Абай әлемі – руханият мәйегі

Қазақтың ұлы ақыны, хакім Абайдың 175 жылдығына орай  бастау алған “Абай жолымен” атты  республикалық ақындар айтысы Сыр елі – жыр елінде жалғасын тапты. Мемлекет басшысының “Абай және ХХІ ғасырдағы Қазақстан” атты мақаласында ұлы ақынның әдеби мұрасын әлемдік деңгейде насихаттаудың үлгісі ұсынылған болатын. Айта кетейік, бүгінгі таңда елімізбен рухани байланыстағы бірқатар әлем елдерінде Абайдың  175 жылдығына арналған шаралар аталып өтуде.

"Nur Otan"  партиясы төл өнеріміз – айтысқа тұрақты қолдау көрсетіп келеді. Мә­селен, өткен жылы 9 рес­пуб­ликалық айтыс өткі­зілсе, биыл еліміздің әр өңірінде 77 мәрте  айтыс өткізу жоспарланып отыр. Сонымен бірге, жазба әдебиетін қолдау мақсатында жыр мүшәйралары өткізіледі. Бұл бағытта партия жанынан құрылған "Мирас" қоғамдық кеңесі жұмыс жасайды. Жалпы, осы жылы қабылданған партияның саяси доктринасында мәдени әлеуетімізді қолдауға ерекше басымдық беріліп отыр, – деді партия төр­ағасының бірінші орынбасары Б.Байбек.
Облыс әкімі Қуанышбек Ысқақов қазақтың ұлы ойшылы, ақын Абай Құнан­бай­ұлының мерейтойы аясында "Абай жолымен" атты республикалық ақындар ай­ты­сының Сыр елінде өтуі өңірдің өнерсүйер халқы үшін аса маңызды екенін атап өтті. Сонымен қатар, халықтың төл өнері – айтыстың жастарды тәрбиелеуде әлеуметтік идеологиялық жағынан мықты құрал екенін айтып, ақынның рухани мұрасын насихаттау шараларының әлі де жалғаса беретінін жеткізді.
– Айтыс десе делебесі қозбайтын қазақ жоқ шығар. Өйткені айтыс – шын мәнінде сөз аламаны. Қазақтың қаһар­ман мінезінің көрінісі, – деді аймақ басшысы.
Иә, расында Абайға деген құрмет оның шығар­ма­шылығына терең бойлаудан тұрса керек. Бұл орайда жаңа қоғам мен жаңа адамды қалыптастыру идеясы да Абайдан басталғанын ақын шығармалары арқылы білеміз. Ақынның адами құндылықтар тұрғысынан айтқан ой-пайым­дары бүгінгі уақыт өлшемімен қарасақ та өзекті. Таңғаласыз әрі тәнті боласыз. Сондықтан ақын мұрасының ұрпақ тәр­биесіндегі орны бөлек екені даусыз.    
Айтыс аламанына Серік Құсанбаев, Кенжебай Жүсіпов сынды сақа айтыскерлер бастаған, есімдері ел аузында жүрген Айбек Қалиев, Аспанбек Шұғатаев, Жансая Мусина, Әсем Ережеқызы, Мұхтар Ниязов, Мейірбек Сұлтанхан, сондай-ақ Аян Ниязбек, Аруна Керімбек, Сұлужан Тауболды, Бексұлтан Орынбасар сияқты талантты жастар қатысып, бақ сынасты.
Жеребе арқылы жұптасқан ақындар арасынан айтысты шымкенттік Аян Ниязбек пен Сырдың ақыны Кенжебай Жүсіпов бастады. Жас ақын Аянның аяқ алысы бөтен емес, ал көпті көрген Кенжебай ақын  "болам деген баланың белін буып", батасын берді. Одан соң Айбек Қалиев пен Мұхтар Ниязов үзеңгі қағыстыра, жарасымды айтыс жасады. Ал Мейірбек Сұлтанхан мен Аруна Керімбектің айтысында ұлттық тәлім-тәрбие мен отбасының құндылығы жайлы өте байсалды сөз сайысы болды. Ұлт мақтанышы Абайды тәрбиелеген Ұлжан ананың ақыл-парасаты, Зере әженің зерек болмысы үлгі етілді. Сол сияқты, жасынан ел билігіне араласқан Абайдың қара қылды қақ жарып, туғанына да тура жаза кескені жайлы ойлы да орнықты шумақтар өрілді. Айтыстың ардагері Серік Құсанбаевпен айтысқан Сұлужан Тауболды есімді жас ақын көрікті ойларымен көптің көңілінен шықты. Айтыс аламанына енді-енді ат қосып жүрген Сырдың ұлы Бексұлтан Орынбасар да арындап шабуға шамасы барын байқатты. "Жығылсаң, нардан жығыл" дегендей, жеребе бойынша әйгілі Жансая Мусинамен жұптасып, жүрексінбей айтысты.
Сөз сайысының соңғы мәресінде аламанның алдын бермей жүрген Жансая Мусина мен Мұхтар Ниязовтың айтысына көрермен қошеметі ерекше болды.
Абайша айтсақ, "Хиуадан шауып, қисынын тауып кететін" Мұхтар Ниязовтың:
– Қазақтың көп болғанмен оқығаны,
Абайдан ой айтқан жоқ
өтіп әлі.
Әлемге тау тұлғаны
тарту еткен,
Жатаған Шыңғыстаудың
шоқылары.
Хакімді алға биік
ұстай білсек,
Халқымның мүмкін емес
тоқырауы.
Шығыстан Күнмен бірге
шыққан Абай,
Батыстан күн
шыққанша оқылады,
– деген шумағы осы тақы­рыптың түйіні болды десек, артық айтқандық болмас.
Айтыстың тақырыбына сай ұлы ақын Абайдың ағартушылық тұлғасы айшық­талып, қара сөзбен өрілген қайыстай мықты фило­софиялық ой-толғамдары жайлы кеңінен қозғалды. Ұлттық таным тұрғысынан мазмұны ерек ақын шығармаларын өзіндік ой орамдарымен тереңірек тарқата білген айтыскерлер Абай  образын асқақтатуға барын салды. Сол сияқты, қазақы қалжың, әдемі әзіл-оспақпен сөз жарыстыра отырып, ел ішіндегі әлеуметтік мәселелерді көңілден қалыс қалдырмады. Аталы сөздің астарына бойлай отырып,  өмірдегі өзекті тақырыптардың да жай-жапсарына қозғау салған ақындардың ұтқыр ойлы ұтымды сөздері көрермен көңілін серпілтті.
Айтысқа Халық ақыны, ҚР мәдениет және білім саласының үздігі, А.Байтұрсынов атын­дағы Қостанай мемле­кеттік университеті жанындағы "Өнер" студиясының директоры Әсия Берке­нова, ақын, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, рес­пуб­­ликалық "Жұлдыз" жур­налы­ның бас редакторы Ғалым Жайлыбай, белгілі жырау, Қазақ ұлттық өнер академиясының профессоры, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Алмас Алматов, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, ақын, журналист, публицист  Жанарбек Әшімжан, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, Орал қаласындағы Қадыр Мырза Әли атындағы мәдениет және өнер орталығының басшысы Бауыржан Қалиолла қазылық етті. Ал сөз аламанын Қазақстанның Еңбек сіңірген қайраткері, "Құрмет" орденінің иегері, Қазақстан айтыс ақындары мен жыршы термешілердің халықаралық одағының төрағасы Жүрсін Ерман жүргізді.
Бас жүлде "Айтыстың ақтаңгері" Мұхтар Ниязовқа бұйырды. Ал, І орынды Жансая Мусина иеленсе, ІІ орынды Әсем Ережеқызы, ІІІ орынды Мейірбек Сұлтанхан мен Айбек Қалиев еншіледі.
Айта кетейік, төл өнерді төбесіне көтеретін Сырдың халқы облыстағы маңдайалды драма театрдың залына сыймай, тікесінен тік тұрып тамашалады. Осы орайда айтыс өнерінің қолдаушысы Жүрсін Ерман ағамыз «Сыр еліне айтыстың ақ сарайын салып берсе, артық болмас», – деп ырзалығын білдірді.
 
Ғазиза ӘБІЛДА.
Суреттерді түсірген
Нұрболат НҰРЖАУБАЙ.
РУХАНИЯТ 29 ақпан 2020 г. 137 0