Текей батыр мазарын табуға септескен карта

Мына суреттегі картаны тарих қойнауының XVIІI-XIХ ғасыр­ларын зерттеуге маманданған тарих ғылы­­мдарының кандидаты Жәнібек Исмурзин Мәскеу мен Петербор архив­терін ақтарып жүріп тауып алыпты. Картада сол кезеңдегі жер-су атаулары ыжда­ғатпен белгіленіп, анықтап жазылыпты. «Ұлы даланың ұлан-ғайыр жерін құжаттап, қағазға түсірген отаршылдық пиғылдың да қазақ ұлтының бүгініне қызмет ететіндігін ұғындым», деген Ж.Ис­мурзиннің қолына түскен бұл жә­дігер бізге Тәуке ханның қолбас­шыларының бірі болған Қарпықұлы Текей батыр туралы баға жетпес мә­лімет бергенімен құнды болып отыр.

Нақтырақ айтсақ, Текей ба­тырдың тарихта болғаны, сол кезеңде атқарған тарихи рөлі туралы деректер мол болғанымен, оның қайда жерленгені ұрпағы үшін белгісіз болып келген еді. Ал мына 1921 жылы басылып шыққан картада Текей батырдың бейіті мен Текей батырға қатысты жер атаулары анық көрсетілген екен. Текей батырдың ағасы Құдайназардың бүгінгі ұрпағы Дастан Зиналиев, тарихшы-ғалым Жәнібек Исмурзин және ұлтжанды азамат Ғазиз Садыр­құлов осы картаны негізге ала оты­рып, сол тарихи орындарға арна­йы барып, ондағы мәліметтердің дұрыстығына көз жеткізіп отыр. Қазақ хандығының іргесі бекіген Шу өзенінің бойындағы жер атау­лары бүгінгі деректермен дәлме-дәл келеді. Батыр бабаға қо­йылған ескерткіш-мазар да әлі күнге дейін сақталған. Қорымы Созақ ауданына қарасты Жуантөбе ауылының аумағында жатыр. Ауылға кіреберіс асуды тұрғылықты жұрт әлі күнге дейін «Текей асуы» деп атайтын көрінеді. Баба атымен аталатын артезиан құдығы сол ауылдың сол­түс­тік батысында 15 шақырым жер­­де орналасқан. Әскери картада бұл жер – «Текей бейіті», «Те­кей өткелі», «Те­кей мекені» деп көр­сетілген.

Текей батыр Қарпықұлы – Тәуке ханның бас қолбасшысы болған. Ол туралы кең ауқымды баян журналист Мырқы Исаұлының 1996 жылы жа­рық көрген «Әз Тәукенің Текей батыры» деп аталатын еңбегінде кө­рініс тапқан. Осы кітапта оның ағасы Құдайназардың да еңбегі жақсы баяндалған. Құдайназар Әз Тәукенің ғана емес, онан кейінгі Әбілқайыр ханның кезінде де қазақ-орыс арасындағы бітімгершілік қыз­метке араласқан, батырлық пен ше­шен­дікті қатар алып жүрген тұлға болған.

Ж.Исмурзин Текей батырдың 1720 жылы Жайық бойында болған шайқаста саны анағұрлым көп орыс жасақтарының қолына ұлдарымен бірге түскендігі, Ресей жағы кейінірек оның беделінен қаймығып, балаларымен бірге қамаудан босат­қаны, Кіші жүзге хан сайлауы кезінде батырдың шөбересі Ералының «Текей аталық қолбасшы ұрпағы» деген мөрмен қол қойып, дауыс бергені туралы деректер бар екенін айтады.

 Қазақтың Сығанақ, Түркістан, Отырар, Сайрам, Созақ төңірегін, Сырдың бойын басқыншы жаулардан азат ету соғыстарына қатысқан Текей батыр Қарпықұлының аты-жөні Түркістандағы Қожа Ахмет Ясауи кесенесіндегі хандар, билер мен батырлар есімінің қатарындағы құрметті орынға жазылған.

Бекжан СҮЛЕЙМЕНОВ

РУХАНИЯТ 10 маусым 2019 г. 1 456 0