АДАМЗАТТЫҢ АСЫЛ ТӘЖІ

334

0

АДАМЗАТТЫҢ АСЫЛ ТӘЖІӨткен жексенбі күні облыстық Н.Бекежанов атындағы  драма 
театр­да орталық «Ақмешіт-Сырдария” мешітінің ұйымдастыруымен күллі
мұсылман қауымының, жалпы адамзаттың абзалы, екі дүниенің сардары –
пайғамбарымыз Мұхаммед Мұстафаның (с.ғ.с.) туған айы саналатын Мәуліт мерекесі
аталып өтті. Қаңтар айының басынан басталған Мәуліт салтанаты облыс аймағындағы
барлық мешіттерде түрлі шаралармен аталды.

«Адамзаттың асыл тәжі –Мұхаммед
(с.ғ.с.)”  деп аталатын Мәуліт мерекесі
қасиетті  Құран кәрім оқумен
басталды.  Мұнан кейін Пайғамбардың дүниеге
келуі, өмір жолы, пайғамбарлық етуі жайында 
бейнебаян көрсетілді. Көпшілік алдына шыққан облыстық дін мәселелерін
зерттеу орталығының  директоры Бақытжан
Жарылқасынұлы осынау мерекені тойлауға Тәуелсіздіктің, Елбасының сындарлы
саясаты  арқасында қол жеткенін айта
келіп, облыстағы дін саласында атқарылған игі істерге тоқталды. Орталық
мешіттің бас имамы Талғат Омаровқа облыс басшысының  Құрмет грамотасын табыс етті.
Ал Орталық мешіттің бас имамы
Талғат Сейіткәрімұлы жиналған көпшілікті Мәу­літ кешімен құттықтап, Пай­ғамбардың
ғасырлардан ға­сыр­ларға жеткен  ізгі
амалдары мен сүннеттеріне  тоқ­талды,
Мәуліт айының  мән-мағынасын ашып берді.
Дүниеге сәждесімен келген Мұхаммедтің өмірі ізгілікке, қайырымды істерге толы
еді. Әке-шешесінен ерте айырылып, жетімдіктің зарын тартса да,  талай жан өзін қорлап, мазақ  етсе де өзі таңдаған жолдан  айнымаған, өз үмметі үшін Жаратушы Аллаға
күндіз-түні мінәжат еткен оның күллі мұсылман қауымы үшін сіңірген еңбегі
орасан. Ол өзіне ұсынылған таудай алтыннан бас тартып, өмірдегі бейнет пен  Алланың сүйіспеншілігін қалаған.  Өзі пайғамбарлық еткен жиырма үш жылында
қаншама қиындықтарға кезігіп, Алланың небір сынына төтеп берген Мұхаммедтің
өмірі көрерменге «Соңғы намаз”, «Таулардың биіктігі байқалмайды”, «Алла елшісін
сағындым” атты бейнебаяндармен жеткізілді. Соны­мен қатар Шымкент мед­ре­сесінде
оқитын сыр­бойылық шәкірттері мен фи­лармония әртістерінің сахналық
қойылымдары  көп көңілінен шықты. Қала
аумағындағы әр мектептің  5-сынып
оқушылары  Жанар Бақытжанова, Аружан
Жансұлтанқызы, Нұрбек Сейітжан мен Дәулет Жоштай Ш.Құдайбердіұлының М.Ма­қатаевтың,
Қ.Сариннің дін туралы өлеңдерін  жатқа
оқыды. Рухани кеште діни әндер шырқалып, Мұхаммед Пайғамбардың (с.ғ.с.) өмірі,
оның пайғамбарлығы жайында Мәуліт, Мәуліт-шариф оқылды. Ел аумағына танымал
өнерпаздар Ержеңіс Әбді, Сержан Әлі және филармония  әншісі Нұрсәуле Дәулетбаева діни ән-термелерді
орындады.
Мәуліт мерекесі қарсаңында
ұйымдастырылған «Сағындым сені, ия Расулалла” атты мақала бәйгесінің  қорытындысы шығарылып, оның жеңімпаздары
Алғыс хаттар мен ақшалай сый­лықтар иеленді. Сонымен қатар дін саласына,
мешіттерге демеушілік көрсеткен, азаматтар мен тұрғындар арасында Ислам дінін
насихаттауда  белсенді қызмет атқарғандар
марапатталды. Тағы бір айтарлығы, өткен жыл қорытындысымен үздік шыққан бір
қалалық, бір аудандық имамға  Алғыс хат
пен Умраға тегін қажылық сертификаты табыс етілді. Өздерінің тындырымды ісімен
көзге түскен өзге имамдарға да түрлі сый-сияпаттар жасалды.
 
Жұмагүл ОРАЛБАЕВА.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз