ЗҰЛМАТ ЖЫЛДАР ЗЕРДЕМІЗДЕН ӨШПЕЙДІ

119

0

 ЗҰЛМАТ ЖЫЛДАР ЗЕРДЕМІЗДЕН ӨШПЕЙДІКеше Қызылорда қаласындағы қайта жаңғыртылған ашаршылық және саяси қуғын-сүргін құрбандарына арналған мемориалдық ескерткіш алаңында «Азалы тарихқа тағзым» атты митинг болып өтті.
Митингке облыс әкімі Қырымбек Көшербаев, ҚР Мемлекеттік хатшысы Гүлшара Әбдіхалықова, ҚХА Төрағасының орынбасары, ҚР Президенті әкімшілігінің Қазақстан халқы Ассамблясы хатшылығының меңгерушісі Дархан Мыңбай, сондай-ақ, Түркия, Корея елінен келген ғалымдар, қала тұрғындары қатысты.
Жасанған, жаңарған еңселі ескерткіштің қасбеті айбарланып көрі¬неді. Қауызынан ажыраса да, сабағынан солмай өршелене өскен өмір гүлін бейнелейтін ескерткіш арыстарымыздың асыл арманын ойға түсіреді. 
Алаш арыстары – Ахмет Байтұрсынов, Сәкен Сейфуллин, Міржақып Дулатов, Тұрар Рысқұлов болып саң¬қылдай сөйлеген Жастар театры ойын¬шыларының сахналық көрінісі зауалды заманды көз алдымызға бір елестетіп өтті.  
Әсерлі қойылымнан соң құрбандарды еске түсіруге арналған бір минут үнсіздік жарияланып, Сыр халқының және мәртебелі қонақтардың атынан тағзым гүлі қойылды.
Еске алу шарасында Гүлшара Әбді¬қалықова өткен ғасырдағы өктем саясат салдарынан халқымыздың жа¬зық¬¬сыз жапа шеккенін сөз етті. Қа¬зақстанға Қиыр Шығыстан, Еділ бо¬йынан, Солтүстік Кавказдан жер ау¬дарылған  бір жарым миллион әртүрлі ұлт өкілдеріне Сыр бойының да пана бол¬ғанын, Елбасымыздың сындарлы саясаты арқасында сол кездегі бас¬талған туыстық пен достықтың бүгінге дейін жалғасып келе жатқанын тілге тиек етті. Елбасы Н.Назарбаевтың «Бо¬ла¬шаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласындағы «Жиырмасыншы ғасыр халқымыз үшін қасіретке толы болды. Біріншіден, ұлттық дамудың ықылым заманнан жалғасып келе жатқан өзімізге ғана тән жолы біржола күйретіліп, қоғамдық құрылымның бізге жат үлгісі еріксіз таңылды. Екіншіден, ұлтымызға адам айтқысыз демографиялық соққы жасалды. Оның жарасы бір ғасырдан бері әлі жазылмай келеді. Үшіншіден, қазақтың тілі мен мәдениеті құрдымға кете жаздады. Төртіншіден, еліміздің көптеген өңірлері экологиялық апат аймақтарына айналды», – деген сөздері арқылы тарихтың ащы ақиқатын атап көрсетті.
Митингте сөз сөйлеген облыс әкімі Қ.Көшербаев бүгін бас қосып, жиын өткізіп отырған бұл жердің баршамыз үшін бас иіп, тағзым ететін киелі орын екенін айтты. «Қаратаудың басынан көш келеді, көшкен сайын бір тайлақ бос келеді» деген халқымыз талай зұлматты бастан кешті. Соның бірі өткен ғасырдың отызыншы жылдарындағы ұлттық трагедиямызға айналған ашаршылық пен қуғын-сүргін қасіреті еді. Кіші Октябрь аталған күштеп ұжымдастыру, тәркілеу, қудалау салдарынан Сыр елінен де төрт жарым мың адам жазықсыз жапа шегіп, 1153 адам ату үкіміне іліккен. 
Мыңдаған жазықсыздардың қаны мен көзжасына суарылған тари¬хымыздың тағылымын жас ұрпақтың жадынан өшірмей, оған бейжай қарамауға тәрбиелеу біздің ең үлкен міндетіміз» – деді аймақ басшысы.
Сонымен бірге шарада саяси қуғын-сүргін құрбандарының ұрпақтары атынан Юрий Ким сөз алды. «Мен тарихтың ащы сыйын татқан халықтың өкілімін. Сталиндік репрессия кезінде Қиыр Шығыстан жер аударылған корейлер өздеріне беймәлім жерге, салты, үрдісі басқа елге үлкен күдікпен келді, белгісіз болашағына алаңдады. Алайда, тағдыр бізді құшағы жылы, пейілі кең халыққа жолықтырыпты. Сол кездер жайында әкем «жергілікті қазақтар бізге мал берді, нан берді. Өміріміздің үзілген жібін жалғады» деп отыратын. Міне, сексен жылдан бері осы мейірбан жұртпен бір мақсат, бір мүддеде өмір сүріп отырмыз.
Мен өзім Қызылордада дүниеге келдім. Қазақ елі біздің өсіп-өркендеуімізге барлық жағдайды жасады. Көбіміз мемлекеттік қызметтерде жұ¬мыс атқардық. Президентіміз Н.Назарбаевтың салиқалы саясаты арқасында бірлігіміз жарасып, әлі де еліміздің жарқын ертеңі үшін еңбек етіп келеміз» – деді ол.
Осылайша, бір тағылымды сәттің куәсі болған қалың жұрт құрбандардың ру-хына тағзым етіп, ескерткіштің мәрмәр қабырғаларына гүл шоқтарын қойды.

Д.АЯШҰЛЫ.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз