Аламандағы арғымақ

 2014 жылдың көктемі. «Мамырда Қоғалыкөл ауылында үлкен бәйге болады» деген ел аузында  жағымды хабар тарай бастады. Бәйге десе, ішкен асын жерге қоятын жандар сол күнді асыға күтті. Солардың қатарында мен де бармын. 4-ші мамыр, 2014 жыл. Таңғы ұйқымнан ерте ояндым. «Бүгін бәйге болады» деген ой ұйқымды бұзды. Бар ойым азанғы шәйді іше сала, қорадағы малды жайлап, көрші ауылға ертерек аттану. Екі көзім көшеде. Көліктер өте бастады. Бәрінің барар жері бір секілді. Біз де қамданып, үйдегі пикап көлігінің артына арбамен бірге міндік. Бәрі керемет. Жолдағы ағылып жатқан халықты көріп, мәз мейраммын. Алты жасар бала да, алпыстан асқан көкелер де көрші ауылды бетке алып, бірі атпен, енді бірі велосипедпен бара жатыр. Жаяу кездескендерін қасымызға қосып алдық. Бәрінің де жүзінде күлкі мен қуаныш шарпып тұр. Жолда әңгіме басталып та кетті.

«Бүгін күн ыстық болады-ау, аттар қай жақтан келіпті, бәйгеге не тігілді екен?» деген сансыз сұрақ одан сайын жолды жақындата түсті. Көзді ашып жұмғанша көрші ауылға жеттік. Алдымен ас беріліп жатқан үйге соқтық. Әрі қарай ипподромға бет алдық. Жолда жабулы жылқының саны көп. Бәйгеге қос автомашина тігілмек. Қырғызстаннан аттар келді деп жұрт қауыр-қауыр. Сол күні аптап ыстық болып, 4-5 ат зорыққанын көрдік. Алматылықтар күннің ыстығын, шабатын жердің қолайсыздығын ескеріп, жылқыларын қоспаған екен. Ал, қырғыздардың атсейісі тұлпарларды қоспай-ақ қоялық дегенде, «жүлдені бізден басқа кім алады?!» деп, жеңіске кәміл сеніпті. Солайша, аламанға шапқан қырғыз аты көрермендер тұсынан өтіп бара жолды кесе өткен төрешіден үркіп, жолдан шыға бара құлаған жас шабандозды тұяғымен басып кетті. Бүкіл жұрт абдырап тұрғанда, кенеттен қырғыз ақсақалы келіп баланы жон арқадан қамшылап-қамшылап, «Мін атыңа!» деп көпшілік қаумалап тоқтатқан тұлпарына қайтадан қондырды. Қарсыластарынан жарты айналымнан аса қалып қойған тұлпар, айналым сайын алдыңғы топқа жақындай түсті. Мәреден көрінер кезде екі сәйгүлік бірдей шаңдата келіп, ақырғы секундтарда ғана қырғыз тұлпары бір-екі қадамға баяулағанын аңғардық. Ол мәреден өте бере екі адым аттамастан құлап кете барды. Онсызда ауа жетіспей жатқан жылқыны қара халық қызықтап, соңғы демінен қысқандай әсер берді. Қырғыз сейісі ат құлап жатқан ортаны ашуын сұрап жүрді. Оны түсінетін халық жоқ, дем дегенде жылқының тынысы тоқтады. Айта кететіні, мәрені қияр сәтте екеуінің артында ешбір ат жоқ. Сәлден кейін үшінші орынды иеленген ат мәрені шауып емес, жүріп қиып өтті. Мен сол аламан бәйгені көзіммен көріп, маңында болғасын үндемей жата алмадым. Ертеңіне мынадай туынды жарыққа келді. 

Қоғалыкөлдегі тұлпарлар тартысы (аптаптағы бәйге)


Көрші ауылда Кенжебек деген ер жігіт,

Әкесіне есте қалар ас берді.

Ұлы астан қалмайын деп ентігіп,

Халық жауды он ауылдан дос келді.

Берем деді мен бәйгені шапқанға,

Халқы ойын құптай кетіп қош көрді.

Арғымақтар шабатұғын ақ таңда,

Бәйге десе бірін бірі қас көрді.

Аттар келді алыс  жолдан ағылып,

Шабандоз жүр атсейіске бағынып.

Қырғыз жұртын шабысымен таң қылған,

Торы қасқа кезе берді таңғылық.

Қожайыны біздікі деді бұл бәйге,

Абайсызда асау тілі қағынып.

Атқан оқтай аттар шапты қалыспай,

Иелері отыр тілек бағыштай,

Торы қасқа шабарманы жас екен,

Абайсызда аңдап жүріп шалыстай,

Жолын кесті жол сілтейтін төреші,

Сол бір сәтте арғымақтың бағы ұштай.

Жығылды да шабандоз жалтақтады,

Ат басқан, қуығын ұстап шалқақтады,

Жылама мін атыңа тоқтама деп,

Қайтадан шаптыртты айыр қалпақтағы.

Шапты бала өз өзіне ызаланып,

Тұлпары да шауып келет қыза-жанып,

Сегіз жүйрік келеді топ басында,

Бірін бірі аңдысып, сыр аңғарып.

Жыламады балақай жасымады,

Сеніп келет астындағы досына әлі,

Шу деді жануардың жалын тартып,

Жіберген жоқ атының басын әлі.

Арасы тым алшақтап кеткен топқа,

Арғымақ екі айналып қосылады.

Мәреге бәрінің де бар таласы,

Тұлпарлардың басталды жанталасы,

Аптап күнде жылқыны аямайтын,

Адамдардың жалғасар нан таласы.

Қатар келет қос жүйрік әне дейді,

Үкі таққан сәйгүлік әлі тыйлы,

Мәреден көз ілеспей өте шықса,

Қырғыз аты намыспенен мәре қиды.

Мәреден өте бере ат құлады,

Ат қадірін білетін қарт жылады.

Шарасыз торы қасқа жатыр тыныш,

Танау деп пышақ іздеп шалт сұрады.

Құлаған сәйгүлікке барша барды,

Қара халық қаумалап, қоршап алды,

Жұтым ауа жетіспей қиналғанда,

Арғымақтың көз жасы боршалады.

Тістеймін бәлкім бүгін бармағымды,

Кеспеймін еш уақытта алдарыңды.

«Жел жақтан бір саңылау ашыңдарш!»-деп,

Егесі жылап тұрып жалбарынды.

Иесі енді Алланы ауызға алды,

Дос барды тұрғызуға жауыз барды.

Аламанда абыройын жоғалтпаған,

Арғымақ адал қолдан бауыздалды.

Қарамады ұтып алған сыйлығына,

Көзі түсті атының құйрығына,

Тыпыршыған қыл құйрық тынышталды,

Амал барма Алланың бұйрығына.

Жылқысы өлді, жүрегі шаншылайды,

Жанарынан ыза жасы тамшылайды.

«О бастан сен жолыңнан жаңылдың!» деп,

Кіп кішкентай шабандозды қамшылайды.

Асылдардың өлімі де бөлек екен,

Алланың жазуына көнеді екен.

Сұңқарлар құздан құлап жанын қиса,

Тұлпарлар жеткізбейм деп өледі екен.

Нұрмұхаммед  ҚАНАТБЕКҰЛЫ.

РУХАНИЯТ 12 шілде 2018 г. 213 0