АРУАҚТЫ АРДАҚТАУДЫҢ YЛГІСІ

86

0

Өлшестіре келсек, Сыр өңірінің шежіресі өзге аймақтардың ешқайсысынан артық болмаса, қораш емес. Оған Алаш тарихындағы алғашқы астана-шаһарлардың орны осында жатқаны айғақ. Демек, Сыр бойы – тарих толқынында өзіндік орны бар, сол тарихты жасаған киелі аруақтардың мекені.
Киелі топырағымыздың сол қажетін қопарып, халық кәдесіне асыруға деген үдерістің тәуелсіздік алғаннан кейін тамырына қан жүгіре бастады.
Облыс орталығындағы «Полиграфия баспа үйі» ЖШС ұжымының тындырымды тірлігі жоғарыдағы лебізімізді шегелей түседі. Баспа үйі қалыпқа түсіп, жоспар-жұмысы жүйеленгелі бері талай шалымды шаруалар тындырды. Жер мен ел, табиғи кәсіп пен нәсіп, өнер мен мәдениеттің өрендері, азаттық жолындағы ұлы тұлғалар, тарихта таңба боп қалған оқиғалар, т.б. ертеңгі қауымға рухани азық болатын саяси-әлеуметтік шаралар қақында үлкенді-кішілі әлденеше кітаптар шығарды.
Енді аталған баспадан жақын маңда жарық көрген «Азаттық құрбандары» атты тарихи-танымдық кітапты парақтайық. Шығарма көрнекті жазушы О.Сәрсенбаевтың «Тұрғанбай датқа һәм Шілік соғысы» деген мақаласымен ашылған.
Өзімен кеткір, ол опаттың өткеніне, атының өшкеніне не заман?! Жә, ондайды да көрген атам қазақ деп шүкіршілік етейік десек, «Қазақтың көрген құқайы бір бұл емес» деп кәрі тарих тағы бір сұмдықты сумаңдатады алдымызға.
Иә, тарих жаңылыспайды, жалған сөйлемейді. Тек тұрлаусыз саясат қана оның аузына қақпақ қойып, уақытша шындықты айтқызбайды. Оған осы кітаптың өн бойындағы деректер, нанымды оқиғалар толық айғақ бола алады. Мысалға оқырман жиырма бірінші тарауды оқыса, әлгі айтқан пікіріміздің үстінен түседі.
Аталған тарауда Сыр бойы қазақтарының (Қыпшақ аталығынан) ел бостандығы, қиянатқа қарсы кескілескен ұрыста көрсеткен ерліктері, ол қозғалыстың көсемдері Тұрғанбай датқа, Құтпан (Баймырза) Тұрғанбайұлы және атақты өнерпаз, батыр, балуан Иманжүсіптердің қайраткерлік әрекеттері қысқаша нақты деректер арқылы баяндалады. Жалпы кітапты құрастырып әрі әлгі аталған тарауды жазуға облысымызға белгілі азамат М.Ысмайыловтың айрықша тер төккенін айта отырған ләзім.
Оның жазғанындай, кешегі коммунистік дәуірде қазақтың қанын төккен жоңғар қалмақтарының басқыншылық әрекетін ғана жарнамалап, ұлттық саясаттың көршілердің арасына сызат түспесін деген зымияндығы кесірінен қазақтың өзге ұлттардан көрген дұшпандық әрекетін көрер көзге жасырып келдік. Бұл орайда әңгіме оңтүстік қазақтарының, әсіресе Сыр бойы тұрғындарының көрші Хиуа хандығы басқыншыларынан көрген шерлі жапасы туралы. 
Тарих әлі күнге дейін қазақтың орта Сыр бойындағы қандастарының қабырғасын қаусатқан Хиуа, Бұқара өзбектерінің басқыншылық әрекетін әшкерелемей шындыққа қиянат жасап отыр. Автор осынау жолсыздықты қинала баяндай келіп, көкейге қонымды ұсыныстар айтады. 
Бұл мәселе құр сөз болып қалмас үшін Бішкек, Ташкент, Самарқанд, Бұқара, Хиуа, Әндіжан, Наманган, т.б. қалаларындағы архивтерден нақты деректер алып, тарихтың ақтаңдақ беттерін шындықпен толтыру қажет. Көркем шығармалар жазып, кинофильмдер түсірсе, келер ұрпақтың танымы молыға түседі. Енді көршілердің қабағына қараудың күні өткен. Өйткені, қазір тәуелсіз елміз. Тағы бір уәж – бабаларының қиянатына көршілердің бүгінгі ұрпағы кінәлі емес.
Қорыта айтарым, азаттық үшін алысқан бабаларымызды ардақтайтын құнды кітап өз оқырмандарына жолдама алды. Тарихтың бүркеулі бетін ашуға алғашқы қадам жасалды деп қуануға болады.
Өтеген ЖАППАРХАН.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз