ЖОЛДАҒЫ ЖОҒАЛТУ немесе асығыстық қайда апарады?

130

0

 
Жыл сайын көлік апатынан әлем жолдарында 1,25 миллион адам табады. Көз жұматындардың көбі – 15 пен 29 жас аралығында. 180 мемлекеттің есебін електен өткізген Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы осылай дабыл қағып отыр. Оған тағы 25-50 миллион адам денсаулығынан айырылатынын қосыңыз.
Былтыр күзде елге келгенінде БҰҰ-ның Жол қозғалысы қауіпсіздігі бойынша арнайы уәкілі Жан Тодт: «Қазір әлем бойынша жол апатынан қаза тапқан адамдар саны төбе шашыңды тік тұрғызады. 16 миллион халқы
бар Қазақстан үшін жыл сайын жол апатынан 4 мыңға жуық адамның бақилық болуы – сұмдық көрсеткіш. Мұндағы жол-көлік оқиғасынан бо­латын өлім-жітім Франциядағы 40 жыл бұрынғы көрсеткішпен тең», – де­
ген еді. Мамандардың айтуынша, республика жолдарында қаза тапқандар саны Сирия мен Ауғанстандағы соғыс құрбандарымен теңесуге шақ тұр.  
Ішкі істер министрлігінің мәліметінше, 2017 жылдың алғашқы тоқсанында 3 мыңнан астам жол апаты тіркелді. Ол 295 адамның өмірін жалмап, 4 мың адамның денсаулығына нұқсан келтірді. Дегенмен, соңғы 5 жылда жағдай оңалғанға ұқсайды. Көрсеткіш ақырындап төмендеп келеді. Өткен жылы 17 мыңнан астам жол апатының кесірінен 2 390 адам қаза тауып, 23 мыңнан астам адам жарақат алған. Төмендеу тенденциясы біздің өңірде де байқалады. Облыстық ІІД Жергілікті полиция қызметінің дерегіне сүйенсек, биыл 3 айда 62 жол- көлік оқиғасы тіркелді. Бұл өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 4,6 пайызға аз. Қайтыс болғандар саны – 11,8, жарақат алғандар саны 8 пайызға қысқарды. Әңгіме адамның тағдыры жайында болған соң бұл арқаны кеңге салатын жағдай емес. Бірі әкесін, бірі баласын, бірі ана­сын, ендігісі тағы бір жақынын жұмыстан, не оқудан келеді деп күтіп отырғанда қаралы хабар алу кім-кімнің де қабырғасын қайыстырады. Тас жолдағы трагедия талайдың тағдырын талқандады. Талайдың көз жасын көлдетті. Талайды арбаға таңып қойды. «Апат айтып келмейді». Алайда, соған өзіміз – адамдар себеп бола­тынымызды қайда қоямыз?! Мамандар жолдағы қайғылы жағдайлардың басты себебін жүргізушілердің жүгенсіздігімен байланыстырады. Бәрі баратын жеріне тез жетсем дейді. Бірін-бірі басып озғысы келеді. Одан кейінгіні ойланып та жатпайды. Жердің шаңын төбесіне көтерген «Шума­херлер» бәрі болып, бояуы сіңгесін ғана тәубесіне келеді. Бірақ бұл кімге керек?! Кейбір маршруттың жолаушыларына дейін иманын үйіріп оты­рады. Алдыңғысын қуып жетуге, артында келе жатқанды шаң қаптыруға асығатын жүргізушілерге тұсау салынбай тұр. Осы 3 айда қызылордалық қоғамдық көлік жүргізушілері 578 құқықбұзушылық жасаса, соның 33-де жылдамдықты шектен тыс асырып, 63 жағдайда маневр ережесін бұзған. 
Күні кеше Қызылорда қаласындағы жеке балабақшаға тиесілі «Га­зель» аударылып, төрт бала жарақат алды. Ең сорақысы сол, 13 орын­ды көлікке қосымша орындықтар қойып, 21 баланы тасып жүріпті. Сөйтіп, заңды белден басқан. Осыдан кейін құзырлы орган күшіне мінді. Облыстық ІІД Жергілікті полиция қызметінің бастығы Бауыржан Ибра­ев орта сыйымдылықтағы көлік жүргізушілеріне талап күшейетінін
мәлімдеді. «Биыл 5 айда көлік апаты азайғанымен, қоғамдық жол тасы­малы автокөліктеріндегі апат 33,3 пайызды көрсетіп, төмендемей тұр. Мұндай сыйымдылықтағы көліктер жылына екі мәрте тексеруден өтуі
тиіс. Бірақ көбі жалған құжаттарды сатып алып, техникалық тексерістен өткісі жоқ. Балалар тасымалына  алынатын жүргізушілердің бесжылдық өтілі, «Д» категориясы, соттылығы және денсаулығында кінәраты жоқ бо­луы тиіс», – дейді ол. 
«Шумахер» жүргізушілер мынаны қаперге алғаны дұрыс сияқты: ма­мандар максималды жылдамдықты 5 пайызға азайтқан жағдайда адам шығыны 30 пайызға кемитінін айтады. Алдыңғы орындықта қауіпсіздік
белдігін қолдану адам шығынын – 50 пайызға, артқы орындықта қауіпсіздік белдігін тағу 75 пайызға азайтады. Балаларға арналған қауіпсіздік құрылғылары бүлдіршіндердің жол апатынан қаза табу көрсеткішін 54- 80 пайызға дейін төмендете алады. Жол-көлік оқиғасы жүргізушілердің жол ережелерін мұқият сақтамауынан, сонымен қатар ішімдік ішіп жолға шығудан және жаяу жүргіншілердің рұқсат етілмеген жерден өтуінен бо­лады. Өткен жылы еліміз бойынша белгіленбеген жерден өткен 182 274 адамға 5 айлық есептік көрсеткіш көлемінде айыппұл салынды. Оның үстіне, құлаққап тағып алып жүретіндерге жол үстінде қауіп жоғары. Қарағандыда гаджеттен көз алмаған жасөспірімді автобус қағып кеткені – бір ғана мысал. Бозбала автожолдың белгіленбеген тұсын кесіп өтпек болғанда көлік тізгіншісі тежегішті басып үлгермей қалған. 
Кейбір шет мемлекеттерде жолда жүру мәдениеті әбден қалыптасқан. Жол сапасы жөнінен алдыңғы  қатардағы Ұлыбритания жолда мерт болғандардың саны жөнінен ең төменгі орында. Жаяу жүргіншілерді көлік қағып кету оқиғасы соңғы 40 жылда 78 пайызға азайған. Бұл елде көлік ай­дап отырып темекі шегуге, тамақ ішуге тыйым салынған. Көлігі көп АҚШ-та да жағдай тұрақты көрінеді. Алпауыт мемлекеттің барлық штатында ұялы телефон ұстап көлік айдауға болмайды. Талап бұзған жүргізушілерді көрген-білген адам полицияға хабарлай алады. Қазақстанда жол ережесі жоқ емес. Тек соны сақтауға, сыйлауға құ­лық төмен. Ақпарат құралдарының «аударылып кетті», «қағып кетті», «соқтығысып қалды» деп күнде шулайтыны содан. Өткенде әлеумет­ тік желіге «жүргізуші куәлігін сатып алдым» деп жариялаған алматы­лық қыздың жазбасын бүкіл БАҚ іліп әкетті. Бойжеткен одан кейін «түбіртектегі төлеммен шатастырыппын» деп бір ақталды. Не болса да, бұл дүйім елді дүрліктірді. Жүргізуші куәлігінің сатылатыны туралы алып-қашпа сөзді растағандай. ІІМ-нің өзі солай деп отыр. 7kun.kz сай­ тында жазылғандай, соңғы 2 жылда министрліктің территориалды тіркеу- сынақ бөлімшелерінде куәлікті заңсыз берудің 7 дерегі тіркелді. Оның 1-і – 2015 жылы Солтүстік Қазақстан облысында, 4-і – былтыр Ақмола, Қарағанды, Шығыс Қазақстан және Оңтүстік Қазақстан облыстарын­ да, соңғысы осы жылы Қарағандыда тіркелді. Заңсыздықтар бойынша тиісті шаралар қолданылыпты. Облыстық полиция биылдыққа жүргізуші куәлігін сатып алу жағдайлары болмағанын алға тартты. 
«Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы» КЕ АҚ- ның облыс бойынша филиалы – «Халыққа қызмет көрсету орталығы» департаменті мамандандырылған бөлімі бастығының міндетін атқарушы
Алтынбай Мимановтың айтуынша, осы орталық ашылғалы 8 759 адам жүргізуші куәлігін алды. Соның 1 516-сы немесе 11,2 пайызы – әйелдер. Қазіргі кезде А, В санаттары үшін автомектептерде оқудың қажеті жоқ. Қалғанының барлығына және қосымша санаттары үшін шарт. Теориялық емтиханның бірінші кезеңі дальтонизмге қатысты, ал екіншісі – негізгі сұрақтар. Талапкер 40 тест сұрағының 32-не жауап берсе, емтихан­ нан өтіп, практикалық сынақ тапсырады. «Алғашқы жүргізуші куәлігін алу үшін және қосымша санаттарды қосу үшін емтихандарға 3 рет қана жіберіледі. Алғашқысынан өте алмаса, 7 күннен кейін қайта өтініш білдіре алады», – дейді А.Миманов. Орталықтың автоматтандырылған электронды алаңында ақылы қызмет көрсетіледі. Жол қозғалысы ережелерінен 40 минуттық теориялық емтихан – 500 теңге, 1 сағатқа созылатын практи­калық даярлық жүргізу емтиханының құны – 2 200 теңге.
Шағын қала болғанымен, Қызылорданың өзінде кейінгі жылдары темір тұлпар күрт көбейді. Руль тізгіндегендердің бір-бірін сыйлау, ара­ қашықтық сақтау, жалпы, көлік жүргізу мәдениеті одан жоғарылаған жоқ. Жаяу жүргіншілерге де қатысты осы әңгіме. Кейбір жолдың ойдым-ойдым күйі де кедергі. Бұлардың бәрі, айналып келгенде, адамдарды ажалдың аранына салып беріп, денсаулығынан айыруға әкеп тірейді.
Назерке САНИЯЗОВА.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз