Нұртуған шайыр (поэмадан үзінді)

Толыбай Абылаев

 

1952 жылы 14 сәуірде Арал ауданындағы Ескібөген елді мекенінде балықшы отбасында туған. Тұңғыш кітабы «Шағала» 1986 жылы жарық көрген. 2002 жылы «Арал көшіп келеді», 2006 жылы «Аралдан соққан жел», 2011 жылы «Арал Атлантидасы», 2015 жылы «Махаббат дәптері», 2017 жылы «Қыран шайыр» жыр жинақтары, «Редактор Сағынжан Ермағамбетов», «Аты өшпейтін азамат», «Жақсының ізі өшпейді», «Нұрбай би», «Ақ сауытты Айдарбек батыр», «Күлік Теке батыр», «Жақсыдан қалған көз еді», «Жәнке би және ұрпақтары» атты деректі кітаптары оқырман қолында.

Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, Жарасқан Әбдірашев атындағы әдеби сыйлықтың иегері, халықаралық, республикалық жыр мүшәйраларының жүлдегері, 2012, 2018 жылдарғы Қазақстан Жазушылар құрылтайының, 2015 жылғы Астанада өткен Евразия Халықаралық ақын-жазушылары конференциясының делегаты. Қармақшы, Арал аудандық газеттерінде, облыстық теле-радиокомпаниясының Арал қалалық радио хабарларын тарату редакциясында, «Сыр ардагері» газетінде, «Әлімсақ» журналында қызмет атқарған. Бүгін біз ақынның «Нұртуған шайыр» дастанынан үзінді жариялап отырмыз.


НҰРТУҒАН 

ШАЙЫР

(поэмадан үзінді)

Көш

Шектінің Еділ, Жайық, Қарақұмда,

Жұрт айтып мыңғыртып мал айдағанын.

Жармола, Орынбор мен Қарақамыс,

Әлімнің қоныс теуіп, жайлағанын.

 

Нұртуған.

... Тізілген тізбек-тізбек қырда көші,

О бастан басы Арқада,

Сырда төсі.

Ырдуан арба жегіп,

Ырғыз асып

Көшетін дәстүрі елдің жылдағы осы.

Алты ай жаз жайлаудағы

ел жайланып,

Оты мол жолай жайлы жерге айналып,

Орта жүз... Кіші жүзің қауышады,

Орынбор, Жармола асып...

Торғай барып...

Даланың саф ауасы-ай, мына тұнық,

Жол жатыр көш алдында бұратылып.

Түскенше көлеңкесі түскі күннің,

Көш шықты ырғатылып...

шұбатылып...

Жүрісі суыт емес, асықпайды.

«Бозтөбе» бұлдыраған қашықтайды.

Көштегі қыз-жігіттің көңілді әні,

Жүрегін қайтіп қарттың тасытпайды.

... Бел асып бірте-бірте кетті көшің,

Алыстан құлағыңды тек түресің.

Әне бір ескі бейіт... әлімсақтан,

Жанғылыш Шарткен әулие деп білесің.

Қазақтың көрген қырғын даласы көп,

Ешкімнің көк тіреген моласы жоқ.

Жолаушы тоқтап дұға оқитұғын,

Төбе аз ба, тұрған аруақ обасы боп...

...Құлпырған текеметтей қыр-белестен,

Құртқашаш көрінеді гүлмен өскен.

Ертелі келеді еріп шыр-шыр еткен,

Бозторғай төбесінде бірге көшпен.

Бұл көшу таңсық емес далаға аса,

Сырдағы малға қауіп сона... маса.

... Тап қазір көштің алды жайбарақат,

«Жаманқұм»... «Көкдомбақтан»

барады аса.

...Бермеген бүгіп сырын жатқа далам,

Жарасы жазығында жатқан обаң.

Аңсаған еркіндікті асауың да,

Арқырап қашып шыққан атқорадан.

Елі еркін... ері де еркін, сен қарашы,

Ерекше даласының емге ауасы.

Жетінші құрлық десең жарасады,

Қазақтың көз жеткісіз кең даласы.

Көктің де қыранына болған мекен,

О, далам!

деген сөзім жалған ба екен.

Сені аңсап жыл құстары алты

ай сайын,

Келеді қонысынан барған бөтен.

Табылған құт-береке, бақ төрінен,

Сен менің сағынышты сәттерім ең.

Оралды қазығына Ойсылқараң,

Бір кезде ақ ботаң боп аттанып ем...

Жусаның жұпар иіс... құртқа шашың,

Көзіме ыстық,

Сенде жұрт дара шын.

Аспанды тіреп тұрған алыпсың сен,

Қашаннан Қазақ үшін құт даласың.

Барсам да қайда Қазақ даласы іргем,

Өмірім бірге өзіңмен, алашыммен.

Бақытты Жерұйық сен жайлап жатқан,

Атырау... Алтай... Арал арасын кең.

Сиынсам сен деп далам сиынам, ұқ!

Мен үшін жусаның да биік анық.

Кетемін алыс жолға аттанғанда,

Туған жер топырағын түйіп алып.

Аумайды даласынан осы қазақ,

Көңілі кең болмаса несі қазақ.

Керексе қырдан-қырға құлдилаған,

Қазақтың көрдің бе әне, көші ғажап...

Батасын көш шығарда қарттан алып,

Жайлауға ұбап-шұбап тартқаны анық.

«Мектепбай»... «Қосан жарма»

қосарланып,

Әнекей, кетті олар да артта қалып...

Шығыстан көкжиекті түріп келген,

Атар таң адамзатқа үміт берген.

Құс үні естіледі қиқулаған,

Айнадай «Ақша қыздан»...

«Суықкөлден».

Алланың шапағаты жауған күні,

Жөнелді жөнделіп көш ауған жүгі.

Қауіпті жалғыз-жарым жолаушыға,

Шошытқан «Шая»...

Әнекей, «Заузан» құмы!

... Көмкерген көштің үстін күміс күлкі,

Тап сонда ынтымақ пен ырыс кілті.

Шұрайлы өріс қуып, өлеңдетіп,

Шұбырып бара жатыр ұлыс жұрты...

Алтын күн амал туып төкті ырыс нұр,

Көшелі көштің алды көк пүліш қыр.

Қыр асып кеткен көштің артта қалған,

Қыстауға көңілді үні естіліп тұр...

Жыр жүйріктері

Ақын  болып жегілдім,

Жыр сүйреткен тертеге.

Нұртуған.

... Арқасын көш кеткенде кеңге беріп,

Артында «Мырзас» қалды дөңгеленіп.

... Нұртуған шайыр отыр жерқазбада,

Шабыты бұрқ-сарқ еткен демде келіп.

О, шабыт!

Түйдек-түйдек, жыр атылса,

Тапжылмай тап бір дүние тұра тұрса.

Шырайын шығарар ед жырларының,

Шығыстан шыққан Абай ұлы ақынша.

Тоқтатқан Ақын жыры қырық ханды,

...Саусағын бүгіп шайыр,

...Тұрып қалды.

Біртіндеп бәрі-бәрі еске түсіп,

Есімі жүйріктердің сұрыпталды.

- Бағыты қайда, қалай?!

бір-ақ сұрақ,

Бастаған Абай жолы жырақ  бірақ.

... Келеді қырға тартқан көштей болып,

Қазақтың қара өлеңі ұбап-шұбап.

Жүйткіген асау тайдай жыр барады,

Тосады алдан талай жылдар әлі.

Аламан бәйге бұл да,

Жыр жолында

Белгісіз кімдер озып, кім қалады?!

Ұмытты ел кеудесі құр бос талайды,

... Торлаған күміс қырау қос самайды.

Міні жоқ мұзарт шыңдай алдыменен,

Жырына Тұрмағамбет...

қосты Абайды.

... Тоқталды ерен жүйрік есімдерге,

Заманның тұсында әлсіз есіл пенде.

Сұрқия қуғын-сүргін дәптерінен,

Есімін Шәкәрімнің өшірген бе?!

Мұнартқан мұнарадай Молда Бәйім,

Бұрқ еткен ақ мылтыққа ол да қайым.

Шөменнен шыққан Балқы Базардайын,

Шүйлігіп Шернияздай сорғалайын.

Тыңдаушы таңнан таңға таңылатын,

Төртқара Дербіс емес жаңылатын,

Бәйгеде аты шулы Ақтанменен,

Алдына жан салмаған Абыл ақын.

Атасы аты шулы Еспембетті,

Ұмытпай шайырлығын ескерді отты.

Көзінің тірісінде қарақалпақ,

Бердаққа бұл Еспембет дес бермепті.

Ағасы Сұлтан ділмар, ақылды адам,

Кеудесі қилы қисса оқылмаған.

Келелі кеңесімен ағасының,

Біразын шайырлардың мақұлдаған.

Топ жарған тарландардан тақымы тең,

Ежелден емес Сырдың ақыны кем.

Сұрыптап Ерімбетті қосты жырға,

Сұлтандай ағасының ақылымен.

«Құдай-ау, кіл жүйріктен

кім бар тағы?!»

...Еріксіз өз-өзінен сыр тартады.

Бастаған Омардайын Сыр бойының,

Ойында сүлейлері тұрды арқалы.

Кезінде көбісіне көңілі ауған,

Бүгінде дей алмайды оны жалған.

Дүр Оңғар... Ешнияз сал... бәрі-бәрі,

Түбінен жүрегінің орын алған.

Бірінен бірі сірә, кем бе осының?!

Тербеткен маржан сөздің тең бесігін.

Орасан ойы шалқып отыра қап,

Өрнектеп шайырлардың өрді есімін...

Қаймықпай қызылдардан дүрілдеген,

Қоссаң да қай бәйгеге сүрінбеген.

Қосжанов Нұрмағамбет нағыз шайыр,

Дастаны «Сартай батыр» 

шынында ерен.

Өнері ұқсайтұғын туған Айға,

Жырау мен шайыр аз ба, бұл маңайда?!

Өлеңде өз ізі бар өрнек салған,

Мейлі, жетпесе де мүлде Абайға.

Керемет келістірген бәрі сөзді,

Таланттың топқа салса...

шаңы да озды.

Тәнті еткен тыңдарманын Жаңаберген,

Даңғайыр Дәріқұлмен Кәрібозды...

Қоясың қоспай топқа қайда ғана,

Шұғыла шашқан жырдан айналаға,

О бастан отты жыры оқшау тұрған,

Мұнара ол екеуі айдалада...

Алыстан ат шалдырған төріне кеп,

Салменен маңайында сері де көп.

Ылдиға салсаң жүйрік төске озатын,

Жәметтей жиенінің жөні бөлек.

...Жан-жағы жұлдыз жырау

жыпырлайды,

«Әу» десе олар неге құтырмайды?!

Қасында қаз дауысты Жаппарберді,

Осында және алдырған Бітімбайды.

Шектінің шыққан бұлар шекпенінен,

От ауыз, орақ тілді шеттерінен.

Қаз-қатар отыра қап текеметке,

Қазақтың төгеді жыр өткенінен...

... Ебіден соққан желдей екпіні кеп,

Кердері Әубәкірде текті жыр көп.

Дабысы Даңмұрынның әуелден-ақ,

Көңілін құлазыған кетті бірлеп.

Батыста Нұрым жырау... нән Қашаған,

Айтқаны тіліп түсер алмас адам.

Ақ нөсер Ақтөбенің Байғанины,

Шайырдың осалы емес ол да саған.

Сүйінбай жүрек жұтқан жүйрік тегі,

Алмаған бағындыра билік те оны.

... Жер шалған еңку-еңку ер Махамбет,

Ханға да... патшаға да илікпеді.

Ұлық жыр сыйлау үшін ұлысыңа,

Түйген жөн жүйрік сөзді тіл ұшына.

... Теңізін терең ойдың кешкен шайыр,

Көздерін қадайды үйдің бұрышына.

Құйғытып Кендебайдың құла атынша,

Ұзақ күн отырады бір отырса,

... Қағазы үйме-жүйме алдындағы,

Жазылған арабша әрі латынша.

Әр жыры ел жүрегін елжіретіп,

Төгеді ақ қағазға мөлдіретіп.

Жақтырып жетілік шам жер қазбаға,

Әп-сәтте ақшам мезгіл келді жетіп.

...Ойында маң-маң басқан көш манағы,

Ел сиреп иен дала есті алады.

Ызғыған ылди жаққа ымырт қонып,

Шайырдың шарт түйілген қас-қабағы.

Талабын Нұртуғанның Алла оңғарсын,

Көзімен атырған сан таңдар бар шын.

Әуелгі назым жырын алақанда,

Әлеумет әлдилеген жанды аңғарсын.

Сұлтандай ол әрине сұңғыла аға,

Баулыған балапандай жыр мұраға.

Жекенді жер-сулары осы араның,

Алғашқы тақырыбы бұл күні о да.

... Қызықтап біраз қырдың гүлді көгін,

Көрді енді бозамық көк бұлдыр өңін.

... Адырға шықты шайыр алабұртып,

Аялап бір кездері жыр жүрегін.

«Бозтөбе»...

Боз жусаны бұл араның,

Бұрқырап масайтады қыр адамын.

Жыр құрап жүрді шайыр біразырақ,

Айналып «Бозтөбенің» гүл алабын...

Жамылып қара барқыт желбегейін,

Шашырап кеткен бір сәт терген ойын.

Еңсеріп ежелгі жыр «Едігені»,

Тұсы бұл асқақтатқан ел мерейін.

Өзгеден қалай жұртың қораш болмақ,

Қадірлі қаңбақ екеш қараш, қаңбақ.

...Нұртуған өкініпті ноғайлыны,

Жырына қосқанына о бастан-ақ.

«Мұнымды кеш» деп шайыр көп тіледі,

Езіліп осы ойдан-ақ ет жүрегі.

«Әттең-ай, келмепті ойға неге, неге,

Әу бастан Әлімменен... Шекті...» деді.

... Тап қазір түсті шайыр сол ойына,

Сабақ бұл кейінгінің талайына.

... Күн құлап көкжиекке,

біраздан соң

Кеш түсіп келе жатты маңайына...

Шайыр болжамы

1929 жылы жаз айында «Бозтөбенің» басында шарт жүгініп, құбылаға қарап отырып, ақын болашақты ойлап толғаныпты.

...Тәркілеп НКВД бай-манапты,

Иттей қып итжеккенге  айдап... атты...

Заманы зарықтырған бірде шайыр,

Басында «Бозтөбенің» ойға батты...

Отырып ну ормандай ойда қалың,

Тарылған түрін көрді айналаның.

Қайнайды зығырданы құл-құтанның,

Ойлайтын қызыл қоғам қайда қамын?!

Қақпанын қызыл қоғам құрған байға,

Мыңғыртып мал айдаған

мырзаң қайда?!

Адамзат алдыңда жау... артында тау

...Ақынды түсірді осы түрлі ойларға.

Бағыты мүлде жұмбақ заманының,

Түнерген түрі жаман адамының.

Тығылған топырақта ажал бардай,

Астына қарайды ақын табанының...

Отырды жалғыз өзі шарт жүгініп,

Құбылаға қос жанарын қапты бұрып.

Кенеттен көшкен бермен қара бұлттар,

Тұп-тұнық көкте салып жатты бүлік...

Қор болғыр көрді көктен көзі нені?!

Не сұмдық!

Ет жүрегі езіледі.

Аспанның түрін көріп астан-кестең,

Болжайды бір қауіпті,

Сезінеді.

Болжаған жүз жылдығын Мүсірәлі,

«Жанында мен кім?!»

Жаман қысылады...

... Батысты бұлттар басып,

өрт тұтанып,

Апатқа жердің үсті ұшырады.

Болмаған нәубет қой бұл

Нұхтан бермен,

Топан су тіршілікті жұтқан жермен.

Кемелер...

Отарбалар...

Зәулім үйлер...

Зар илеп, зәресі ұшып ыққан селмен.

...Ажары аспан жақтың тіпті жаман,

Жай ойнап, жерге жасын күрт құлаған.

... Жарасын жер-Ананың жазды кейін,

Адамзат апаттан бұл шықты да аман.

Болжаған он екі жыл алдағыны,

Данышпан ойшыл дерсің ол дағы ірі.

Адамзат апатында ажал құшып,

Ақынның қайтпай жалғыз қалған ұлы...

Бекер-ақ болжаған ба алдағыны?!

Жат жерде жалғыз түйір қалған ұлы.

Әкесі болжап кеткен өлерінен,

Жыл бұрын

Сезді ме екен ол да мұны?!

Шайырға сездірді ме, Хақ Тағалам,

Құбыла жақты сонда отқа ораған.

Біліпті-ау, алдын-ала болжап ақын,

Кесапат күн туарын оқ бораған.

... Болжапты күн батысты...

Мәскеу жақты,

Күркіреп қоңырауын аспан қақты.

Көрместі көрдім-ау деп

Нұртуғанның,

Көзінен ағыл-тегіл жас парлапты...

Құпия көріпкелдік сыры ғажап,

Төңірек түтін басқан тірі тозақ...

Осылай көрініпті көз алдына,

Қиямет-қайым болып құбыла жақ...

Ақын ажалы

Ертеде Намұрат пен Шүһдат та өтті,

Іскендір, шаһ Сүлеймен 

мұсылманнан.

Бұлар да әмірлерін жүргізіпті,

Дүнияға бұл төртеуінің аты мағұлым.

Аттарын артықтықтан білдіріпті.

Осындай талай адам өткен шығар,

Жер жүзі жеткілікті, кім біліпті?!

Нұртуған.

...Қонысы бұйырғынды

«Мырзас» маңы,

Ап-ашық ата жұрттың нұрлы аспаны.

Аядай шаңырақта келді осы бір,

Дүниеге күллі жауһар жыр-дастаны.

Атына Арал... Нүкіс барша қанық,

Аялап өтті Арқада қанша халық.

Сыр бойы жыраулары отыратын,

Осынау жерқазбада қоршап алып...

Өлеңі өрледі өстіп өрден-өрге,

Кезегі келгенде жыр-термелерге,

Көшіріп жаттап алып жез таңдай кіл,

Жыраулар жөнелетін елден-елге...

... Ермегі жыр ерте-кеш жер үстелде,

О бастан пендешілік жоқ істерге.

Татардың ұлы ақыны Ақмолдамен,

Айналды хат алысып өріс кеңге.

... Қиялы қыран құстай қиядағы,

Көп қағаз умаждалған сия маңы.

Азабын жетімдіктің артты қалған,

Ойына осы күні жиі алады.

Қауызын ашпай жатып тіпті арманы,

Қайтерсің қабағына бұлт қонғаны.

Риза осы күні жұртқа шайыр,

Қол ұшын созды бәрі,

Сырт қалмады.

Риза Жарқынбике жан жарына,

Жете алмай кетті ол да арманына.

Артында жалғыз ұлы Зәйтүн қалып,

Тұрмыстың тосты иығын салмағына.

Жетім боп күн кешсе де кемдікпенен,

Жалауын төртеуінің ол тіктеген.

Әкесі болжап кеткен сол соғыста,

Зәйтүні тапты қаза ерлікпенен...

Ақынның ардақ тұтқан аруағын,

Артында Аманөткел... елі қалың.

Құлатпай Ниязбектей отыр ұлы,

Інісі Мақанжанның шаңырағын.

... Дастанның ойы оймақтай...

тілге жеңіл,

Тыңдауға құмар естіп, білген өңір.

Әкесі Кенжеғұл мен Айсұлудай,

Анасы азғантай жыл сүрген өмір.

Түседі сұм ажалға кімдер ара,

Мәңгілік ешнәрсе жоқ бұл далада.

Бәрі де кетті үйленіп, бір-бір үй боп,

Жетті аман төртеуі де бір қараға...

Маханжан ізіне ол інісі ерген,

Бас қосты апасы Үбіш дұрыс ермен.

Кешікпей қарындасы Сырға болса,

Баянды тапты бақыт тыныш елден.

...Көп оқып көңіліне тұнады айдын,

Бос мезгіл, жоқ шайырда сірә

жай күн.

Ағасы Сұлтан бірде Орынбордан,

Кітабын әкеп берген ұлы Абайдың.

Сол сол-ақ кетті тимей жерге аяғы,

Танытты шын ықылас ел баяғы.

«Өрісті болсын деген өлең-жырың»,

Үлкендер бата беріп қол жаяды...

Өлеңнен өле-өлгенше тапты бақыт,

Қанатын қыран құстай қақты шабыт.

«Толыбай сыншы» дей ме,

Суханберді

Туысы алатұғын ат сынатып...

... Ауыр дерт салды азапқа

жанын талай,

Жеңді екен ақырғы сәт... бәрін қалай?!

... Жендетін НКВД жолатпады,

Жасқанбай жар қосағы Әлимадай.

Өмірдің арты шуақ, алды сағым,

Ойына осы ой жастық салды шағын.

Келмеген кезі ақынның қырыққа әлі,

Аңсайды анда-санда жар құшағын...

Жұп болу Адам Ата-Хауа Анадан,

Жалғасқан, соған зейіні ауады адам.

Әуелгі екі әйелден кейін ақын,

Жүрегі төсекке жоқ дауалаған.

Қызығы біткендей-ақ соныменен,

Бақытты болмақ әйел еріменен.

Шайырдың жанындағы жалғыз ұлы,

...Шошынтты жар құшағы тегі неден?!

Тағдыры тағы үйленсе...

болмақ қалай?!

Әйелсіз кеткен еркек сорлап талай.

Төрінде төрт әйелдің жатып алып,

Қазақтың болашағын болжапты Абай.

Қызықты қос әйелмен құрмады көп,

...Ұясын тағдыр желі ұрған үдеп.

Сол қазақ айтып кеткен кейінгіге,

«Қамшы сап қатын өлсе сынғаны» деп.

Бақытын шайыр тосын

табар ма алдан?!

Бәлкім, сол...

үмітсіз бір хабар болған...

Отызда орда бұзып...

Қалмақтардан,

Қырықта ноғайлыдай қамалды алған...

Шайырдың татқаны у... шаттығы мұң,

Ойы да соны ойласа тәтті бүгін.

Қондырар алақанға бір аруды,

Тезірек  келсе дейді аттылы күн.

Қарсы емес қасындағы бала... туған,

Еркектер әйел үшін жаратылған.

Әуелі керегі осы шын еркекке,

Көз ілмей тар төсекте таң атырған...

Кірпігін отыр сонан әзір ілмей,

«Бір-бірін сүйген Ләйлі-Мәжнүндей,

Әттең-ай, Жарқынбике, Әлимадай,

Әдемі жар таппаған жазығым ғой».

Ай мен Күн жалғыз-жалғыз

көк аспанда,

Ол мүлде көрінбейді оғаш жанға.

Жәндік екеш жәндікке жараспайды,

Жалғыздық бір Аллаға жарасса да.

Осыдан сырбаз шайыр сыр ұққан-ды,

Ай мен Күн салды ойына ұмытқанды.

Үніне аулақтағы қос шекшектің,

Құлағын тосып біраз тұрып қалды...

Ананың айналайын қадірінен,

Әйелдің әлем түгел әмірімен.

Әлима төсек тартқан Нұртуғанды,

Жендеттің қорғап қалды зәбірінен.

Жайдары, жауқазындай жаны неткен,

Әліге қайрат берген әлі кеткен.

Қазақтың қыздары алсын үлгі-өнеге,

«Қарасай-Қазидағы» Қарүлектен...

Қараса ерге тура батыл жанар,

Баурап ап болмайтыны мақұлданар.

Аналар айбатына нағыз мысал,

Қаратау басындағы «Қатын қамал».

Сыйғызған сұлулықты жанарына,

Әйел сол басқан жұмақ табанына.

Алашқа аңыз болған аналарды,

Шайыр да жүктеді сан қаламына...

... Нұртуған қағылездеу тіптен кісі,

Шұнтиған шоқша сақал, сырт белгісі.

... Әлима тастап кетті әттең кейін,

Шайырдың басына дерт түскенде ісі.

Қайтерсің жалғыздықтан қысылғанын,

Жалады өкініштен ішін жалын.

Отырып қалды білмей аққу құсты,

Қолынан не себепті ұшырғанын.

Жалғыздық бір құдайға жарасатын,

Қайғырды, қапаланды оңаша ақын.

Сонда да мәңгілікке аттанғанша,

Жоғалтпай өтті адамдық парасатын.

Ақ тұйғын ажал қанша ерге келді,

Қимасын көмген талай көрген елді.

...Апыр-ай, жаза алар ма ақтық сәтте,

Ақырғы аманатын...

... Соңғы өлеңді.

Күндіз бе,

Тас қараңғы түнде ме енді?!

...Ақырғы ойлап ақын тұрды өлеңді.

Апшыған ақ кебінмен құр денеңді,

Сапарға ақтық сәтте аттандырған,

Көрмейсің өзің өмір сүрген елді.

Қуантпақ... өмір кейде өкпелетпек,

Жалғаннан кім тезірек, текке кетпек?!

Ажалдың құрығында жалғыз өзің,

Қаласың аңдысқанда бетпе-бет кеп...

Жақындап жасын төгіп нақ жанына,

Жоқтайтын азан-қазан жоқ жары да.

Кетеді...

Кетеді ақын бұрынғының,

Түсіп ап бұрылмайтын соқпағына...

Көреді-ау, жетімдікті жалғыз ұлы,

Баяғы өзіндей боп

Жан қызуы

Бойынан тарағанда...

Зауалын-ай,

Ажалдың...

Зәйтүн еді бар қызығы.

Сол сәтте ой түседі сан-сақ ерге,

Болсаң да байлыққа мас қанша пенде.

Сұм ажал тұзағынан құтқармайды.

Айтсаң да арызыңды сонша өлерде.

Тірілер өлеңіңді ұмыттырмас,

Басады ізіңді әлі үмітті жас.

Түбінде қараңғы көр тоқтайды енді,

Бұйырған пешенеңе 41 жас.

...Жаяу бол, желік буған бол аттылы,

Дүниенің осы емес пе шолақтығы.

Ескендір... Едігені алған ажал,

Адамның бәрі өмірге қонақ түбі.

Болмапты жарық дүние

кімдерге арман,

Құшағын ажыратып бір болған жан,

Кетеді жалғыз-жалғыз,

... көзі қиып

Аттанбақ қалай ақын сұм жалғаннан?!

...Осынау сұмдықтан соң

өткенде жыл,

Буыршын мұзға тайып шөккен не бір.

Келместің кемесімен кете барған,

Өлмейтін өлең-жырын төккен көңіл.

Өткізген жырмен өмір қилы күнін,

Жем түсті аяғына жүйрігінің.

Алланың өзін сүйген ақынына,

Ақыры жетті кезі бұйрығының...

Артында «Мырзас» қалды,

Мұңаятын,

Басқа жоқ баласынан былай ақын.

Адамнан о дүниелік бұл дүниеде,

Аянып қалмасы аян тірі аятын...

Қып-қысқа жаралса да тек ғұмыры,

Бүгіннің биігіне жетті жыры.

Төрінен алады ақын ойып орын,

Ертең де болып жыры көптің үні...

Толыбай АБЫЛАЕВ,

Қазақстан Жазушылар 

одағының мүшесі..

РУХАНИЯТ 25 маусым 2019 г. 150 0