Туған жер туралы тәлім

Қаланың у-шуынан мезі болғанда ауылыма асығатыным бар. Оған себеп те жоқ емес. Ауылда торқалы тоқсанды тақымдаған, толғамы бөлек атам бар. Ол ауыл арасында «тірі тарих», «дала академигі» атанып кеткен Құрмаш Есімсейітов. 

Жастайынан мал шаруашылығымен айналысқан атам Сыр өңіріндегі қоныс атауларымен жете таныс. Бала кезден еңбекке етене араласып, қойнынан кітап тастамаған. Қос жанары көрмесе де, көкірек шіркін, сайрап тұр! Қара домбыраны серік етумен қатар, аңыз-әңгіме, шежіре, жыр-дастандарды жатқа айтады. Жер-су атаулары жайлы әңгіменің тиегі ағытылса, таңды таңға ұрып айтуға даяр. Тіпті, атаммен әңгіме қызған тұста анамның «шай ішеміз» деген сөзін елемей қоятын сәттер де кездесіп жатады.

Әулетімізде жыл сайын Сарысу өңіріне сапарға шығу дәстүрі қалыптасқан. Жанары жылт еткен жарықты сезбесе де атамнан бастаушы болады. Ол үшін «Туған жердің тасы да таныс» секілді. Діттеген жерімізге дөп түсіріп, адастырмай алып барады. Батырлар, би-шешендер мен хан-сұлтандардың табаны тиген тарихи орындарды ұрпақтар білсе, көрсе, сезінсе деген арман сондағы.

Биыл да әдеттегідей Сарысу өңіріне сапарладық. Мұрныңа жусан иісі келгенде өмірдің бір ғажабын сезінесің-ау, шіркін! Көл бетінде үйрек, қаз, тіпті, аққулар да қанаттарын кербездене қағып жүр. Көне дүниенің куәсіндей үнсіз жатқан қорымдар қатары да жетерлік. Жол барысында кездескен қорымдардағы әулие-әнбиелер жайлы атам үзбей айтып отырды. 

– Балам, біз жаңа әзірде «Кіндіктөбе» аталатын жерден өттік. Анадайдан көп қорымдар көріне ме? – деді әңгімесін үзіп.

– Иә, көке, қорымдардың қираған үйінділері ғана жатқан секілді ғой, –  дедім, әңгімесін жалғап.

– Иә, құлыным, бұл қорымдар «Ала тағы» аталады.

Мен атамның сөзін лезде іліп алып, «тарихтан естігенім бар еді» дей жөнелдім. 

– Сенің оқығаның бір бөлек, балам. Әркім әртүрлі нәрсе айтады. Бұрынырақ үлкен көнекөз қариялардан естігенім бар еді. Есіңде жүрсін, айтайын. 

Ертеректе Сарысу өңірінің бойында Талмас деген әулие өмір сүрген. Ол кісінің үш әйелі болған деседі. Бірінші әйелі Сарысу өзенінің жоғары бөлігінде тұратын Болған ана болса, екінші әйелі Белең ана екен. Талмас әулие үш әйелінің қонысына қонаққа кезектесіп барады екен. Бірде қалың қар түсіп, көлігі жүріске жарамай, үшінші әйелінің қыстауында қалып қояды. Көктем шығып, көкке аузы ілініп, оңалып қалар деп жүргенде әулиенің ала аты жабайы құландарға қосылып кетеді. Бір күні осы маңдағы атақты мерген Байғана аңшылыққа шығыпты. Төбенің беткейінде көзге түскен бір топ құландарға садақ тартады. Үркей қашқан құландар ішінен ала құланға оқ тиіпті. Жақындап кеп қараса, Талмас әулиенің жоғалтқан ала аты екен. Үйіне қайтқан Байғана аяқ астынан ауырып, қайтыс болады. Жиналған жұрт әулиенің атын атқан соң, киесі ұрды, бұл ала тағыға айналған атта қасиет бар десіп, жерлейді. Содан бұл қорымдар «Ала тағы» аталады, – деді атам әңгімесін әріден қайырып.

– Көке,сонда бір қыс бойы Болған ана мен Белең ана Талмас әулиені іздемеді ме? – дедім мен.

–    Е, шырағым, оны да айтайын. Сарысу өзенінің жоғары бөлігінде тұратын бәйбішесі Болған іздеп жолға шығады. Оған дәлел «Бас қасуын», «Орта қасуын», «Аяқ қасуын» деп аталатын жерлер. Болған ананың жол-жөнекей өзен бойынан беті-қолын шайған жерін «Бас қасуын» деп атайды. Әбден шаршаған соң, суға түсіп, салқындап алған тұсты «Орта қасуын» деп атайды. Әбден салқындап сапарын жалғастырған соң, өзен бойына тағы кідіріп, аяғын да жуып алады. Ол жер бүгінде «Аяқ қасуын» болып аталады, – деді атам. Қызу әңгімеге кірісіп кеткенім соншалық, уақыттың зырғып кеткенін де аңғармай қалыппын. Осылайша, сапарымыз да жалғаса берді. Атам айтқан әңгімелер қиялыма қанат бітіргендей болды. Туған өлкенің сіз бен біз білмейтін түйіткілді тұстарын жазуға түрткі болған да осы жолғы сапар. Себебі, бала кезден санама «Туған жердің әр тасы – біздің алтын тағымыз» деген сөздер құйылып келеді.

Айғаным ҚҰРМАШЕВА,

Қорқыт ата атындағы ҚМУ-дың 

3-курс студенті.  

РУХАНИЯТ 01 маусым 2019 г. 168 0