“БАЗАР ЖОҚТА” БАҒЫ ЖАНҒАН

77

0

“БАЗАР ЖОҚТА” БАҒЫ ЖАНҒАНЖақында «Әзіл әлемі» театрының актері Қанат Әлжаппаров туған жеріне келіп, алғашқы жеке концертін өткізді. Көңілді кеш көрерменнің көңілінен шыққандай. Ду-ду қол шапалақ пен көпшіліктің риясыз күлкісі – соның дәлелі. Осы ретте, біз де әзіл әлемінде жүрген жерлесімізді әңгімеге тартып, ойларымен, жоспарларымен бөліскен едік.

 

Қанат, әу баста «Базар жоқ» театрында алғаш өнер көрсеткенде «Қызылордада «звездаболып кеттім, жеке концерт бердім» деген едің. Сол әзілің шындыққа айналған сияқты. Мұндай бастама қалай туындады?

– Сыр елінде бірінші жеке концерт беріп отырмын. Жалпы, дәл осы Астана қаласының туған күнінде қойылды. Концерт беру мүлдем ойда болмаған. Қала әкімдігінің тапсырмасымен, Тұрсынбек Қабатовтың демеп-қолдауымен «Көңілді Астана» деген атпен кеш ұйымдастырдық. Ал енді Қызылордадағы концертті Отбасы күніне орайластырып отырмыз. Елбасымыздың Жарлығымен бұл мереке былтырдан қыркүйек айының екінші жексенбісі күні тойланатын болды. Сыр елі – менің отбасым десем де болады. Сондықтан шама келгенше әзілімізді айтып, халықтың көңілін көтеруді мақсат тұттық. Бір жағынан, «бұл бала не бітіріп жүр?» деп ойлап жүрген жерлестер мен ағайын-туыстың алдында есеп беру кешім. Концертте Гүлнұр Оразымбетова, Мұрат Қожа, Асхат Тарғын, Абай Бегей сынды белгілі әншілер хит әндерін орындады. Халық театрымыздың басшысы Тұрсынбек Қабатовтың та өнерін тамашалады.

Концерт өзіңнің көңіліңнен шықты ма? Сахнада жерлестеріңнің алдында жүрексініп, қобалжу болмады ма?

Әрине, сахнаға шыққанда кішкене қобалжу болады. Бірақ
жерлестерімнің мені жақсы көретінін білемін, сондықтан өнерімді көрсетуге
қорыққаным жоқ. «Базар жоқ» театрына келгеннен бастап көрермен мені қолдап,
қолпаштап, іш тартып отырды. Оның үстіне, Қызылорда шағын қала ғой, бәрі
бір-бірін таниды. Маған да бәрінің түрі таныс (күлді). Жалпы, бұл концерт
тамаша өтті деуге болады, халық аяғына дейін тапжылмай отырып, тыңдады,
езулеріне күлкі үйірілді. Мен үшін осы қуаныш. Әрі елдің батасын алдым.

Байқағаным, көрермендер кон­церт­ке бір күн қалғанда
билет таппай қал­ды, түгелдей өтіп кетіпті…

– Иә. Осылай театрдың лық тол­ғанына қатты қуандым.
Бұл – шын сөзім.

Ал концерттің билетінің құнына келсек, 1500-3000
теңгеден сатылды. Көпшілігінің қалтасы да көтермеген шығар. Бірақ мен кешті
ұйымдастырудағы тағы бір себепті айта кетейін, билеттен жиналған қаржының бір
тиынына да тиіспеймін. Шиеттей бала-шағасы бар бір келіншекке қайырымдылық
жасамақпын. Оның үш баласы бар екен. Ал күйеуінің бар деген аты болмаса, үйінде
отырмайды екен, үнемі гастролде жүреді дей ме?! Сол келіншек қатты қиналып жүр
екен. Өзімнің әйелім ғой енді. Бұл – әзілім.

– Қанат Әлжаппаров жеке концертін береді дегенді
естіп, миығынан күлгендер болды ма?

– Өте көп. Миығынан күліп, «мынау концерт беретін
жағдайға жетіп қалған ба?», «мынау өзі ваще не айтады?» де­гендер табылып
жатыр. Әсіресе, әлеу­меттік желілерде қызу талқылады.

– Көңілді кешіңді көрген көпшілік «Қанат біршама
ысылып қалыпты», «әзіл­дерінің желісі де жып-жинақы» де­ген баға беріп жатыр.
Тұңғыш рет театр сахнасына шығып, айтқан моно­лог­тарыңа да халық риза болып,
риясыз күлкіге қарық болған еді. Алайда, содан кейінгілерінде әзілдеріңнің дәмі
кетіп қалғандай көрінді. Әлде, өзіңе лайықты, стиліңе сай монолог таппай жүрсің
бе?

Рас, сол уақыттарда концертті бірінен соң бірін беріп
жаттық. Дайындық аз, содан ақсап қалған болармыз. Ал Астананың туған күнінде
берілген және Қызылордада қойылған концерттерге мықты дайындықпен шықтым. Бұрын­ғыдай
«қуа беретін» қалжыңдар емес, проблемаларды қозғайтын, адамға ой саларлық
әзілдер әкелдім. Көрерменнің шапалағы, ықыласына қарап, әзіліміз көңілдерінен
шықты-ау деген ой түйдім.

Ал Ресейде, мысалы Петросянның ар­тында 70-80 автор
тұр. Ол миын ашы­тып, жазып отырмайды, авторлардың бергенін шебер орындап
шығады. Бізде ондай жағдай қалыптаспаған. Біз авторды айдаладан іздеп жүрген
жоқпыз. Қызылорданың КВН-щик жігіттері бар, ойласып отырып, монолог жазамыз. Бұ
жағынан «Қызық орда» шығармашылық тобының жігіттері тәжірибе жинап жатыр. Бұрын
сахнаға шыққанда біреудің жазғанын орындай алмайтынмын. Ал қазір бірнеше адам
болып монологтың тақырыбын, оның желісін дамытамыз. «Келісіп пішкен тон келте
болмайды» ғой.

Ал егер монологым ақсап, дұрыс әзіл айтпай жатсам,
жұрт кешіретін шығар деп ойлаймын. Қызылордада политехте (агротехникалық
колледж) оқығам, өнер саласы бойынша мамандық алмаған адаммын.

– Сонда қандай мамандықты алып шықтың?

– Теміржолшымын.

– «Теміржолда жұмыс істеп қала­мын-ау» деген ой келмей
ме?

– Жоқ, осы өнер саласынан кетпеймін. Әртістікті үлкен
мақсат етіп қойдық. Мені теміржолға барғанмен де алмайды ғой. Алған күннің
өзінде теміржол мекемесінде жеке өзіме арнап шығармашылық бөлім ашып қоймаса…
(күлді)

– Сахнада үнемі өз жайыңды өзің айтып, әзілге қосасың.
Ауылдан шыққан қазақтың табиғи болмысы бойыңда тұ­нып тұр. Ал қазір Астанада
тұрасың, табиғи мінезің өзгермеді ме?

– Жасыратыны жоқ, өмірде де, сахнада да бірдеймін.
Жасандылық жоқ. Сахнада әзіл айтып, өмірде көкірек керіп жүретін адам емеспін.
Ауылдың баласымын ғой. Сосын, мен сахнаға шыққан кезде өзім жайлы айтқанды
халық жақсы көріп отырады. Ал Тұрсынбектің стилінде «қа­зақтар өйтеді»,
«қазақтар бүйтеді» десем, маған жараспайды. Иттің дауысын – Аманғалидан,
кемпірдің образын Ербо­латтан күтеді.

– Соңғы бір әзілдеріңнің бірінде «Әзіл әлеміндегі»
актер жігіттердің бә­рі жағдайын жасап алды, тек менде ға­на өзгеріс жоқ»
дедің. Астана сені жат­сынғаны ма?

– Мұның бәрі әзіл ғой, өтірік. Ал үй жайына келсек,
ешкімнен қалып жатқан жоқпыз, біреуден ілгері, біреуден кейін. Үйдегілер нан
мен май жеп отыр ғой, әйтеуір, бұрын тек нан жейтін еді, қазір май жағып жейтін
болыпты. Соған қарағанда шүкір.

– Сатира деген сара жолды таңдаған екенсің, енді
кәсіби тұрғыда білім алу­ды да жоспарлау керек шығар, қалай ойлайсың?

– Әрине. Кәсіби тұрғыда білім алып жатырмыз.
Жаздыгүндері Те­мір­бек Жүргенов атындағы Өнер ака­де­миясындағы курстарға
қатысамыз. Өнер майталмандары Құдайберген Сұлтанбаев, Тұңғышбай Жаманқұлов
ағаларымызды оқытқан апаларымыздан тәлім аламыз. Бір-екі апта болса да, уақыт
бөлеміз. Сол курстардың пайдасы тиіп жатыр. Сахнада қалай жүріп-тұру керек,
қалай киіну керек, қалай сөйлеу керек, бәрін ретімен үйреніп келеміз. Жасыратын
несі бар, біз о баста өнерді жабайы түрде бастағанбыз ғой. Сондықтан маған әлі
де көп еңбектену керек.

– Отбасың туралы айтып өтсең?

– Қалжан ахун ауылының баласымын. Анам, әкем,
ағаларым, қарындасым бар. Әйелім бар, екі ұл, бір қыз тәрбиелеп отырмын. Мансұр
деген ұлым биыл мектепке барды.

Әңгімелескеніңе рахмет! Өнерде мол табыстарға жете
бер!

Сұхбаттасқан Дәурен ОМАРОВ.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз