ҚАЗАҚШАСЫ КЕЛІСТІ ЖАСТАР

132

0

Өткен аптаның жұма күні облыстық тілдерді дамыту басқармасының ұйымдастыруымен «Тіл – халық жанын танудың кілті»  атты облыстық байқау болып өтті. Оның негізгі мақсаты – мемлекеттік тілді жоғары деңгейде меңгерген орыс  жастарын анықтау  және оларды ынталандыру, ҚР мемлекеттік рәміздеріне, Қазақстан Тәуелсіздігінің нышаны ретіндегі мемлекеттік тілге деген құрметті қалыптастыру және қазақ тілінің қолданылу аясын кеңейту мен оның беделін арттыру. Байқауға 14-22 жас аралығындағы Қызылорда қаласы мен аудандарда өткен  байқаулардың жеңімпаздары қатысты. 
– Аймақта жетінші рет өткізіліп отырған тіл байқауының өзіндік ерекшелігі бар,– деді облыстық тілдерді дамыту басқармасының басшысы Ержан Уәйіс өз сөзінде. – Бұл жолы тек орыс ұлты жастарының мемлекеттік тілді меңгеру дәрежесі тексерілуде. Елбасының өзі Қазақстанның болашағы қазақ тілінде екендігін баса айтқан болатын-ды. Ең бастысы, ана тілімізге деген құрмет, оның елдегі барлық салада кең қолданылуына қол жеткізу болып табылады.
Әлем тілдері арасында қолданылу барысы бойынша жетпісінші орын алатын, ал сөздік қорының молдығы мен көркемдігі жағынан алғашқы ондыққа кіретін қазақ тілінің өз туған жерінде өгей баланың күйін кешіп келгені, әлі де мемлекеттік тіл ретінде толыққанды қолданылып кетпегені аян. Дегенмен де, мемлекеттік тілге деген қызығушылық, оны үйренуге деген құлшыныс өзге ұлт өкілдерінің арасында өріс алып келеді. Соның бір айғағы орыс жастарының арасында өткен тіл байқаулары. 
Облыстық байқауға қатысқан 10 жастың бірі  колледж студенті болса, енді бірі мектеп оқушысы. Талапкерлер үш номинация бойынша сынға түсті. Алғашқысында қатысушылар берілген тапсырмаларға сәйкес сауалнама толтырып, қазақ тілінің лексикасы мен грамматикасын білуге 50 тест тапсырмасын орындады. Ұсынылған үш тақырыптың біреуіне эссе жазды, белгіленген тақырып бойынша монолог құрып, әділқазылар алқасының ауызша  сұрақтарына жауап берді, түрлі жанрдағы мәтінді мәнерлеп оқыды. Талапкерлердің білімін ҚМУ-дың оқытушысы, филология ғылымдарының докторы, профессор Жеңіс Сәдуақасұлы  бастаған қазылар алқасы сараптады. Олар үміткерлердің білімі мен сауаттылығына, тіл байлығы мен сөйлеу мәдениетіне, мәнерлеп оқуы мен өзін-өзі ұстауына баса назар аударды. 
Байқаудың қорытындысы бойынша Жаңақорған ауданындағы №169 орта мектептің 9 сынып оқушысы Анастасия Балясникова жүлдегер танылды. Сырдария ауданындағы Ә.Тәжібаев атындағы №36 мектеп-лицейдің 11-сынып оқушысы Надежда Шадрина – ІІ, Қазалы аграрлы-техникалық колледжінің 3-курс студенті Дмитрий Барков ІІІ орынды иеленді. Ал сырдариялық Анара Десятниченко, қызылордалық Элянора Якубова, шиелілік Светлана Исаева ынталандыру сыйлығына ие болды. Жеңімпаздарға облыстық тілдерді дамыту басқармасының дипломы мен бағалы сыйлықтары табыс етілді. 
Облыстық байқаудың жеңімпазы А.Балясникова  6-желтоқсанда Алматы қаласында  өтетін  республикалық байқауға қатысып, аймақтың намысын қорғайтын болады. 
Жұмагүл ОРАЛБАЕВА.  
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз