ӘДЕТ – ӘДЕП, САЛТ – САБАҚ

472

0

Халқымызда «Ас көп болса – кәде көп» деген сөз бар. Шындығында, осы күні «кәде-кәуметтің» түрі көп. Ондағы айтпағымыз, бұрынғы ата-бабамыздан жалғасып келе жатқан салт-дәстүрлерімізді орнымен қолданбай, өз бетімізбен бұрмалап алатын болдық. Мысалы, қазіргі кезде баланы перзентханадан шығарып алудың  өзі бір жатқан дарақылық. Ана мен бала орталығының алдына небір қымбат көлікпен, құшақ-құшақ гүл алып, «шампандатып» шығарып алу сәнге айналып барады. Әрине, бәзбіреудің қалтасынан шыққан шығында не шаруасы бар, – дейтін шығарсыз?.. Мәселе ақшада емес, осындай даңғойлық пен дарақылықтың санамызға сіңіп, салтымызға еніп кетпесіне кім кепіл? Қалай десек те, Жаратқанның бұйрығымен өмір есігін ашқан шарананы ішімдіктің буымен қарсы алып, думандатып жатқанымыз ақылға қонбайды. Оның үстіне, «кедей – байға, бай – құдайға теңелсем» деп жанталасқан заманда талайдың тауы шағылатыны да сөзсіз.
Тағы бір толғандыратын мәселе – әйелі босанғанда күйеуінің оған серіктес болуы. Бұл да жаһанданудың жаңа бір көрінісі. Ашығын айтайық,  қазақ халқы үшін ақылға қонбайтын «жаңалық». Бірінші себебі, қазақ қыздары, келіндері өте ұяң болып келеді. Сондай-ақ, ұлтымызда ер азамат пен әйел адамның арасындағы сыйластық пен қарым-қатынастың ежелден қалыптасқан үлгісі бар. Айталық, осы күнге дейін өзінің өмірлік жұбы болған ер азаматтың есімін атамай, отағасы немесе балаларының әкесі деп атайтын әдет-ғұрып болған халқымызда. Қоғам қанша құбылса да, бұл тәрбиенің тіні әлі де жалғасып келеді. Екіншіден, әйелдер босанатын орынға бұрындары медицина қызметкерлерінен өзге адамды кіргізбейтін. Жас босанған әйел мен сәбидің денсаулығын сырттан келетін инфекциядан қорғау үшін сондай қатаң талап қойылатын. Ал егер бұл «жаңалыққа» көзіміз үйреніп кетсе, ұлттық тәрбиемізге тән ерлі-зайыптының арасындағы сыпайылық пердесінің біржола сыпырылып, ер азаматтың әйелден бір саты биіктігінің ешбір мәні қалмайтын сияқты…  
Дүниеге перзент келуі – әр шаңырақтың шаттығы екені даусыз. Осы күнге дейін жеткен дәстүріміз бойынша сәби қырқынан шыққан соң жақын-жуық әйелдердің басын қосып, шілдехана, бесік тойын жасайтын болған.  Білуімізше, бұрын  бұл тойға ер адамдар қатыспайтын. Ал бүгінде ерлер қауымы  қалыс қалмайтын болыпты. Тіпті «той ғой» деген желеумен шілдеханада ішімдік те ішілетін жағдайға жетіппіз… Ал енді тұсаукесер салтына келсек, кейбір жерлерде тұсауды ала жіппен, малдың ішегімен, тағы басқамен, екі-үш адам кесетін жайттар кездеседі екен. Оның бәрі дәстүрді бұрмалаушылық. Өйткені, қазақта баланың тұсауын тек ала жіппен ғана кеседі. «Ала жіпті аттама» деген тыйым сөз осыдан қалған. Сондай-ақ, тұсаукесер кезінде баланың алдына кітап, қалам, машинаның кілті, ақша сияқты заттарды қойып, таңдау жасату деген «салт» пайда болыпты. Бұл бұрын-соңды біздің салт-дәстүрімізде болмаған әдет. «Онда тұрған не бар?» деуіңіз мүмкін. Десек те, біздің халқымыз дүние-мүліктен бұрын баланың бойына ақыл, парасат дарытуды жөн санаған. Айталық, «Баланы бастан…», «Өнерді үйрен, үйрен де жирен»,  «Талапты ерге бақ қонар», «Жігітке жеті өнер де аз»  деген сынды мақал-мәтелдердің мәнісі осында болса керек. Қарап отырсақ, қадам басқан күнінен баланы жалған өмірдің «жалтырағына» қызықтырудың қажеті жоқ секілді.
Иә, онсыз да бізде тойдың түрі көп. «Асқанды да көргенбіз, тасқанды да көргенбіз. Асып-тасып, артынан сасқанды да көргенбіз» деген екен атамыз қазақ. Сол айтқандай, шашылып, шабылып, зәулім мейрамханаларда дүркірете той жасап, ақыр соңында оның ақысынан құтыла алмай, қарызға белшесінен батып жүргендер аз емес. Оның басты себебі – жөн-жосықсыз бәсекелестік. Аттыға ерем деп, жаяулар жан далбасалап қалып жатыр. Ал той тізгінін ұстайтын асаба деген ағайындар жөнінде айтар әңгіме өз алдына. Олардың ой-санасының деңгейіне қарай бүгінде тойларымызда арзан күлкі, арсыз әрекеттер орын ала бастады. Хакім Абай айтқан: «Адамды заман билемек, заманға адам күйлемектің» кері осы.
Сөз соңында айтарымыз, сан ғасырлық салт-дәстүріміздің сабағын үзбей, ұрпағымызға ұлықтап жеткізе білсек, рухани жаңғырудың мәнді де мағыналы үлгісі осы болмақ.
Ғазиза ӘБІЛДА.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз