ДОМБЫРАҒА КҮЙ БІТІРГЕН ШЕБЕР

60

0

ДОМБЫРАҒА КҮЙ БІТІРГЕН ШЕБЕРЖуырда Жаңақорған
ауданындағы Қосүйеңкі ауылына жол түсті. Сайда ірі қарасы жайылған, шөбі шүйгін
мекен екен. Бұлақ бойлай өскен жасыл ағаштар ауылдың ажарын кіргізгендей. Таза
ауа, салқын леп, самал желі көкірегіңнің
тынысын аша түскендей әсер қалдырады. Бұл ауылда қолөнер шебері тұрады деп
естіген едік. Ата кәсіпті жалғаған жігітті танымайтын адам жоқ екен.

Қоғамда сан түрлі мамандық бар. Әркім өзінің икеміне
қарап, таңдайды. Көпшіліктің пікіріне
құлақ ассақ, басым бөлігі заңгер, қаржыгер, менеджер сынды мамандықтарды
игеруде. Қарапайым қоғамда сұранысқа ие етікші, құрылысшы, ұста, шебер секілді кәсіпті меңгеретіндер қатары сирек.
Ал, осындай зәру мамандықтың астарында үлкен өнер мен еңбек жатқанын біле
бермейміз.

Елден сұрастырып отырып, шебердің шаңырағына да
жеттік. Сапарымыздың мақсатын түсінген Қожабек аға жұмысын жасай отырып,
әңгімесін бастап кетті. Ата кәсіпті нәсіп еткен ағамыз әңгімесін балалық шағына бұрды…

Кешегі өтпелі кезең тұсында ағайынды үш жігіт өз
кәсіптерін бастапты. Олардың кенжесі
Қожабек жастайынан ұсталық өнерге құмар
болған. Бірде ол өздігінен үлкен ағашты
балтамен шауып ер жасап шығарды. Осы талабын
байқаған әкесі оны Қаратаудың етегіндегі өзінің нағашысы Бекен атаға
апарып, батасын алады. Осыдан кейін бозбала ауыл адамдарына тұрмысқа қажетті бұйымдар, домбыра, ат
әбзелдерін жасап бере бастайды.

Отан алдындағы борышын өтеп келген соң ән айтып, терме
орындап, тойларда асаба болып басқа
қырынан да көрінеді. Кейін ағалары Мырзабек пен Молдабектің қолдауымен домбыра жасауды қайта қолға алады.

Қарапайым шеберханасында қаншама домбыра және басқа да
ұлттық аспаптарды жасап шығарады. Оған облыстың және аудандардың өнер мектептері,
мәдениет үйлері, кейде басқа да өңірлерден
арнайы тапсырыс беріп жатады екен. Тіпті, арнайы келген қонақтарға сый
ретінде ұсынатын кездер де аз болмайтын
көрінеді. Қожабек аға домбыра жасайтын ағашты ерекше тәсілмен күтімге алады. Оған жаңғақ, тұт, алма, алмұрт, қара ағашты
таңдайды. Ағаштың сыртқы қабығын алмай оны екі-үш жыл сақтайды. Сонда ағаш
жақсы кебетін көрінеді. Домбыра бағасы 10-15 мың теңгеден бастап, 2000 АҚШ
долларына дейін жетеді. Кейде қазіргі заманға сай ішіне микрофон орнататындай
етіп жасайды. Мұндай домбыраға белгілі күйші, әнші азаматтар тапсырыс береді.

Әңгіме барысында кейінгі кездері ұлттық аспапқа деген
сұраныстың арта бастағанын қуанышпен жеткізді. Домбыра жасаудың алғашқы
сатысынан бастап соңына дейін аса
ыждағаттылық пен ұқыптылықты ұстана отырып еңбектенеді. Тапсырыс
беретіндер арнайы келіп,
ою-өрнектерімен, сыртқы қорапшасына да әсемдікпен көркемдеп шығуын сұрайды.

«Қазақтың әр шаңырағының төрінде домбыра ілулі тұрған.
Ата-бабамыз қасиетті домбыраны ерекше қастерлеген емес пе? Міне, сондықтан оны
төрінен түсірмеген. Өзімде сол әдетті ұстанамын. Қазір ақпараттық тех­нологияның
дамыған кезеңі. Алайда, кеңестік дәуір
кезінде пайдаланған ескі құ­рал­­дарды қолданып келеміз. Жақында жеке кәсіпкер
куәлігін алдым. Қол астымда жұмыс жасайтындарға жалақы да беріп отырамын. Енді мемлекеттен қайтарымсыз несие алып,
Қытайдан шығатын заманауи станокқа қол жеткізсек дейміз. Сонда жұмысымыз аз да
болса жеңілдеп қалар еді” – дейді ол.

Қожабек ұстаның отбасы да өнерлі. Үлкен баласы Ниязбек
басқа мамандықты игеріп жатқанымен, қолөнерге икемі ерекше. Бос уақытында үнемі
қолғабыс ететін көрінеді. Жары да домбыраны әрлеп, бояудың шебері болып алыпты.
Шәкірттері де жоқ емес. Жастарды өнерге баулып, көрген-білгенін үйретуден
жалықпайды.

Шағын ауылда
бұл отбасынан басқа да домбыра жасаушы ұсталар бар екен. Кішкентай ғана ауылдан қолөнер иелері шығып,
дәстүрлі өнерімізді дәріптейтін қасиетті қара домбыраға жан бітіріп жатқан
жандардың бұл ісіне іштей қуанып
қалдым. Қазақтың өнерін дамытып, кейінгі ұрпаққа ұлағаттап жатқан мұндай
шеберлер қандай құрметке болса да лайықты деген ой түйдім.

Сара ҚОРҒАНБАЙҚЫЗЫ.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз