БЕЛГІЛІ ҒАЛЫМ РУХЫ ҰЛЫҚТАЛДЫ

54

0

БЕЛГІЛІ ҒАЛЫМ РУХЫ ҰЛЫҚТАЛДЫҚазақстан Республикасы Ұлттық Ғылым академиясының корреспондент-мүшесі, еліміздің еңбек сіңірген қайраткері, педагогика ғылымдарының докторы, профессор Байзақ Момынбаевтың өмірден озғанына бір жыл толуына орай ұйымдастырылған іс-шаралар бейсенбі күні Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлектетік университетінің Студенттер сарайында ғалымның өмірі мен қызметіне арналған «Академик” атты кітаптың тұсаукесерімен басталды.
Алматы қаласындағы «Атамұра” баспасынан шыққан бұл басылым «Жадымыздан өшпейді жарқын бейнең”, «Әріптестері әңгімелейді”, «Сағыныш саздары”, «Тектіден текті туады, тектілік тұқым қуады” деген төрт тараудан тұрады. Онда көзі тірісінде азаматтығымен, адалдығымен, ақпейілділігімен, іскерлігімен өзіне ескерткіш орнатып кеткен атпал азамат жайлы көзкөргендердің байыпты байламдары берілген. Кітап марқұмның ағасы Өмірзақ, ұлы, экономика ғылымдарының докторы Жомарт және әріптесі, ҚМУ профессоры Қазыбай Құдайбергенұлының құрастыруымен шығарылған.
Тұсаукесер рәсімді Қорқыт ата атындағы ҚМУ-дың бірінші проректоры Абай Жүнісов сөз сөйлеп ашып, облыс әкімінің орынбасары Ақмарал Әлназарова айтулы ғалымға арналған еске алу шараларына сәттілік тіледі. Одан әрі ҚМУ-дың гуманитарлық-педагогикалық институтының директоры Бақытхан Әбдікәрімов Байзақ Көпірбайұлының өмірі мен қызметі туралы мазмұнды баяндама жасады. Бұдан соң ғалым жайлы бейнеролик көрсетілді.
Тұсаукесерде сонымен бірге ғалымның сыйлас ағалары, бірге өскен достары, қызметтес әріптестері естеліктер айтты.
Шара жұма күні Қызылорда қаласына қарасты Жақыпбек Маханбетов ауылындағы №143 орта мектепте марқұмға арналған естелік бұрыштың ашылу салтанатына ұласты. Соңынан облыс орталығындағы «Nomad” мейрамханасында марқұмның рухына құран бағышталып, ас берілді.
Бақтыбай БЕРДІБАЕВ.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз