ЖЫЛҚЫ БАҚҚАН БОЙЖЕТКЕН

116

0

ЖЫЛҚЫ БАҚҚАН БОЙЖЕТКЕНЖастар – қоғамның қозғаушы күші, ел ертеңі. «Жастарыңды көрсет, еліңнің ертеңін айтайын» деген екен келешегіне алаңдаған бір адамға әйгілі данагөй. Кез келген жеке тұлғаның қоғамдағы орны оның жас күнінде қалыптасып, кірпіші қаланады. Жастар –бүтіндей бір елдің тірегі.
Қай заманда да жастық жігері мен күш-қайратын сарқа жұмсайтын жігерлі жастарымызға мемлекет қолдау көрсетуде. Әсіресе, соңғы уақытта өз кәсібін ашамын деген іскер жастардың бастамаларын дамытуға арналған бағдарламалар көбеюде. Сондықтан да болар, қазір ел жастары болашаққа батыл әрі ашық көзқараспен қарайтын деңгейге жетіп отыр. Бүгінде елімізде кәсібінің нәсібін көремін деген жас кәсіп иелері үшін «Бизнестің жол картасы-2020» және «Даму старт ап» несиелендіру бағдарламалары қарқынды түрде жүзеге асырылып келеді.
Сонымен қатар, кәсіпкерлік үшін алған 14 пайыздық несиенің 7 пайызын ғана мемлекетке қайтару мүкіндігі де қарастырылған. Тек шаруамды шырғалаңға салмай дамытам деген ниетіңіз болса жетіп жатыр. 
Осындай талапты жастың бірі Ақжарма ауылдық округінің тұрғыны, жиырма екі жасар бойжеткен Алтынай Іздіқұлова. Ол өткен жылы «Жұмыспен қамту -2020 Жол картасы» бағдарламасының екінші бағыты бойынша «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» АҚ арқылы 2 млн. теңге қаржыға 8 бас жылқы малын алған. Алғашында қыз баланың мал шаруашылығымен айналысатындығы туралы естігенімізде таңғалғанымыз рас. Өйткені, бүгінде қыз балалар көбіне дәрігер, мұғалім, заңгер, кітапханашы, тәрбиеші секілді мамандықтарды таңдап жатады. Ал өз кәсібін ашатын нәзікжандылар тігін, нан өнімдерін пісіру сияқты табиғатына жақын істерді қолға алады. 
Алтынайдың именбей, бірден-ақ мал шаруашылығын дамыту мақсатында ашқан кәсібі қазіргі күні өз пайдасын беріп келеді. Атадан балаға мирас болып келе жатқан қастерлі мамандыққа Алтынайды әкесі  баулыған. Әкесі Ғажданбек, атасы Іздіқұл да кезінде еліміздің қой шаруашылығын дамытуға үлес қосқан.
Елге танымал Рабиға Іздіқұлова да осы төрт түлікті көбейтуге бар өмірін арнаған жан. Міне, осындай еңбек адамдарының отбасында дүниеге келген Алтынайдың кішкене кезінен бастап мал бағуға икемі болса керек. Отбасында он екі баланың ішіндегі қыздың кенжесі болған ол әкесіне жақын. 
– Негізінен, мен бұл істі әкемнің айтуымен бастадым. Сол кісінің дұрыс бағыт-бағдар беруінің арқасында мен өзімді жұмыссыздар санынан «сызып» тастадым. Демек, бұл менің болашағым үшін жасалған пайдалы іс. Оның жемісін де көріп келемін. Өзім бала кезімнен үйдің ішіндегі тірлігінен гөрі, сыртқы шаруасымен айналысқанды ұнатушы едім. Ер балалар секілді мал бағу, оның жем-шөбін уақытылы беру, қора тазалау сияқты жұмыстар күнделікті үйреншікті жұмысым болатын. Қазіргі күні жұмыс жасаймын деген адамға барлық жағдай жасалған. Біз секілді жастарға өз кәсібін ашуға мол мүмкіндіктер қарастырылған. Мәселен, мен алған несиемді бес жылдан кейін небәрі алты пайызбен қайтарамын. Халқымыз жылқы малын өте қастерлейді. Алайда, оның қадіріне жете алмай жүрген сияқтымыз. Бұрындары қазақтың ең кедейінің астында кем дегенде бір көкшолағы болған. Қазақтың жылқы малын төресіндей көретіні сондай, өзінің мінез-құлқы, бітім-болмысы, жан дүниесінің айқындаушысына айналдырып алған. Демек, қазақ үшін жылқы тектіліктің бірден-бір нышаны болып саналады. Сондықтан да болар, әкем мені осы кәсіпті ашуға кеңес берді. Өйткені, жылқының етінен бөлек, қымыз-қымыраны денсаулыққа өте пайдалы. Қазіргі күні әр үйдің төрінен шұжықты табуға болады. Ал, қазы-қарта көбіне тойдың дастарханына қойылады. Оны күнделікті ас мәзіріне қоссақ, ұлтымыздың болмысын көрсетеді. Әрине, бағасы кез келгеннің қалтасын көтермейтінін білемін. Алайда, қымбат болса да адал ас ішіп, денсаулыққа мән берген дұрыс сияқты. Бастапқыда біз ауыл тұрғындарына тапсырыспен қымыз-қымыран өткізіп тұрдық. Қазір бұл шаруа уақытша тоқтап тұр. Себебі, биелеріміз суалып кетті. Жаз шыға қайта қолға аламыз деген ойдамыз. Әзірге, жылқының басын көбейтіп, оның етін қалаға тасымалдап тұрмыз, –дейді жас кәсіпкер.
Халқымызда «мал баққанға бітеді» деген әдемі сөз бар. Әсіресе, төрт түліктің төресі саналатын жылқы малының бабын табу, оның күтімін жасау оңай шаруа емес. Бүгінде үйінде жұмыстың жоқтығын сылтау етіп, ата-анасының бар тапқанын ішіп-жеуге арланбайтын, тепсе темір үзетін жігіттерімізге Алтынайдың ісі үлгі боларлықтай. Жас кәсіпкер өзімен қатар жұмыссыз жанды қарамағына алып, оның да жұмыспен қамтылуына себепші болды. Сегіз бас жылқы малынан бөлек, бұрыннан 10 сиыры, 30 шақты қой-ешкісі бар кәсіпкер алдағы уақытта шаруасын ұлғайтуды көздеп отыр. Біз де оның кәсібінің өрлеуіне тілектестік білдірдік. 
Айсәуле САҒАТБЕКҚЫЗЫ.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз