Қазақ мәдениетіндегі ислам діні

Ислам діні қазақ даласына 751 жылғы Атлах шайқасында (бұл қақтығыс араб әскері мен қытай арасында болған) араб қолбасшысы Қутайба ибн Муслимнің жорығынан бастау алып, қазіргі Түркістан облысы аумағынан Сыр бойына дейін кеңінен тарала бастайды. Қарахандықтар дәуірінде ислам дінінің рөлі күшейе түскен. Сол кезеңдерден бастап қазақ халқының күнделікті өмір сүру салтына сіңіседі.
Ислам дінінде «ғурф» деген сөз бар, яғни бұл қазақ тілінде қолданы­лып жүрген «ғұрып», «салт», «дәстүр» сөздерімен синонимдес термин. Ша­риғи мағынада «ғурф» деген пәтуа шығару барысында Құран мен сүн­неттегі басты қағидаларға қайшы кел­мейтін тұсын ескеріп, жергілікті халықтың менталитеті мен салтына қарай өмір сүру ережелерін бекіту болып табылады. Ислам діні халықтың салт-дәстүрін ескерген. Осыған сәй­кес суниттік бағытта 4 мәзһаб қалып­тас­қан. Олар: Ханафи, Малики, Ша­фиғи, Ханбали мәзһабтары. Бұл мәз­­һабтардың ішінде алғашқысы әрі кеңінен таралғаны – Әбу Ханифа мәзһабы. Оның пайда болу алғышарты әуелі Құран мен Пайғамбар сүннетін сақтап қалу болса, екіншіден жергілікті халықтың ұлттық ерекшеліктері мен салт-санасын ескере отырып, дін мен дәстүрді сабақтастыру болды. Қазіргі таңда Ханафи мәзһабын Орталық Азия мұсылмандарының басым көпшілігі ұстанады.
«Дәстүрдің озығы бар, тозығы бар» дегендей кейбір ғұрыптар тарих қойнауында қалғанымен, өміршең­дігін жоғалтпағандары да бар. Қазақ даласына ислам діні келмес бұрын халық арасында түрлі ырым-наным түрлері кездескен. Мысалы, шаманизмнен қалған адыраспан тұтату, анимизмдегі ата-баба аруағына сыйыну секілді ғұрыптардың сенімдік формасы өзгертіліп, белгілі салтқа айналған. Енді әрқайсысына жеке тоқталар болсақ, қураған адыраспан өсімдігінің түтіні үйдегі теріс энергияны, ауадағы микробтарды жоятыны ғылыми тұрғыда дәлелденген. Мұны қазақ халқы бұрыннан отбасына жаңадан келін түскен кезде, баланы бесікке бөлерде, әрбір жұма күндері, адам ауырғанда үй ішінде тұтатып, ауаны тазарту, жаман энергиядан сақтану мақсатында пайдаланған.
Анимизм нанымы бастапқыда адам тәнінен шыққан жанға, рухқа, яғни аруаққа сыйынудан пайда болғанымен қазақ халқы арасында өмірден өткен ата-бабаларына құрмет көрсетумен шектелген. Осыдан қазақта «Өлі разы болмай, тірі байымайды» деген сөз қалыптасқан. Бұл аруақтарға сыйыну деген сөз емес. Қазақ халқы бала тәрбиесінде «Жеті атасын білмеген жетесіз» деп баланың өз тегін білуіне, ата-баба тарихын ұмытпауына және жеті атадан қыз алыспай, қан таза­лығын сақтауға аса мән берген. Әрбір азаматқа ата-баба шежіресін біліп жүруін міндеттеген.
Осыған байланысты ислам дінінде өмірден өткен адам халықтың пайдалануына мешіт, көпір, жол салып кетсе, білім үйретіп, кейінгі жастарға рухани азық болатын ғылым қалдырса, артынан дұға жасап тұратын ұрпағы қалса осы үш сауапты ісі тоқтатылмайды делінген. Осының үшіншісі ата-бабаларына дұға ету болса, мұның да ислам шариғатына қайшылығы жоқ. Тіпті Мұхаммед пайғамбардың өзі мазаратты зиярат етуді өсиет еткен, мұндағы ескеретін жағдай зиярат ету кезінде аруақтарға табыну емес, пайғамбар жеткізгендей, біріншіден мазаратқа барып тірі жанға келетін өлімді еске алу болса, екіншіден ата-бабалардың рухына Алладан дұға тілеу болып табылады. Десек те, халықтың ішінде бақсы-балгерлердің себепкерлігімен аруаққа сыйынушылық белгілері бар екендігін жоққа шығара алмаймыз.
Қазақ даласына ислам діні келмес­тен бұрын да халықта «ханифтік» се­нім болған, яғни бір Жаратушы Тә­ңірге деген сенім. Сондықтан бұл қазақ халқының мұсылмандықты қа­былдауына еш кедергісін келтірмеді. Керісінше ислам діні түркі елдеріне тарауымен ғылыми тұрғыда кеңінен дами бастаған. Алғашқы ғылыми жа­ңа­лықтарды ашқан түркі жұртынан шық­қан мұсылман ғалымдары бол­ған. Бірақ XIX-XX ғасырда Батыс елдерінің күшеюімен шығыстық ғы­лыми еңбектер тыс қалып қой­ған. Қазіргі таңда кейбір өздерін ақи­қаттың жаршысы, пайғамбар ғасы­ры­ның жалғастырушысы санайтын псев­досалафиттік бағыт­тағы топтар қазақ халқын кешегі 1990 жылдардан бас­тап мұсылмандықты та­­ныған деп, әлемнің екінші ұстазы атанған Әбу Насыр Әл-Фара­биді, Ахмет Йегүнекиді, кейінгі Абай Құнанбай­ұлы, Шәкәрім Құдай­бер­діұлы, т.б. дін сала­сындағы ағартушы-ға­­­лымдарды адасушы­лар деп көрсеткісі келеді. Мұнымен шек­телмей еліміздің салт-дәстүрімен біте қайнасқан суниттік бағыттағы Имам Ағзам Әбу Ханифа мәзһабының негізін қалаушылар Сәбит ибн Нұғман, Имам Абу Юсуф, Имам Мұхаммед, Имам Тахауи, Имам Абу Мансур әл-Матурудиді де жоққа шы­ғаруда. Қазақта «ақылды ит сүйекті жұтпас бұрын өңешін өлшеп алады» деген сөз бар, сондықтан рухани құндылықтарды жоққа шығармас бұрын мәселенің байыбын түсініп алған дұрыс дегім келеді.
Сондай-ақ, ислам дінінде «әрбір адам баласы әлмисақтан бері мұ­сылман» деген қағида бар. Әлмисақ дегеніміз – адам баласының рухы мен Аллаһтың арасында уәде етілген күн, яғни, адам баласының рухтары жаратылған уақытта Алла Тағала олардан «Мен сендердің жаратушы Раббыларың емеспін бе?», – деп, сұрапты. Сонда  адам баласының рухтары «иә, сенсің бізді жаратып тәрбиелеуші Раббымызсың» деп уәде берілген. Осы ретте әрбір мұсылман «Аллаға шүкір, әлмисақтан бері мұсылманмын» деп жауап береді. Қа­зақ халқы әлмисақтан бері мұсыл­ман!

Дархан ЕРНАЗАРОВ,
облыстық ішкі саясат
басқармасының маманы.
РУХАНИЯТ 01 қыркүйек 2019 г. 312 0