Ақын туған күн

2283

5

Бүгін Сырдың сыршыл ақыны, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, қаламы қарымды журналист, облыстық «Сыр бойы» басылымының аға буын өкілі Дүйсенбек Аяшұлының туған күні. Ақынға деген әріптестерінің ыстық ықыласы ерекше. Осы орайда оқырман қауымға ақынның бір-екі  өлеңін ұсынып отырмыз.

ҚАЗАҚ ҚЫЗЫ

Ойпырмай, ойлы жанар қарашығы-ай,

Ақ маңдайға тұруын жарасып-ай.

Қарашықтан халқымның көзі қарап.

Шашқандай өн-бойынан дала шырай.

Сөзінен  суырылып ақыл, білім,

Қашқандай кеудеңдегі қапыл мұңың.

Көргенімді көркемдеп сөйлей алсаң,

Мен саған қарыздармын, ақындығым!

Тініне өрген өрнек гүлден шынар,

Жаннан жалқы өзі екен, түрден сыңар.

Жалт етіп бір-ақ рет қарағаны,

Жүз жігіттің түсіне кірген шығар.

Тағдырдан сыйың болса қалап алған,

Кеудеңде мұнан өткен бола ма арман ?..

Жүргенде жел үстімен қалқып барып,

Ақ мақта алақанға қона қалған.

Екі беті алмадай тұрып піскен,

Күлкісі гауһар тастай сынып түскен.

Таппайсың тал бойынан қылаудай мін,

Еріксіз айырады ырық-күштен.

Бекзаттық бояуына бойы қанық,

Орныға қалар көркі ойыңа нық.

Жүрегіммен көрер ем осы аруды,

Қос көзімді тастаса ойып алып.

Қылығы сіңіреді жаныңа нәр,

Бұрымы белдік сынды тағып алар,

Осындай перизатқа жолықпаған,

Пәндәуи тіршілігім адыра қал.

СӘЛЕМ ХАТ

Шақырмаса да менi ешкiм өтiмдi көрiп,

Алатау жаққа тұрамын бетiмдi берiп.

Пойыздан түскен таныстың алдынан шығам,

Сен сәлем айтып жiберген секiлдi болып.

Кiм жек көредi хал сұрап, дос елегендi,

Достарым маған «аманмын» десе де болды.

Мен барып кеткен Алматы орнында шығар,

Мен көрiп кеткен «Жас Алаш» кеше де келдi.

Өлеңнiң жанда ұйытқан имандай үнiн

Ақиқат десе шын ақын жиған ба айылын.

Дүлейiм менiң сұрай ма бiздей басырды,

Дүниежарық секiлдi Иран-Ғайыбым.

Бақыттысың сен бағланды көгенде көрген,

Емексiп жүрген бiз мына елеңдеп елден.

Жүрегiнде ерiп тасқынның тас ағызғаны –

Мұқағалидың мұз тауы өлең деп өлген.

Нұрдың елiне сапар сап, мұңның елiне,

Араластырып жұтатын жырды демiне.

Оған да мендей достардың сәлемi қымбат,

Бiр жазда барып қайтармын Нұрлыбегiме.

Есiкте деме, ерегiм, еңселi күйiм,

Не дерсiң кесiп, өмiр ғой өлшеуi қиын.

Шығармашылық үйiнен көшем деп едiң,

Көшпей-ақ қойшы, Маралтай,

Ол — сенiң үйiң.

Бұйырса өзiң келерсiң ауылдың асы,

Көрген жоқсың ғой бiздегi қауымды расы.

Алматың емес, Сыр бойы…

Бәрiн де қойшы —

Бiзге өлең жазбау дегеннiң ауыр күнәсi.

                                                                                                 Дүйсенбек Аяшұлы

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<