ЖҮЙЕЛІ ІС ЖАЛҒАСЫН ТАБАДЫ

89

0

ЖҮЙЕЛІ ІС ЖАЛҒАСЫН ТАБАДЫЕлбасы бастамасымен әкімдердің
ел алдында есеп беруі қоғамдағы ашықтықтыңкөрінісі. Кеше Шиелі ауданының әкімі Қайратбек Сәрсенбаев ел алдында есеп
беріп, оған облыс әкімі Қырымбек Көшербаев
пен ҚР Президенті Әкімшілігінің Мемлекеттік бас инспекторы Нұрлан Тілешов қатысты.

 

Осы қорытынды жиын алдында аудан әкімі Қайратбек Сәрсенбаев кент
тұрғындары мен 22 елді мекен тұрғындары алдында былтырғы жылдың еншісіндегі атқарылған
жұмыстарды саралап, алдағы міндеттерге тоқталған еді. Кешегі өткен жиында да аудан
басшысы барлық салаға жеке-жеке тоқталып, кеңінен қамтып өтті. Аудан экономикасы,
бюджеті, спорт, мәдениет, білім, денсаулық салалары, сонымен қатар, өнеркәсіп пен
кәсіпкерлік, ауыл шаруашылығы, инфрақұрылым, жол, энергетика, аудандағы абаттандыру
мен көркейту-көгалдандыру жұмыстарының да жай-жапсары кеңінен айтылды.

Ауданда соңғы 3 жылда 9 мектеп, 3 емхана, 2 ауылдық клуб пайдалануға
беріліп, 20-ға жуық елді мекеннің көшелері асфальтталған. Инвестиция тарту көрсеткіші
өзге аймақтардан көш ілгері болып тұр.

Тоғыз жолдың торабында орналасқан ауданның келешегі кемел, болашағы
баянды. Өйткені, өңдірісі өркендеген ауданға соңғы жылдары инвесторлар көптеп келуде.
Өткен жылы негізгі қорға барлығы 18 млрд 546 млн теңге инвестициялық қаржы салынды.
Бұл алдыңғы жылмен салыстырғанда 1,9 есеге артық. Өнеркәсіп орындары есепті
мерзімге 26 млрд 331 млн теңгенің өнімін өндірді. Оның ішінде өңдеу
өнеркәсібінің өнім көлемі 6 млрд 894 млн теңге болса, өткен жылдың тиісті
кезеңімен салыстырғанда нақты көлем индексімен ет өңдеу 159,2 пайызға, сүт
өңдеу 103,9 пайызға орындалған. Бүгінде
өнеркәсіп өнімінің 62 пайызын құрайтын уран өнімін өндірумен қатар құрылыс
материалдарын шығаратын кәсіпорындардың бірнеше жобалары іске асырылуда. Атап
айтсақ, Өңірлік индустрияландыру картасына құны 29 млрд 491 млн теңгенің 2
жобасы енгізілді. Сондай-ақ, былтыр «Шиелі-тас Оңтүстік» серіктестігі құны 777
млн теңгені құрайтын әктас шығаратын зауытты пайдалануға беріп, 50-ден аса жаңа
жұмыс орны ашылды. Аталған зауыт енді силикат кірпіш шығаруды қолға алып жатыр.
Ал ауыл шаруашылығы өнімін өндіруде облыс бойынша ауданның үлесі 17 пайызды
құрап отыр. «Сыбаға», «Құлан», «Алтын асық», бағдарламалары төрт түліктің
көбеюіне септігін тигізуде. Болашақта ауданның ауылшаруашылық саласына Иран
инвесторлары тартылмақшы. Олар Шиелінің құнарлы 12 мың гектар жеріне мақсары
егуге ниетті. Әлеуметтік саладағы мәселелер де кезең кезеңімен облыс әкімдігі
тарапынан шешімін тауып жатыр.

Аудан әкімі өз баяндамасында өзекті мәсе­лелерге де тоқталды.
Кенттегі «Ақорда», «Бәйтерек», «Шұғыла» және «Арай» шағын ауданының
инфрақұрылымдарын дамыту, дренаж жүйелерін қалыпқа келтіру және ауылдық
емханалардың құрылыс және жөндеу жұмыстарын жүргізу кезек күттірмейтін
мәселелер екенін жеткізді.

Баяндама соңында еңбек ардагерлері Е.Жұмаділов, Р.Мауяев,
А.Тәшімбетов сынды ел ағалары әкім жұмысына оң бағасын берді. Кездесу барысында
«Данәке» ЖШС атқарушы директоры Гүлмира Сариева аудан жұртшылығына жағымды
жаңалық жеткізді. Оның айтуынша, көктем шыға ауданда тағы бір үлкен жоба іске
қосылмақшы. Ол цемент зауытының құрылысы. Зауыт жылына 1 млн тонна цемент
өндіреді. Құрылыс жұмыстары кезінде 1200 адам жұмысқа тартылып, зауыт толық
іске қосылғанда 260 тұрақты жұмыс орны ашылатынын жеткізді.

– Шиелі ауданының бағындырған белестері, жеткен жетістіктері
ауызбіршілікпен, біркісідей жұмыла атқарған еңбектеріңіздің жемісі деп білемін.
Көріп отырғандарыңыздай, ауданда ауқымды істер мен көптеген тірліктер
атқарылған. Дегенмен де, тоқмейілсуге болмайды. Ауданның халықаралық қаржы
институттары мен мемлекеттік-жекеменшік серіктестік арқылы тығыз байланыста
жұмыс жасауына мүмкіншілік мол. Сондай-ақ, биыл өңірлік инвестициялық орталық
арқылы ауылдық жерлердегі кәсіпкерлерді қаржыландыруды 3 есеге арттырамыз. Біз
аймақ экономикасын әртараптандыруда 333 млрд теңгені құрайтын 31 жобаны
дайындап отырмыз. Бүгінде көптеген халықаралық қаржы институттары өз
қаражаттарын салуға қызығушылық танытып жатыр, – деді өз кезегінде облыс әкімі
Қырымбек Көшербаев.

Сонымен қатар, аймақ басшысы аудан әкімдігіне жаңа
индустриялық аймақтағы 3 жобаның аздығына тоқталып, уран өңдірісінде жоғары
технологиялық құрылғыларды пайдалану, кәсіпорын басшыларына жұмыс орындарын
қысқартпауды және газдандыру жұмыстарын үнемі назарда ұстауды тапсырды.

Кездесу соңында тұрғындар тарапынан қойылған сауалдардың
басым бөлігі экономикалық қиын кезеңде жұмыс орындарына және әлеуметтік
нысандардың құрылысына қатысты болды. Аймақ басшысы бұл мәселелерді мемлекеттік
бағдарламалармен қатар жеке әріптестік негізде шешу бағытында жұмыс
жалғасатынын жеткізді. Халық аудан әкімінің жыл ішіндегі атқарған жұмысына оң
бағасын берді.

 

Нұрбек
ДӘУРЕНБЕКОВ.

Шиелі ауданы.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз