Әжейдің әсем әлемі

Ақайлық Толқын Жолымбетова – он саусағынан өнер тамған ісмер. Өмірге 9 перзент әкеліп, олардан немере-шөбере сүйіп отырған қария сексеннен асты. Десе де, қартайдым деп отырған жоқ. Қолынан келген кәсібін жандандырып, елді ұлттық қолөнер бұйымдарымен қамтамасыз етіп отыр.  
Табалдырықтан аттай сала киіз үйдің сұлбасын байқадық. Батыр ана әрбір оюды қиюластыра келтіріп, ұлттық нақышты басты нысанаға алыпты. Айтуынша, ауылдағы білім ошағының тап­сырысы екен. Тігіншілік қасиеті анасынан дарыпты. Киіз үй кең қолданыста болған тұстары оның қолынан шыққан дүниелер ауылдағы әрбір үйдің төрінде тұрған. Қазір де тысқары қалған жоқ. Мұражайдан орын алып тұрған әсем бұйымдардың көбі – осы кісінің туындысы. Бала тәрбиесін де қатаң қадағалап, өнерін де дамытып отырған кимешекті әжей отыз жылдан бері зейнетте. Бірақ нағыз жұмыс зейнетке шыққаннан кейін басталды дейді ол күліп. Ол «Әжелер ансамблімен» бірге жер-жерді аралап, түрлі өнер додасынан жеңімпаз ата­нып жүр. Ал жекелей өзі «Қарт­тардың да өнерге бар таласы», «Қайран ерлер, қаһар­ман ардагерлер» атты көркем­өнер­паздар сайысында топ жарған.
– Алла берген 4 ұл, 5 қызды өмірге әкелдік. Сол кездегі заман көшінен қалмай өмір сүр­дік. Бүгінде перзенттерім өз орнын тапты. Олардан 17 немере, 5 шөбере сүйіп отыр­мын. Қолөнерлігімді жал­ғаған Айнұр есімді қызым қа­лада тапсырысқа түрлі бұйым­дар жасайды. Ондай қы­зы­ғушылық қасымда жүр­ген немере қыздарым да бар. Үйренем деген адамға үйретуден жалықпаймын. Мұндай өнерден кез келген әйел адамның хабары болғаны дұрыс, – дейді батыр ана.
Тағдырдың жазуымен Гүл­сім немересінің мүмкіндігі шек­теулі болды. Десе де, ол қоғам өмірінен тыс қалмады. Ерекше білім алуды қажет ететін оқушы қалааралық би сайыстары мен қолөнер сайыс­тарының белсенді қатысу­шысы.
Толқын әжейдің туындылары көз тартарлықтай көркем. Қолынан шыққан әрбір бұйымға еріксіз қызыға қарайсың. Ынта мен ықылас болса, кез келген тауды еңсеруге болатынын айтқан батыр ана біз кетіп бара жатқанда тағы бір тапсырысты орындауға кірісіп кетті.
Дәулет ҚЫРДАН,
«Сыр бойы».
Қармақшы ауданы.
НЕГІЗГІ ЖАҢАЛЫҚТАР 27 наурыз 2020 г. 141 0