Екпіні ерен, үні ғажап

70

0

Бүгінде
тәуелсіз еліміздің музыкалық мәдениетіне еркін қадам басып, өзіндік үні,
өзіндік тілімен танылып, әртүрлі жанрларда қолтаңбасын қалдырып жүрген өнер
жұлдыздары да жетерлік. Комералық оркестр, фольклорлық ансамбльдер, халық
аспаптар оркестрі және симфониялық оркестрлердің қанатын кеңге жайып, қазақ
халқының рухани игілігін арттырып отыр.

Кез келген ұлттың өзіндік
кескін-келбеті мен болмыс-бітімін айқындайтын ұғым оның өзіне тән ұлттық
мәдениеті мен өнері. Осындай қалың
көпшіліктің көңілінен шығып жүрген оркестр өнері бүгінде жанға жылу сыйлайды.
Оркестр бізге 1932 жылдан бастап енген. Ең ал­ғаш болып Құрманғазы атындағы ака­де­миялық
халық аспаптары оркестрі құ­рыл­ған. Бүгінде сексен жылға жуық та­рихы бар
оркестрдің ізін Талғат Мақа­шев басшылық жасайтын облыстық фи­лар­мония жанынан облыс әкімінің қол­дауымен
құрылған Камералық оркестр жалғап келеді.

«Ұлттық саз байлығынан нәр алып, еуропалық
дәстүрге бой теңеген, екпіні ерен, үні ғажап, інжу-маржан осынау му­зыка отауы
– қазақ халқының жан дү­ние­сінің, арманының, ар ұятының, ел­сүйгіштігінің
келісті көрінісі…» деп Пре­зидентіміз Нұрсұлтан Назарбаев ор­кестр өнеріне
жоғары баға берген. Қы­зылордалық оркестрдің де осындай бағаға лайық екені
сөзсіз. Камералық оркестрдің алдағы алар асуы биік, мақсаты айқын дегіміз
келеді. Ол үшін оның қажетіне сай жағдайлар жасалып отыр. Кәсіби деңгейі жоғары
музыканттар жұмысқа тартылуда. Бүгінде камералық оркестрде 20-ға жуық өнерпаз
жұмыс жасайды.

Орындаушылық жағынан
тыңдарман қауымның өнерге деген құлшыныстарын тудыра жүріп, бізді халқымыздың
музы­ка­лық асыл қазына – мұраларымен, отан­дық және әлемдік классиканың озық
үлгілерімен сусындату үшін өз жұмы­сын бастаған оркестр Конституция кү­ні­не
орай облыстық Н.Бекежанов атын­дағы музыкалық драма театрында «Конс­ти­туция –
тәуелсіздік тірегі» атты мере­келік концертте өнер көрсетті.

Күй өнерi әр қазақтың
алпыс екi тамы­рында ойнаған, сезiмiн оятқан құдiреттi күш болса, бүгінде
операның алар орны да ерекше. Опера – өнердің шыңы. Саф алтындай бекзат өнер
әркімнің бағына бұйыра бермейді. Кіршіксіз
өнерге тек табиғи талантты тарландар ғана терең бой­лай алады. Осы концертке
ұлттық опе­ра өнерінің жарық жұлдызы, «Астана Опе­ра» театрының әншісі, ҚР
халық әр­тісі, Мемлекеттік сыйлықтың иегері Нұр­жамал Үсенбаева келіп, әсем
даусын көк­ке созып, ән шырқады.

Конституция күніне арналған мере­келік салтанатты
шарада облыс әкі­мі Қ.Кө­шербаев сөз сөйлеп, Сыр жұрт­шы­лығын айтулы мерекемен
құттықтады.

Аталмыш оркестрдің ашылғанына көп болмаса да, әлемдік
және қазақ халқының туындыларын орындады. Аспап пен адам, саз бен сана, иірімді
ырғақ пен үй­­л­е­сім кештің көркін қыздырды. Өнер­­паздар Камиль Сен-санстың –
«Ле­бедь», М.Төлебаевтың – «Біржан-Са­ра» операсынан би, Иоганн Себас­тьян
Бахтың – «Ария», Астор Пьяцол­ло­ның – «Либертанго», Кристоф Глюктің –
«Ме­­ло­дия», Вольфганг Амадей Моцарт­тың – «Маленькая ночная серенада», Ғазиза
Жұ­банованың – «Мерекелік күй», басқа да жо­ға­ры талғамды шығармаларды шебер
орындап шықты.

Қоңыр дауыс, күмбірлеген күй кешке жиналған көрерменге
рухани демалыс сыйлады. Камералық оркестр Сыр өңірін әдемі әуенімен, сырлы
сазымен қуантты.

Ақмарал ОЛЖАБАЕВА.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз