Алдыңғы арба қайда жүрсе, соңғы арба сонда жүреді емес пе?

3368

9

Кейінгі уақытта кітап оқылмайды, газетке жазылатындар саны күрт азайып кетті деген деректің рас екеніне көз жеткізіп отырмыз.

Интернет өрісі өмірге енем дегенше мұндай мәселе туындаған жоқ еді. Әрбір адамның қолына смартфон тиді, әр үйде интернет орнатылды, міне, осы кезден бастап өркениетті жаңашылдықтың бізді тек қана өрге емес, сонымен қатар төмен қарай тарта жөнелетініне де көзіміз жетті. Мұның басты себебі не? Әлеуметтік желілерден әр нәрсені, әркімді табуға болады, достастыққа тіркел де, акаунтыңда мың адаммен «дос» бол. «Ютуб», «Яндекс» секілді интернет арналарына кіріп, жер шарын шарлап шық.

Біздің идеологиялық осалдығымыз, отбасындағы тәрбие кемшіндігіміз балаларымызды беймәлім әлемге біржола тәуелді еткенін енді түсініп жатырмыз. Телефонын қойнына алып ұйықтайтын бала көпшіл болмайды, томаға тұйық болып өседі. Мұндай тұйықтықтың емі кісімен бетпе-бет келмей, виртуальды түрде байланыс орнату болып табылады. Қазақта «қой көрмеген қуалап өлтіреді» деген сөз бар. Бұл байыбына, пайымына бармай, көргенінен жазбай ақылдан адасу деген сөз. Интернеттің сиқырына арбалып қалу себебеміз де сол, оның пайдалы жағын түсінбей, анығырақ айтқанда, балаларымызға түсіндірмей, оларды тереңіне батырып жібергеніміз. Ересекті былай қойғанда, бастауыш мектептегі баламызға гаджет әперіп қоюы­мыз, бесіктегі сәбиді телефонмен жұбатуымыз маңдайымыз­ды тас­қа соқтырып келе жатыр.

Ал, енді, интернет торына шырмалған баланың көркем әдебиетпен, газетпен не жұмысы болсын?

Дегенде, мұның бәрі өтпелі, уақытша бір кезең құбылысы екені анық. Тұңғыш Президент-Елбасы Н.Ә.Назар­баев бір сөзінде: «Болашақ компьютерде отырғандарды кітап оқығандар басқарады» деген болатын. Осы сөздің ақиқаты қоғамды қозғай бастағандай.

ҚР Білім және ғылым министрлігі 2016 жылы білім беру ұйымдарының кітапханалар қорын қалыптастыру, қолдану және сақтау бойынша қағидаларын бекіткен еді. Міне, биыл министрлік осы мәселеге қайта оралып, мектеп кітапханаларын толықтыру, балалардың кітап оқуын қамтамасыз ету қажеттігін көтерді.

Мұның күн тәртібіндегі мәселе екендігіне дау жоқ. Кітап оқу, көркем әдебиетке құмарлану баланың жан-жақты білімін толықтырып қана қоймай, тілдік қорын арттырып, мәде­ниетін қалыптас­тырады. Қиялын ұштап, армандатады, алға жетелейді.

Жалпы, білім – адамның ішінен шығатын нәрсе емес, сырттан келетін дүние. Сондықтан, оқымай білімді боламын дегендерді тормен су алғысы келгендерге теңеймін. «Біз қанша білсек, сонша нәрсе қолымыздан келеді. Сондықтан да білім – күш», – депті ағылшын философы Френсис Бэкон. Атақты физик Исаак Ньютон өлер алдында «Мен Ұлы Мұхиттың жағалауында бір ғана тас тауып алған балаға ұқсаймын, таптым да қуандым… Мұхиттың жағалауы мен оның түпсіз тереңінде ол секілді тастар қаншама?!»  – деген екен. Тек оқу арқылы білімді болып, биік мақсаттарға жететінімізді ата-бабаларымыз «білекті бірді жығады, білімді мыңды жеңеді» деп қайыр­ған.

Кітап оқудың денсаулыққа пайдалы екенін ғалымдар әлдеқашан-ақ дәлелдеген. Ал, мерзімді баспасөз – кітаптың бір бөлшегі. Газет, журналдан жаңалықты да, қоғамдық мәселелерді де, пайдалы кеңестерді де, көркем дүниені де таба аламыз.

Өркениетті елдерде интернеттің өрісті қадамына қарамастан, халықтың баспасөз құралдарын тұтыну талғамы жақсы сақталған. Мәселен, 2011 жылғы сараптама бойынша Индияда бір күнде тарайтын газеттердің жалпы тиражы 330 миллионның үстіне шыққан, ал, осы күні Жапонияның «Асахи симбун» деп аталатын газеті түске дейін бір рет, түс­тен кейін бір рет басылып, 12 миллионнан аса оқыр­манның қолына тиеді екен. 

Осы күнгі аға буынның, 50-80 жас аралығындағы кісілердің түгелге жуығы мерзімді баспасөзден қол үзбегенін көреміз. Үнемі, үзбей газет жаздырып алатын адамдардың үйінде жас оқырмандар да кездеседі.

Газет – күнделікті өмірдің айнасы. Оның ақпараты әлеуметтік желілердің жеңіл-желпі сөзі емес – сарапталған, бейәдептіктен ада, адамды жақсыға үндейтін жылы сөздердің ұясы. Тіл мен діл тазалығы, жарқын қоғамды жасап жатқан жақсы жандардың бейнесі, рухани жаңғыру жолына түскен жаңашыл жастар өмірі, жеңімпаз спортшылар, өрнекті өнерпаздар да осында. Қазақтың салт-дәстүрін сақтаған ата-әжелеріміздің өмір жолы, тәуелсіздік жолында құрбан болған батырлар мен би, хандардың хикаялы деректері алдыңыз­да айқара ашылып жатады.

Осындай жан байлығын жанай өтіп, қаңсыққа қарайтынымызды қайтерсіз?!

Бұл сөйлемді көпше түрде айтуымыз­дың да астары бар. Себебі, бағанадан бері жастарға қарай бұрып отырған назымыздың ішінде жасамыс­тарымыз да жүр.

Аманқос ақынның «Біреуде жас та болса даналық бар, біреуде қарт та болса балалық бар» дейтін өлеңі еске түседі. Сондықтан, біз, аға буын, жастарға үлгі болып, кітап оқу мен баспасөз жазылымында әрдайым алда жүруіміз керек. Бұл – әрине, өз балаларымызды саналы болашағына бір қадам жақындатқанымыз.

Алдыңғы арба қайда жүрсе, соңғы арба сонда жүреді емес пе?

Бауыржан ЕЛЕУСІНОВ,

Халықаралық ақпараттандыру академиясының академигі

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<