардың мемлекеттік тілді меңгеруі өте жоғары деңгейде. Бұл үрдіс тілегі бір туыстас ұлттарға үлгі болып, біздің ана тіліміз қазақстандықтардың басын біріктіретін  факторға айналады. 
Жолдауда шағын және орта бизнесті дамыту тәуелсіз еліміздің өркендеуіне негіз болатыны баса айтылды. Экономиканы шикізатқа тәуелділіктен арылтудың бірден-бір жолы осы болып отыр. Әлемдік тәжірибеден байқағанымыздай, қызмет көрсету саласының, ауыл шаруашылығы мен өндірістің даму қарқыны өскен сайын халықтың әлеуеті де арта түседі. Әр әулетте шағын шаруашылық жұмыс істеп тұрса, бұл отбасы мүшелерінің ортақ игілігі.     
Дүниежүзілік Банктің зерттеулеріне қарағанда, соңғы жылдары салалық инвестицияның көлемі ұлғайып келеді. Ауыл шаруашылығын өркендетуге арналған мемлекеттік бағдарламалардың барлық тетігі іске қосылмағаны белгілі. Елбасының «ауыл шаруашылығында бизнесті дамытуға, жерді тиімді пайдалануға кедергі келтіретін барлық тосқауылды жою қажет” деп тапсырма беруі қағазбастылық пен әкімшілік кедергілерді қысқартады.   
Абзал МҰХИМОВ,
«Нұр Отан” партиясы облыстық филиалы  төрағасының орынбасары. 
**
КЕЛЕШЕКТІҢ КЕМЕЛ БАҒЫТЫ
Елбасымыз биылғы жылғы «Қазақстан жолы – 2050: Бір мақсат, бір мүдде, бір болашақ» атты Жолдауында еліміздің рухын көтеретін, ұлы мақсаттарға жеткізетін «Мәңгілік Ел» ұлттық идеясын ұсынуы қазақстандықтарды қуаныш құшағына кенелтіп отыр. Демек, еліміз әлемге әйгілі 30 елдің қатарынан орнықты орнын алуы үшін соны серпін жасалмақ.
Елбасымыз Жолдауында еліміздің келешегі – жастар білімі мен тәрбиесіне ерекше назар аударуы біздің көкейіміздегі толғақты сауалдарды дөп басып отыр. Елбасымыз жастардың орта техникалық  білім алуының мемлекетпен кепілдендірілген жүйесіне көшіруді мәлім етті. Яғни, алдағы 2-3 жылда дуальді техникалық кәсіби білім берудегі ұлттық жүйенің өзегі қалыптастырылмақ. Осыған байланысты Мемлекет басшысы Үкіметке биылғы жылдың 1 маусымына дейін нақты ұсыныстарды енгізуді тапсырды.
Жолдауда жастарды қолдауға бағытталған шараның бірі – 2016 жылдан бастап стипендия көлемі көбеюі. Елбасының бұл қамқорлығы жастарды қанаттандырып, білім бәсекесінде алда болуға жетелейді.
Елбасымыздың Жолдауына орай тағы бір айтпағым, қазақ тіліне қатысты мәселе. Бүгінде біздің ана тіліміз ғылым мен білімнің, интернеттің тіліне айналған.
«Енді ешкім өзгерте алмайтын бір ақиқат бар. Ана тіліміз Мәңгілік Елімізбен бірге Мәңгілік Тіл болады. Бұл мәселені даудың тақырыбы емес, ұлттың ұйтқысы ете білгеніміз жөн. Біздің тіліміз мемлекеттің барлық жүйесінде қолданылуы үшін, барлық жерде керек болуы үшін біз өзімізді-өзіміз қамшылауымыз керек» деген Елбасымыздың түйінді сөзі тектен-тек айтылмаса керек. Ендеше біздер, жастар, Жолдауда қойылған талаптарды орындау мақсатында жастық жігерімізбен еңбек ететін боламыз. Өйткені, Еліміздің ертеңі – жастардың қолында.
Нариман АХМЕТОВ,
«Жас Отан» жастар қанатының Жалағаш аудандық атқарушы хатшысы.
ХАЛЫҚ ДЕНСАУЛЫҒЫНА ҚАМҚОРЛЫҚ
Барша отандастарымыз тәрізді Президентіміз Нұрсұлтан Назарбаевтың халыққа арнаған дәстүрлі Жолдауын мен де тағатсыздана күткен едім. Жолдаудағы қалың қауымның көңілінен табылып, жанына шуақ сепкен мәлімдемелерге қатты қуандым. 
Мен – дәрігермін. Мамандығыма байланысты айтылған ой-пікірлерді жинақтау, түйіндеу – кәсіби міндетім. Жолдаудағы «Саламатты өмір салтын ұстану және медициналық, кадрлық-технологиялық дамыту қазақстандықтардың өмір жасын 80 жылға дейін ұзартады. Қазақстан медициналық туризм саласы бойынша еуразиялық орталықтардың біріне айналады» деген сөздер мені ерекше қанаттандырды. Әсіресе бұл Арал өңірінің жұртшылығы үшін айрықша мәнді.
Елімізде бұл мақсатқа жету жолында қазірдің өзінде ұлан-ғайыр жұмыстар атқарылуда. Аймақта өткен жылы ондаған денсаулық сақтау нысандары салынды.
Медицина мекемелері заманауи жабдықтармен жабдықталды. Облыс дәрігерлері  бұрын шетелде жасалатын күрделі оталарды игерді, тұрғындардың медициналық қызметке қолжетімділігі артты. Мұның бәрі халық денсаулығына қанатты қамқорлық.
Тағы бір сүйсінерлігі, Жолдауда «2015 жылдың 1 шілдесінен бастап азаматтық қызметкерлердің еңбекақысын төлеудің жаңа моделі енгізіледі. Ол денсаулық сақтау саласы қызметкерлерінің жалақысын 28 пайызға, білім саласы қызметкерлерінінің – 29 пайызға, әлеуметтік қорғау саласы қызметкерлерінің еңбекақысын 40 пайызға дейін көтеруге мүмкіндік береді» деп айтылды.
Сондай-ақ Жолдаудағы «Біз  1200 шақырымға созылған «Жезқазған-Шалқар-Бейнеу»  теміржолын жүргізудеміз. Ол еліміздің Батысы мен Шығысын тікелей байланыстырып, көптеген аудандардың тұрмыс-тірішілігінің жақсаруына әсер етеді» деген сөздердің біздің Сыр өңіріне де тікелей қатысы бар. Теміржол құрылысы жүргізілген сәттен бастап Арал ауданы да игіліктің жемісін көруде. Аралдықтар Елбасымыздың сара саясатын қолдап, Жолдауға іспен жауап беретін болады. 
Арғынбай АСАНБАЕВ,
Арал аудандық ауруханасының бас дәрігері, аудандық мәслихат депутаты.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз