Құндылықтарды құнттау бағытымызды айқындайды

«Сыр медиа» ЖШС бас директоры А.Оңғарбаевтың «Nur Otan» партиясы

облыстық филиалының саяси кеңесінің кеңейтілген отырысында сөйлеген сөзі


Сегізінші бағыт. «Рухани жаңғыру» құндылықтары біздің басты рухани бағ­дарымыз болып қала береді. Тарихқа құрметпен қарау, Отанға адал болу, ғылым-білімге деген ұмтылыс – мұның барлығы біздің халқымыздың бойындағы асыл қасиеттер. Бұл қасиеттер біздің халқымыздың бірлігін және ұлтымыздың жасампаздығын нығайтады, бәсекеге қабілетті ел болуға жол ашады.    

Қазақстанды болашаққа бастайтын – жастар. Сондықтан бұл бағдарламаны жас ұрпақты тәрбиелеуге бағыттауымыз қажет.

(Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан Республикасының

Президенті қызметіне ресми кірісу рәсіміндегі сөйлеген сөзінен.)


Құрметті Қырымбек Елеуұлы!

Құрметті әріптестер!

Біздің облыс «Рухани жаңғыру» бағдарламасына алғашқы болып үн қосқан, өз алдына орталық құрып, іргелі іс бастаған облыстардың қатарында. Бағдарлама қабылданғаннан беріде өз концепция­сын 2 мәрте өзгертіп, елдің өткені мен бүгіні арасында көптеген іс-шаралардың ұйымдастырылуына ұйытқы болды. Бастапқыда қолға алынған ауқымды бағдарламаға «Ұлы даланың жеті қыры», «Ауыл – ел бесігі» сынды іргелі бастамалар біріктірілді.

Жалпы, «Рух» сөзінің өзі – ауқымы кең философиялық ұғым. Ауыспалы мағынада «күш-қуат», «батылдық» дегенді білдіреді. Ал «Рухани» сөзі адамның «ой-санасына, ішкі дүниесіне байланысты, соған тән» деген ұғымға саяды. Біз, шын мәнінде, қазіргі қоғамда адамның «ой-сана, ішкі дүние» әлемінің үлкен өзгеріс үстінде екенін пайымдауға тиіспіз және соған сай қызмет етуіміз қажет.

Қазір елімізде, әрине, біздің облысымызда да қыруар іс-шаралар «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында жүргізілуде деп ауыз толтырып айтамыз. Алайда, осындай сансыз іс-шарамен, қандай да бір «өтті», «кетті» жиындармен «Рухани жаңғыру» бағдарламасы өз игілігін толықтырмайтыны, барлық жерде өтіп жатқан іс-шараларға мониторинг жасап отырумен рухани жаңғырмайтынымыз белгілі болды. Қазіргі таңда бізге ең маңыздысы – кеше жіберген олқылықтарды қайталамау. Жас буынға 1917 жылғы революция мен 2019 жылғы эволюция арасында жоғалтқан дәстүр, ұлттық құндылықтарды жаңғырту мәселесін қалай ұғындырамыз?! Қанша құрама болса да АҚШ-тың тұрғыны америкалықпыз деген құрметке бас иеді. Ал бізде, соңғы уақыттарда қоғамымызда болып жатқан түрлі оқиғаларға қарап отырып отаншылдық сезім кеміп кетті ме деген ой жетелейді. Біздегі қайбір пенделерге патриот деген ұғым бизнес, ақша секілді елестейді.

«Рухани жаңғыру» бағдарламасы «қалай исең солай майысатын» жас өскіннің бойына қаршадайынан сіңіре­тін жүйеленген азық болуға тиіс. Мұның көзі – балабақша, мектеп, орта және жоғары оқу орындары. Білім бағдарламасына арнайы пәндер, оқу-әдістемелік құралдар, баланың ой еркіндігін қалыптастыратын мүмкіндіктер енгізілуі қажет. Балаларымыз өлке тарихын терең меңгеретін, сол арқылы ел қорғаған батыр бабаларымен, би-шешен даналарымен, қасиетті-киелі жерлерімен, яғни өткенімен мақтанатын  жүйе, желі қарастыруымыз қажет. Өткен жылы «Алпамыс батыр», биылғы жылы «Қобыланды батыр» жырын оқу­ды жолға қойдық. Дұрыс, бірақ осы жырлардың қанша нұсқасы бар, қайсысы бала танымына жақын, қай нұс­қа хрестоматиялық оқулыққа кі­руі тиіс, оған мән беріліп жатқан жоқ.

Заманында өз қаражатына мектеп ашқан, шет елде оқып жүрген қазақ балаларына стипендия төлеп тұрған, 1910 жылы тұңғыш рет қазақ романдарына бәйге жариялаған ұлтымыздың ерекше тұлғасы Есенғұл қажы Мамақовтың атқарған қызметі қайта бастандыруға тұрарлық. Ол ел ертеңіне үмітін жағып, халыққа бас болатын болашақтың білгірін іздеді. Бүгінгі тұғыры биік тұлғалар неге осы істі қайта қолға алмасқа?! Мысалы, меценаттар  бір-бір жасты қанатының астына алса, оларды ұлт тағдырына күресетін тұлғаға айналдырса, «Құлын қазанат болмай ма, бала азамат болмай ма, шыбық терек болмай ма, терек керек болмай ма?» деген тәмсілге таңданбас едік.

Құрметті Қырымбек Елеуұлы! 

Өзіңіз айтатындай, Сыр елі алпауыт өндірістерімен, қабырғалы кәсіпорындарымен көп алдына шыға алмаса да, қашанда елдіктің, Отансүйгіштіктің символы болуымыз керек. «Сыр – Алаштың анасы» деген қастерлі сөз бар. Осы қасиетті ұғымды біз қалай алып жүрміз. Ұлттың анасына баланған өңір қандай берекелі істерімен көрінуі тиіс. Түрлі-түрлі теңсіздіктерден орын алатын әлеуметтік шиеліністерде біз не істей аламыз?

Ымырасыз ел ыдырай береді. Белгісізден би, белдеусізден үй жасап жүрген кезімізде қарапайым қарындастан қаншалықты жырақ кеткеніміз байқалды. Айналып келгенде тауқымет тегеурініне шыдай алмай көшеге шыққан жандардың кешегісіне, әрі келешегіне көз жібердік пе? Олардың бірі – қызымыз, бірі – келініміз, немесе апамыз, қарындасымыз. «Сенің қызың немесе келінің көшеде неғып жүр?» деген сөзге намыстанбайтын қазақ жоқ. Әр әулетте бүкіл туған-туысы сөзіне ден қоятын, сыйлы, құрметті, дәулетті бір адам болады. Сол арқылы бұрынғы бабалар жолымен әлеуметтік қарым-қатынасты реттеуге талпыну нәтижелі болуы бек мүмкін.

Ұлттық рухты ояту, жаңғырту үшін алдымен ата қоныс – ауылдың рухын көтеру керек. Елдікті, теңдікті, ұлтқа тән дәстүр-ғұрыпты айтатын, ой-сананы жаңғыртатын ақсақалдарымыз қайда? Бізге бүгінгі таңда ақылдастар кеңесі бола ма, жоқ ақсақалдар институты бола ма, жаңа қоғамдық құрылымдар жасақтағанымыз жөн. Көрші өзбек елінде ақсақалдар кеңесін құрып, әр ауылда кеңсе ашып беріп, машина әперіп, ақсақалдарға елге, елдегі телі мен тентегіңе ие бол деп тапсырма берілді. Бізге де әрбір ауылда аталы жолды көрсетіп, тентегін тезге салып, ер мен әйелдің қоғамдағы орнын айқындап, қандай да бір қарым-қатынастың бітімді кесімі, түйіннің шешімі айтылатын жүйе қалыптастырудың уақыты келді. «Рухани жаңғыру» бағдарламасының бұдан әрі қарайғы жолы «Ақсақалдар институтын» және «Отбасы институтын» дамыту арқылы жалғасу керек деп есептейміз. Ақсақалдар, дәл сондай аналар институттарын қалыптастыру арқылы ауыл-ай­мақ, аудан, облыс көлемінде ақса­қал­дар кеңесін күшейту керек. Олар­дың мақсат-міндеттерін, жалпы тұжырымдамасын әзірлеу қажет. Инс­титут жұмысының бір бөлімі ретінде «Отбасындағы ер адам беделін арттыру, ер-азаматтардың рухын кө­теру» деген мәселе қарастырылу керек.

Мұнымен қоса қазақтың бұрынғы дәулеттілерінің үлгісімен әулетіндегі жетім-жесірге, жоқ-жітікке, кедей-кепшікке қарасу деген мәселені қоғамдық деңгейде көтеру керек деп санаймын. Жасыратыны жоқ, қазіргі уақытта «шіріген бай, бірақ қасық су қараспайды» дейтін сөздерді туыс­тар арасында жиі естиміз. Тіпті бір әулеттің бір-бірін танымайтын адамдары бары да рас. Бұл бүгінгідей байланысы әлсіреп бара жатқан туысқандық, ағайындық қарым-қатынасты күшейтетін бірден-бір жол болмақ. Егер осы істер қолға алынатын болса, түрлі мақсатта көшеге шығып кететін топтарға кіру, ықпал ету әлдеқайда оңай болар еді. Әрі көшеге шығып, мұқтаждығын айтып шулайтын әлеуметтік шиеленістердің алдын алады.

Қазір бірге тұрса да, заң тұрғы­сынан ажырасқан, жан бағу, жәрдем­ақы алу мақсатында жалғызбасты ана мәртебесіне ұмтылу мәселесі көбейіп тұр. Неге отбасы құндылығы жәрдемақы желеуінің астында қал­ды? Осындай берекесіздіктің ұр­пақ тәрбиесіне тигізер салқыны бүгін­нен сезіледі. Нақты емес, бірақ нақ­тылыққа өте жақын деректер соңғы уақытта былайша сөйлейді. Рес­публика бойынша 2018 жылы мың адамға шаққанда 631 некелесу болса, соның 299-ы ажырасқан. Ал 2019 жылы 4 айда әр мың адамға 306 ажырасу тіркелген. Қызылорда облысында биылғы 4 айда некеге тұрғандар саны 1723 жұп болса, 645 жұп ажырасқандар санатында. Ауруын жасырған өледі. Егер осы істердің алдын алуға ертерек қамданбасақ, ертең кеш болатыны айтпаса да түсінікті.

Ақсақалдар институты қарастыратын тағы бір мәселе – сыбайлас жемқорлықты жоюға атсалысу. Әр ауылдың ақсақалдар кеңесі тентекті тезге салудан бас­тап, ауылындағы «бармақ бас­ты, көз қысты» жағдайларға жол бермеуді басты назарға алу керек.  Сыбайластық сипатын сезсе, оны тоқтату үшін алушы мен берушіні шақырып, ортаға салып, жөнге, сөзге тоқтату, (ақшасын не сыйлығын қайтарып бергізу), қайта жалғасатын болса, мәселесін облыс деңгейінде қарайтындай, құзырлы органдар назар аударып, нәтиже шығаратындай ақсақалдар кеңесінің қоғамдық салмағы болу керек. Мұнымен қоса қоғамдағы ер адамның рөліне қатысты қоғамдық шаралар мен форумдарды күшейту керек. Бұл әрбір ер адамның отбасындағы рөлін күшейтіп қана қоймайды, олардың қоғамда орны, үні болуына атсалысады деп есептеймін.

Қоғамдағы келеңсіздіктің тағы бір түйткілі – жұмыссыздық. Еңбек болмаған жерде рух жаңғырмайды. Қазір мемлекет жұмыс көздерін ашуға, кәсіпкерлікке тартуға, тағы­сын тағы бастамаларға қолдау көр­сетіп отыр. Ал ауылдардың көбінде жұмыс жоқ. Жастардың көпшілігі сабылып қалада жүр. Оларға рухани жаңғыру туралы айтудың өзі қисынға келмейді. Сондықтан, жаңғырудың жолын қалай және неден бастаймыз деген сұрақ бірінші тұруға тиіс. Жоғарыда айтып отырған ақсақалдар немесе аналар институттарының айналысатын бас­ты жұмыстарының бірі де осы болуы тиіс. Отбасын құруға ниетті жұптарды айлық курстардан өткізу, отбасылық институттың талаптарын оқыту – бүгінгідей әрбір үшінші жас отбасының ажырасуының алдын алар еді. Бұл жастар бойында отбасылы болу, ұрпақ жалғастығы деген жауапкершілік сезімін арттыра түседі деген сенімдемін.

Тойдағы даңғазалық пен ысы­рапшыл­дықты, ұлттық болмысы­мызға жат жөн-жоралғылар мен бейәдеп дағдыларды тыю да – ха­лықты рухани жаңғыртудың бір парасы. Әсіресе қазіргі заманауи той ұйымдастыратын орталықтардың жұмысын сараптап, олардың сце­нарийін қарап, таразылай келе, ұлттық салт-дәстүр мен қазақы бол­мыстың сақталуына мән беру керек. Бұл да халықты рухани серпілтетін істің қатарында саналады.

Ерте заманда  Ескендір Зұлқар­найын Сыр бойына жауласуға келіпті-міс. Ел етегіне еніп, біршама жол жүреді, қарсыласқан бірде-бір әскерді кездестірмейді. Бұған қолбасшы қайран қалып, «иен далаға ие ел қайда жатыр?» деп сұрайды. Сол кезде ақылгөй кеңесшісі: – Тақ­сыр, шын соғысты қаласаңыз, онда бұлардың ата-баба бейітін бұзып, қабірді қорлау керек. Олар бұған шыдамайды, дереу соғысқа жиналады,– депті. Мұны естіген Зұлхарнайын: – Ата-баба аруағын құрметтеген халық – ең ұлы халық, ондай елмен соғысуға болмайды, сыйлау керек, – деген екен.

Ал біз кешегі тарихымызды, ұлтымыздың келешегі үшін күрес­кен бабаларымыздың өткенін қалай таразылап жүрміз? Бабалар басына құрметіміз қандай? Бір ғана мы­сал, облысымызда орналасқан ұлт тарихында Түркістан, Ұлытау секілді ерекше мәні бар «Қарақұм құрылтайы», осы жиыннан бастау алатын әйгілі «Мың бала» жасағы неге мақтанышымызға айналмай келе­ді?! Ақиректе жатқан Арыстан баб неге ұлықталмайды?! Кешегі заман ел тағдырының тізгінін ұстаған батыр бабаларымыздың басы неге жүдеу?!

Біз, «Сыр медиа» серіктестігіне қарасты басылым тілшілері, «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында облыста орналасқан киелі жерлерді, қасиетті ескерткіштерді аралап, ескінің мәні мен мағынасын, тәлімі мен тәрбиесін бөлісу мақсатында жұмыстарды қолға алдық. Бәрін айту мүмкін болмас, осы экспедиция барысында бір Арыстанбабтың өзіне соншалықты мән бермей отырғанымыз анық аңғарылады. Көпшілігіміз Арыстанбабтың жеті жерде жайы барын, оның екеуі Қазақстанда Отырар мен Ақиректе орналасқанын біле бермейміз. Бірі басы ауырып, балтыры сыздап, бірі аруақты бабаларын аңсап баратын осындай қасиетті жерлерге көңіл бөлмейтініміз көптің ренішін туғызары сөзсіз.  Күре жолдың бойындағы Ақбай елді мекенінен небәрі 9 шақырым. Ақиректің басына жол тартып, су жеткізіп, жарық жүргізсек, онан соң заманауи кесене тұрғызылса, баба басына жасалған құрмет қана емес, туризмді дамытудың бастауы болар еді.

Бір сөзбен айтқанда, рухани жаңғырудың үлкен бір көрінісі өткенімізді құрметтеп, сонымен мақ­тана білуіміз. Бірігіп атқарар жұмыс ауқымы өте көп. Сол жолда абыройлы болуларыңызға тілектеспін.

Тыңдағандарыңызға рахмет!

РУХАНИЯТ 18 маусым 2019 г. 178 0