ҒАСЫРЛАРДАН ЖЕТКЕН ҒАЖАЙЫП САЗ

123

0

ҒАСЫРЛАРДАН ЖЕТКЕН ҒАЖАЙЫП САЗТүркі әлемінің мәдениетін паш еткен дүбірлі өнер фестивалі өз мәресіне жетті. Екі күн бойы Сыр аспанын жыр-шашумен көмкерген «Қорқыт және Ұлы Дала сазы» халықаралық дәстүрлі музыкалық өнер фестивалінің қорытынды концертіне облыс әкімі Қырымбек Көшербаев қатысты.

Бабадан қалған асыл мұраны дәріптеуді мұрат еткен кеште Қырғызстаннан келген Гүлгаакы Сагындыкова мен Кубанычбек Дүйшөмбиевтің, түрік елінің өнерпаздары Ирфан Гүрдал, Нилюфер Оғыз, алтайлық Чейнеш Байтушкина, әзірбайжандық «Карабағ» мугам тобы және башқұртстандық Ишмурат Ильбаковтардың өнерлері ұсынылды. Сондай-ақ, алғаш рет сахнада Қорқыт атаның нақыл сөзіне жазылған түркі халқының әні «Дәде Қорқыт» шырқалды. Сонымен бірге, Алматыдан келген «Сазген сазы», «Қобыз сарыны» фольклорлық-этнографиялық ансамблінің орындауында «Кертолғау», «Телқоңыр» күйлері тыңдалды. Әуезді ән, әсем би, қобыздың қоңыр үні мен сырнайдың сыңғыры өнер мерекесінің көркін қыздырып, ажарын айшықтады. Осылайша, өзгеге ұқсай бермейтін, діні мен тілі ортақ түркі жұртының басын біріктірген дәстүрлі ән кеші барша көрермен көңілінен шығып, жиылған көпшілікті тәнті етті. Ең бастысы, татулық пен бірлік барда кейінгі ұрпаққа мирас болып қалған дәстүрлі өнердің жойылмайтынын, керісінше, әлі талай жаңғырып, жаңаратынын тағы бір рет дәлелдей түсті.

Мейрамгүл ДАУЫЛБАЙҚЫЗЫ.

 

МЕЙМАНДАР ЛЕБІЗІ:

Темур Нәзір, Гази университетінің «Томер» тіл үйрету орталығы директорының орынбасары (Түркия):

– Бүгінгі дәстүрлі өнер әлемінің жыр жауһарларын паш еткен мерекенің біз үшін маңызы зор. Себебі, түркі жұртының жырауы, абызы атанған Қорқыт бабаның жыр-дастандары, нақыл сөздері баршаға ортақ. Сыр еліне табан тіреп келгендегі басты мақсатымыз осындай бай-мұраларымыз бен тарихи құндылықтарымызды дәріптеу болатын. Сондай-ақ, барлық түркі халқының басын біріктіріп, өзара тығыз мәдени байланыс орнату еді. Өнер фестиваліне қатысқан біздер бұл тұрғыда үдеден шыға білдік. Татулық пен достықтың туын биік көтеріп, өнер көгіне жеткіздік деп ойлаймын. Осы ретте, екі күн бойына өнерімізді тамашалап, құрмет көрсеткен қонақжай Сыр жұртшылығына айтар алғысым шексіз.

Давуд Абдуллаев, «Карабағ» мугам
тобының мүшесі. Әзірбайжан Республикасы:

– Фестиваль өте жоғары дәрежеде өтті.
Осындай өнер мерекесін ұйымдастырған Қызылорда облысы әкімдігі мен «ТҮРКСОЙ»
халықаралық ұйымына ризашылығымды білдіремін. Бұл фестивальдың берер тағылымы
мол. Біріншіден, ұлттық өнердің дамуына үлкен септігін тигізетін болса,
екіншіден, бауырлас елдердің бір-біріне деген ынтымағын жарастыруда. Осылай татулығымыз
тұрақты, бірлігіміз бекем болатын болса, түркі жұртының алмайтын асуы мен
қамалы болмайды деп ойлаймын. Ендігі жерде тек осы фес­тиваль аясында ғана
емес, басқа да өнер кештерінде бас қосып өнер көрсетсек деген тілегім бар.

Гүлгаакы Сагындыкова, әнші.
Қырғызстан Республикасы:

– Менің бұл фестивальдан алған әсерім
ерекше. Өйткені, Қорқыт баба өлкесіне келіп өнер көрсету мен үшін үлкен мақтаныш. Өнер мерекесі негізінде
ел көрдім, сонымен бірге, рухани-мәдени дүниелерге қанықтым. Мұндай шаралар бізге
керек-ақ. Себебі, түркі халықтарының адамзат тарихындағы жетекші рөлі мен
мәдени-музыкалық мұраларын дамыту арқылы ұлт пен ұрпақ тәрбиесіне мазмұнды үлес
қоса аламыз. Бүгінгі және кейінгі ұрпақ осындай тағылымды шаралар арқылы түркі
жұртының тұтастығын, бауырластығын, ортақ құндылықтары мен жәдігерлеріміздің
қадір-қасиетін, оның маңызын ұғынатын болады.

Омак Ооржак, әнші. Ресей Федерациясы,
Тыва Республикасы:

– Дәстүрлі фестивальда түркі тілдес
елдердің айтулы өнерпаздары өнерін ғана емес өзара ынтамақтастығын көрсетті.
Мен үшін ерекше ұнағаны көрерменнің бабалардан қалған бағзы өнерге деген ынтасы
мен құрметі. Олардың әннен немесе күйден соңғы өнерпаздарға деген қошеметі
адамды ерекше бір күйге бөлейді. Қорқыт бабамыздың музыкалық мұрасын қастерлеу,
оны саф алтындай сақтап, дәл сол қалпында келешек жастарға жеткізуді көздейтін
осындай шаралар жиі болып тұрса, нұр үстіне нұр болар еді.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз