ҒАЛИЯНЫҢ ӘН ӘЛЕМІ

102

0

Өнер
үшін жаралған жандар болады. Осындай туа біткен дарын иелерінің бірі – Ғалия
апай.

Ғалия Оспан
«марқұм анам керемет ән салушы еді, орыс мектебінде оқыған, орыс тіліндегі
әндерді өз мәнерінде орындайтын. Анам Үрбибі КСРО Халық әртісі Роза
Бағлановамен бірге оқыған. Анам да Роза апаймен бірге оқуға бармақ болғанда,
ата-анасы рұқсат бермей қойған екен» деп еске алатын.

Ғалия оқушы
кезінде сабағын үздік оқып, үлгілі шәкірт атануымен қатар, мектептің
көркемөнерпаздар үйірмесіне белсене қатысады. Тамылжыта ән салып, қарасөз
оқудың шебері атанады. Аудандық, облыстық өнер байқауларында жүлделі орындарды
иеленіп, ел-жұрттың назарына ертерек ілігеді. Осы кезеңнен бастап бойында сан
қырлы таланты мен қайрат жігері бар Ғалия апайдың өнер көгіне қанат қаққан
құтты қадамы сәтті басталады.

1980 жылы
Жетісай мәдени-ағарту училищесін бітіріп келгеннен кейін, өз мамандығы бойынша
аудандық мәдениет бөлімінде алғашқы еңбек жолын бастады. Осы жылдар ішінде
мәдениет бөлімінде қызмет жасай жүріп, Алматы қаласындағы республикалық эстрада
және цирк студиясында, М.Әуезов атындағы Шымкент мәдениет институтында
«Әдіскерлік ұйымдастыру» мамандығы бойынша білімін жетілдіріп отырды.

Ғалия апай
жас кезінен-ақ жасындай жарқылдап, күрмеуі қиын күрделі әндерді қалың
тыңдарманның талғамына сай жеткізе білді. Қызылқұм және Қарақұм бағытындағы
малшы қауымға, егінші-диқандарға өз әнімен танымал бола бастады. Қашанда
жаңалыққа жаны құмар өнер иесі әр түрлі кештер мен шығармашылық жұмыстар
жүргізу арқылы халық жүрегінен жол таба білді.

Гастрольдік
сапармен Қарақалпақ­стан және Орынбар облыстарында өнер көрсетіп,
жұртшылық ықыласына бөленсе, Қазақстан
телеарнасына «Қорқыт сазы» фольклорлық-этнографиялық халық ансамблімен 30
минуттық телефильмге түсу арқылы көрермен көзайымы болды. Сонымен қатар, 1994 жылы «Ғалияның әні –
сахнаның сәні» атты шығармашылық кешін сәтті өткізіп, 1996 жылы Қазақстан
телеарнасынан «Ғалия Оспанова ән шырқайды» атты телефильм көрерменге жол
тартты.

2007-2009
жылдары Қазақ радиосынан «Өнерге әркімнің-ақ бар таласы», «Ел іші – өнер
кеніші» бағдарламасында сұхбат берсе, Қазақстан теледидарының «Таңшолпан», «Сен
сұлу» атты бағдарламаларына қатысып, өнер көрсетті. Сондай-ақ бірнеше әндері
қазақ радиосының Алтын қорына жазылып алынды. 2012 жылдың желтоқсан айында «Ән
сыйладым жүректен» атты шығармашылық
есепті концертін қалың жұртшылыққа тарту етті.

Ғалия апай
республикалық «Жігер» жастар фестивалінің, Бүкілодақтық көркемөнерпаздар
байқауының лауреаты атанып, 2005 жылы Қазақстан Рес­публикасы Конституциясының
10 жылдығы және 2012 жылы Шығыстың жарық жұлдызы Ғ.Мұратбаевтың 110 жылдығына
орай мерекелік медалімен марапатталды. Биыл ҚР Мәдениет және ақпарат
министрлігінің «Мәдениет саласының үздігі» төсбелгісімен марапатталды.

Адам, ең
бастысы, еңбектенуге, яғни адам бір іске күш-қуатын, ақыл-ойын жұмсауға
ерінбеуі керек. Ғалия апай күш-жігер, еңбектенуінің арқасында, осы жылдар
ішінде автоклуб меңгерушісі, аудандық мәдениет үйінің директоры, көркемдік
жетекшісі, «Қазалы қалалық және ауылдық мәдениет үйлері» мемлекеттік
коммуналдық қазыналық кәсіпорнының, «Әйтеке би кенттік және ауылдық клубтар»
үйінің және Ғ.Мұратбаев атындағы тарихи мемориалдық мұражайының директоры
қызметтерін атқарады.

Сөз соңында айтарым, өнер адамы баршаға ортақ
нағыз еңбек адамы. Әрдайым олардың өнерін бағалап, еңбегін ардақтайық дегім
келеді.

Мәншүк
САДЕНОВА,

№102 орта мектебінің мұғалімі.

Қазалы ауданы.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз