ЖҮРЕК ЖЫЛУЫ

59

0

ЖҮРЕК ЖЫЛУЫЖаңа жыл мерекесі
қарсаңында Қызылорда қаласында облыс әкімінің қолдауымен «Мейірім –Қызылорда» қоғамдық
қоры ұйымдастырған «Жүрек жылуымен» қайырымдылық акциясы болып өтті.

Жабырқағанның жанынан табылып,
әлсізді демеу ұлттық болмысымызға тән қасиет болса, екінші жағынан әр адамның азаматтық
парызы. Қайырымдылықты, мейірімділікті тәрбиенің басты қағидаты санайтын
бабалар өнегесі уақыт өтіп, жылдар жылыстағынымен өзектілігін жоғалтпай, қайта өмірлік ұстанымымызға
айналдырған ұрпақпыз. Тәуелсіз елдің бейбіт аспанында өмір сүріп жатқан әр адам
үшін қайырымдылық ұғымының мәні тіпті зор. Жыл тоғысында аймақ басшысы бастап,
Сыр бойының 100-ге жуық кәсіпкер азаматы қостап қолға алған шараның негізі де
осында жатыр.

Тұрмысы төмен отбасыларына
қолдау көрсету мақсатында ұйымдастырылған шарада облыс әкімі Қырымбек Көшербаев
жиылғандарды Жаңа жыл мерекесімен құттықтап, акцияның маңыздылығына тоқталды.

– Жаңа жыл қарсаңында киелі
Сыр елінің бас шаһары – Қызылорда қаласында өткізіліп отырған «Жүрек жылуымен» қайырымдылық
акциясы ел азаматтарының ауызбіршілігі мен ынтымағын, мейірімділігі мен
жомарттығын көрсететін игілікті бастама деп есептеймін. Елбасы Нұрсұлтан
Әбішұлы Назарбаев «Мемлекет пен бизнес экономикалық ғана емес, әлеуметтік
мәселелерді шешуде де әріптес болуы тиіс» деген болатын. Әлеуметтік әділдік,
теңдік, өзара сыйластық пен қамқорлық туралы ниетті тек мемлекет емес,
азаматтық ортаның өзінің көтеруі – қоғамымыздың кемелденгендігін көрсетеді.
Сондықтан да, бұл құптарлық және жан-жақты қолдауға тұратын бастама. Әсіресе,
бұл – шараның Жаңа жыл мерекесі қарсаңында ұйымдастырылғаны өте жөнді деп
есептеймін. Өйткені, жаңа жылда әр отбасы бір дастархан басында жиналып, өткен
жылды қорытындылап, жаңа жылға жоспарын құрады. Сондай мерекеде, әрине, әрбір
үйде берекелі дастархан жайылып, мерекелік көңіл күй болғаны абзал.

2015 жылға Сыр өңірінің
өкпесі жоқ. Қой жылында ойдағы мақсаттарымыз негізінен орындалды деп айта
аламыз. Облысымызда биылғы жылы 11 мыңнан астам жұмыс орны ашылды. Құрылыстың
көлемі аймақта 3,5 есеге өссе, Қызылорда қаласында сегіз есеге көбейді. Ауыл
шаруашылығының барлық саласында өсіп-өну бар, елді мекендеріміз газға қосылып,
таза ауыз суға қол жеткізілді, білім, денсаулық сақтау нысандары ашылды.
Бұйырса, келесі жылы да осы қарқынды сақтаймыз деп отырмыз. Десек те,
халқымыздың барлығының бірдей көйлегі көк, тамағы тоқ деп айта алмаймыз. Ортамызда тұрмысы төмен
отбасылар, мүгедектер, жалғызбасты қарттар да бар. Мейірімге зәру осындай жандардың жанынан
табылатын, оларға қамқорлық жасай алатын адам неғұрлым көп болса, біздің ел
және қоғам соғұрлым биік болады деп ойлаймын. Осы орайда шараға атсалысқан
барлық азаматтарымызға, мемлекеттік және бизнес құрылымдары, қоғамдық ұйымдар өкілдеріне
алғыс білдіреміз. Жүректеріңіздің жылуы төңірекке нұр болып таралсын,
еңбектеріңіз жемісті болсын, Жаңа жыл құтты болсын!– деді облыс әкімі
Қ.Көшербаев.

Шарада сонымен бірге медицина
саласының ардагері Ернияз Омаров, еңбек және тыл ардагері Сәнімкүл Желдербаева
жылы лебіздерін білдіріп, ізгі шараға сәттілік тіледі. Құрылысшылар
қауымдастығының директоры Манарбек Еспенбетов жүректерге жылу сыйлайтын
қайырымдылық шарасына қашан да өз үлестерін қосуға дайын екенін жеткізіп,
акцияға облыс құрылысшыларының 5 млн теңгекөлемінде қаржылай көмек көрсеткенін айтты.

– Бүгін міне, облыс әкімінің
қолдауымен өте маңызды, ізгілікті шара өтіп жатыр. Облыс құрылысшылары
қайырымдылық шараларына қатысып, өз үлестерін қосуға әрдайым дайын. Бүгінгі
акцияға құрылысшылар 5 млн теңге көлемінде қаржы жинап беріп отыр. Біз әрдайым
мұқтаж жандарға өз көмегімізді көрсетіп келеміз,– деді М.Еспенбетов өз сөзінде.

Ал Қызылорда облысының
кәсіпкерлер палатасы Өңірлік кеңесінің төрағасы, «Best-Service LTD» ЖШС бас
директоры Асқар Махамбетов көпшілікке шарапаты мол, мәні терең шараға қай
кездеде атсалысуға дайын екенін айтып, жиылғандарға мерекелік лебізін жеткізді.

Бірінші рет өткізіліп отырған
акция аясында 1200 әлеуметтік аз қамтылған отбасына жалпы құны 7 млн теңгені
құрайтын 22 «Газель» автокөлігімен азық-түлік пен қажетті киім-кешек
үлестірілді. Онан бөлек, белгілі кәсіпкерлер мен мемлекеттік қызметкерлерден,
қоғамдық ұйым өкілдерінен шара барысында ұйымдастырылған арнайы көмек жәшігіне
3 млн теңгеге жуық қаржы жиналды.

Арнайы ұйымдастырылған
автокөліктер маңына жиыл­ғандар қарасы көп. Абыр-сабыр, қарбалас.

– Бүгінгідей қайырымдылық
акциясының өткізіліп отырғанына біз өте қуаныштымыз. Әсіресе, мереке қарсаңында
көмек көрсетіп жатқан барлық азаматтарға алғысымды айтамын. Мен өзім
отбасыммен жатақханада тұрамын.
Мүмкіндігі шектеулі кішкентай немерем бар. Әлеуметтік көмекті қажет ететін
мыңдаған отбасына қол ұшын созу шарасы дәстүрге айналатынына сенемін,– дейді
акцияға қатысушы қала тұрғыны Жанат Махамбетова.

Айта кету керек, акцияға
қатысқан мүмкіндігі шектеулі азаматтарға арнайы бекітілген автокөліктер
азық-түліктерін үйлеріне дейін жеткізіп беріп жатты.

 

Айнұр БАТТАЛОВА.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз