ҚАСИЕТ СІҢГЕН ХАЛЫҚ ӨНЕРІ

69

0

ҚАСИЕТ СІҢГЕН ХАЛЫҚ ӨНЕРІСәуірдің алғашқы аптасында Н.Тілендиев атындағы академиялық фольклорлық-этнографиялық «Отырар сазы” оркестрінің дирижері, халықаралық конкурстардың лауреаты Мүсілім Әмзе Тұрмағанбет халық аспаптар оркестрі ұжымына шеберлік дәрісін өткізген еді. 
Сейсенбі күні Н.Бекежанов атындағы қазақ музыкалық драма театрында өткен Тұрмағамбет атындағы халық аспаптары оркестрінің концерті осы шеберлік дәрісінің нәтижесін көрсетті.  
Халық аспаптар оркестрінің кезекті өнер кеші Б.Исаның «Мерекелік күй» шығармасымен басталды. Жергілікті оркестрдің концертін көрермен қауым көптен күткен еді. Репертуары жаңа ән-күй, жыр-термелермен толыққан бұл концерт – «Шынайы шеберлік» деп аталыпты.
– Сыр еліндегі өнер ұжымы бұған дейін Айтқали Жайымов, Жалғасбек Бегендіков сынды дирежерлардың жетекшілігімен шеберлігін шыңдай түссе, енді міне, әйгілі «Отырар сазы» оркестрінің жетекшісі, Қазанғап атындағы музыкалық колледждің түлегі Мүсілім Әмзе бізге мол тәжірибесін ала келіп отыр. Бұл кеште көрермен қауым Сыр өңірінің музыкалық мұрасымен  сусындап, күй тартысына куә болды, – дейді оркестрдің қобызшылар тобының концертмейстрі Салтанат Пұсырманова.
Жергілікті өнер ұжымы бұл жолы өз көрермендеріне шашу ретінде классикалық шығармалармен бірге қазақтың ән мен күйінің інжу-маржанын қоса ұсынды. «Тұрмағамбет» оркестрінің репертуары шайыр Т.Ізтілеуовтің термелерімен толығыпты. Тұрмағамбет ақынның «Сыр термелері» және «Шөлмек» атты термелерін оркестрге арнап өңдеген белгілі домбырашы, өнертанушы ғалым Төлепберген Тоқжанов екендігін айта кеткен жөн. Бұған қоса, концертте Т.Тоқжановтың «Сүйем сені, Сыр елі» атты әні тұңғыш рет орындалды. Даңқты шайыр термелерін белгілі жыршы Руслан Ахметов, ал ақын Н.Нұрмахановтың сөзіне жазылған жаңа әнді Самал Байсейітова орындады.
Мүсілім Әмзенің айтуынша, Сыр өңірінің музыкалық мұрасы өте бай. Мұнда әсіресе, жыршылық өнер кең тараған. Кәсіби музыка маманы Арал-Қазалы және Қармақшы өңірі жыр мақамдарының әлем мәдениетіндегі орны ерекше деп бағалайтынын, жергілікті оркестрдің жаңа репертуардағы концертін өлкенің ән мәдениетін насихаттауға қосқан үлесі деп есептейтінін жеткізді. 
Шеберлік дәрісінен соңғы халық мұрасын мұраты санаған облыстық филармония ұжымы ұйымдастырған бұл концертке өнер ләззатына сусындаған тыңдарманның ықыласы өзгеше болды.
 Дәуіржан ЕЛУБАЕВ.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз