АСТАНА АКАДЕМТЕАТРЫ «АНА – ЖЕР-АНАНЫ» САХНАЛАДЫ

81

0

АСТАНА АКАДЕМТЕАТРЫ «АНА – ЖЕР-АНАНЫ» САХНАЛАДЫҚызылордада қазақ театр өнерінің ұлы
тұлғасы Сәбира Майқанованың 100 жылды­ғы­на арналған театр фестивалі жал­ға­суда.
Фестивальді Қызылорда об­лыстық Н.Бекежанов атын­да­ғы драма театры М.Әуезовтің
«Қарагөз» спек­таклі­мен ашты. Ал екінші күні Қ.Қуанышбаев атындағы мемле­кет­тік
академиялық қа­зақ музыкалық драма театры Ш.Айтматовтың «Ана–Жер-ана» тра­ге­диясын
сахналады.

«Ана–Жер-анадағы» Толғанай образы Сәбира
Майқанова шығар­ма­шылығының шырқау биігі бол­ғаны белгілі. «Адамзаттың
Айтматовы» атанған ұлы жазушының соғыс жылдарындағы қасіретті кезеңді
суреттейтін трагедиялық драмасы әйгілі режиссер Әзірбай­жан Мәмбетовтің
сахналауы­мен, басты рольді Сәбира Май­қанова­ның сомдауымен қазақ театрының
классикасына айналған еді. Фестивальда режиссер Бекболат Құрманғожаев қойған
«Ана–Жер-ананың» жаңғырғыртылған нұсқасы көрермен назарына ұсынылды. Басты
рольді Майқанова мектебінен тәлім алған Қазақстанның Халық артисі Гүлжан
Әспетова сомдады.

ҚР халық артисі Есмұқан Обаев «Сәбира
апамыз осы образы арқылы актерлік қабілетінің, актерлік диа­позонының,
философиялық терең­дегінің мүмкіндігін көрсет­кені әлі есімізде. Кеңес одағы
көлеміндегі театрлардың байқауында айрықша аталғаны сөзімізге дәлел. «Жер-Ана
айтыңызшы, соғыс деген не? Қашан бітеді бұл соғыс? Неге адам бақытсыз? Неге
осындай күндерде ме­нің Қасымым жоқ?» – деп кү­­ңі­ренгенде, сай-сүйегің сыр­­­қырайды.
«Адам қайтсе со­ғыс­­сыз өмір сүре алады?» деген ауыр сұрақты көрерменге қой­ғанда,
ойдың терең шыңы­рауына батпай тұра алмайсыз. Бұл роль актрисаның ұзақ жылдық
актерлік еңбегінің жемісі, ізденісінің нәтижесі еді», – деген бір сұхбатында.

Біздің ұрпақ Сәбира апа сомдаған
Толғанайды осындай естеліктер мен сұхбаттар арқылы оқып білдік. Дегенмен,
Гүлжан Әспетованың Толғанайын көру бақыты бұйырды. «Жер-ана мен Ананың
қасіретін сұм соғыстың құқайын көрген немесе балалығын соғыс ұрлаған буын ғана
түсінеді» деген асығыстау айтылған пікір сияқты. Залдағы көрерменнің ықыласы,
актерларға құрметі соны ұқтырды.

Актерлардың рольдерді орындау
шеберлігіне баға беретін маман емеспін. Көрермен ретінде айтарым, сахнада
азаматы мен перзенттерін соғыс жалмаса да, келер күннен үмітін үзбеген Ана
бейнесі ең алдымен адамзатты бір-бірін бауыр тұтуға үндейді. Қайғыдан белі
қайысқанмен, тағдырға қарсы тұрған қайсарлығы басқа түскен ауыртпалықты көтере
алмай морт сынатындарға үлгі. Толғанай мен Әлиманның қасіреті арқылы соғыс
жылдарындағы ел басына түскен зұлматты суреттеген шығарма бейбіт күннің
берекесін бағалауға шақырады. Өнердің ең басты миссиясы адам баласын ізгілікке,
бауырмалдылыққа баулу емес пе?

Бүгінде мылтық даусын естімеген бірнеше
буын жаңарғанымен, Жер-ананың төсі соғыс
қасіретінен арылған жоқ. Күн сайын әлемнің әр қиырынан бейбіт тұрғындарды, ана
мен баланы зар еңіреткен соғыс хабары естіліп жатады. Спектакльде Толғанай ана
«Баласын зарыға күткен ананың ең соңғысы мен болайын» деп тілейді. Тілегі қабыл
болсын.

Гүлжазира ЖАЛҒАСОВА.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз