ЕСМҰРАТ БИДІҢ ЕЛШІЛДІГІ

95

0

Ел қамын жеген еңбегі, топ бастаған көсемдігі, отауызды, орақ тілді шешендігі, көлтексіз әділдігімен бүкіл қазақ даласына билік ете білгендер Төле, Қазыбек, Әйтеке билерден бастау алған.  Олар өз ауыл-аймағына әділдігімен қатар халықтың көкейіндегісін айтып, көмейіндегісін жарыққа шығару, ақты ақ, қараны қара деп әділдігімен әділет жоқшысы болып танылған тұлғалар. Әділ төрелік айту – екінің бірінің қолынан келмейтін іс. Ал, осындай істерді өз деңгейінде атқарған небір дүл-дүл шешен билер Сыр бойында аз болмаған. Осындай билер санатындағы жастайынан «Бала жолбарыс» би атанған Бәйімбетұлы Есмұрат би болатын. 
Есмұрат бидің есімі Сыр бойымен қатар Ташкент, бір жағы Ақтөбе өңіріне мәлім болса керек. Осы сөзімізге дәлел ретінде Есмұрат бимен аталас туысы, марқұм майдангер Бәкір Өтепов өзінің «Отты жылдар» естелік кітабының 107-бетіндегі «Бала жолбарыс – Есмұрат” атты мақаласында Телғозиев Сәдуақас майдангердің сөзімен былай келтіреді: 
«Қыстың аязды күні. Біздер Ақтөбе қаласына орналасқалы да екі айдың шамасы болып қалған еді. Біз ол кезде 101-ші ерекше атқыштар бригадасында дайындықтан өтіп жатқанбыз. Теміржолдардың бойын қар басып қалып, жол қатынасы қиындап кетті. Осыған орай күн сайын қар тазалауға баратынбыз. Сонда жүргенімізде бір ақсақалды кісі келіп: 
– Балам, қай жақтан келдің? – деген сауал тастады.
– Мен Қызылорда жақтан келдім, – дедім.  
– Е, Есмұрат ауылынан екенсің ғой, – деді ол. 
Демек, Есмұрат есімі ақтөбеліктерге де етене таныс болған.
Сейітмұрат Ембергеновтің «Мен Асқар аулынанмын» атты кітабының 31-бетінде «Есмұрат би» атты мақаласында былай делінген:
ХІХ ғасырдың екінші жартысы мен ХХ ғасырдың бас жағында Сыр елінде аты шыққан билердің бірі – Ошақты Есмұрат би. Есмұрат жас кезінен-ақ турашылдығымен, отауызды, орақ тілділігімен есімі ел ішіне ерте таралып, «Бала жолбарыс» атанған. Өкініштісі, Есмұраттың билік жасаудағы біліктілігі мен батылдығы жайлы деректерді білетіндер жоқ. Тек оның ер мінезділігі мен жомарт жандылығына дәлел боларлықтай бірлі-жарымды әңгімелер ғана бар. 
Шортанбай би бірде Есмұраттың үйінде қонақта болады. Үй егесі қонағын құрметтеп күтіп, түнімен әңгіме тиегін ағытады. 
Қазақ салты бойынша жасы үлкендер сөйлеп, кішілері тыңдау ләзім. Бұл жерде керісінше болады. Ертесіне аттанып бара жатып Шортанбай би Есмұрат биге: «Есмұрат, шырағым-ай, кісіге берерім көп те, аларым аз екен» десе керек. Өзінен ағаттық кеткенін аңғарған Есмұрат беліндегі кемер белбеуін шешіп беріп, кешірім сұраған екен.  
Ел аузында Айқожа мен Есмұрат арасындағы әңгімелер әр қилы баяндалады. Есмұраттың аталас туысы Бәкір Өтепов «Отты жылдар» атты кітабында Айқожа Есмұраттың інісі, руы Ошақты десе, этнограф Т.Дайрабаев  пен М.Ахметовтің «Билер сөзі киелі» кітабында Айқожаның руы Жалайыр деп көрсетеді. Марқұм Асқар ауылының тұрғыны, ел аузындағы әңгімелердің білгірі, бимен туыс болып келетін Ілиясов Айтмағанбет ақсақал бұл жайды былайша өрбітеді: 
«Табындардың белді ауқаттылары келіп, Қалжан ахунның иығына жапқан құндыз ішікті Айқожа киіп келе жатыр дегенді естіген Есмұрат ағасының алдынан шығып, құндыз ішікке қызығып, үйге соғып, жеңгеңе сәлем бермейсіз бе деп, үйіне ертіп әкеледі. Қорасында сояр малы жоқтықтан, көрші ағасы Әбдірейдің семіз қойын сойып, көрші ағайындарына қонақасын беріпті. Қой иесі Әбдірей ағасы Есмұратқа: «Бүгін бір сорпа су ішіп, бір терлегеніміз болды» депті шығып бара жатып. Ертесіне Айқожа ағасы жол жүруге ыңғайлана бастағанда, шешесіне: «Апа, өткенде қайныма деген бір шапаным бар деп жүр едіңіз, ағаға кигізіп жіберсеңіз» деп шешесінен сандықтағы жаздық желең желбегейін алдырып, ағасының үстіне жауыпты. Сонда Айқожа інісінің ойын түсініп: «Ай, «күптей болып келіп ем, сыптай етіп шығардың-ау» деп жүріп кеткен көрінеді. 
Енді бірде ас беріліп, бәйге болады деген шақыртумен Есмұрат бір топ ауылдас ақсақалдарымен Шиеліге аттанады. Онда арнаулы үй тігіліп, қонақтар соған түсіріледі. Сонда Есмұрат «Бала жолбарыс» атанған кезі екен. Түскен үйде ақсақалдардан төмен отырып, олар шықса кебісін дайындап, кірсе, шешіп қызмет еткен. Мұны көрген ауыл адамдары «Ойпырмай, «Бала жолбарысы» мұндай болғанда, басқалары қандай екен?»  деп таңғалыпты. 
Перовскі уезіне қараған Қараөзек болысын жиырма жылдан астам уақыт басқарған Сыр бойы алпауыттарының бірі Сауранбай Құлманов болыс Тобағабыл деген жерде алыстан келгені бар, осы маңдағысы бар, барлығын шақырып, ағасына ас беріп, әдеттегідей аяғы балуан күреске ұласыпты. Той басқарушы күреске келген жұртқа өз руластарының намысын қорғайтын палуандарын шығаруды жариялай жүріп, Сауранбай  болыстың намысын қорғап жүрген, жауырыны жерге тимеген «Түйе палуанымен» сайысқа түсетінін ескертеді. Естіген жұрт өз жігіттеріне қараса, жігіттері болыстың алып денелі палуанын көргенде тоқайрап, қарсы шығуға беттемей қалады. Шынында да, аяқтарына байлаған қоңыраулары сыңғырлап болыс палуаны келгенде басқа палуандар именіп қалады. Есмұрат өз ауылынан келген Мырзалы есімді жігітті дәуге қарсы шығуға үгіттеп, жеңілсең жер көтерер, ағайынның намысын сен қорғамасаң, кім қорғар деп ағайынның кеу-кеуімен кілемге шығарады. Ол бұрын-соңды күреске түспесе де, күрестің әдіс-тәсілін білмесе де қара күштің иесі, жаздай Түркістанда сарттардың кесегін құятын сүйекті, ірі қапсағай денелі болатын.
Басқарушы екі палуанды ортаға шығарып, белдестіріп, күресті бастап жібереді. Болыстың алыбы Мырзалыны олай-бұлай жұлқып, мазақ еткендей, біраз сілкілеп жүргенде оң жамбасына келе қояды. Сөйтіп, «Иә, әруақ» деп алыптың екі аяғын аспандата келіп түсіргенде, анадайда тұрған Есмұрат: «Айналайын, сені тапқан анаңнан» деп айқайлай келе Мырзалыны құшақтапты. 
Есмұрат үнемі «Алаған қолым береген» дейтін жан екен. Халықтың бергенін жамбасына басып, қора-қора мал жиған, пайда қуған, дүние жиған кісі болмапты. Тапқан табысын ағайыны мен кедей-кепшіктерге үлестіріп, келіп қалған көлденең көк аттыға да мал сойып, қонақасы беретін жомарт жан болған деседі.
Бұқарбай батыр кезекті бір жортуылдан келе жатып Есмұрат ауылының тұсына келгенде:
– Жиенге түсейін, өзін жомарт дейтін еді, көрейін, – деп жортуылдан түскен олжа жылқыларына қарауға бір-екі жігітін қалдырып, қалғанын ертіп, беймезгіл уақытта Есмұраттың үй сыртына келгенде жігіттерінің бірі «Батыр келіп тұр» деп хабар береді. Хабарды естіген Есмұрат жалма-жан жүгіре шығып, батырдың шылбырынан ұстап, өзін аттан түсіріп, үйге кіргізіп, дархан көңілімен шәй-суын бере жүріп, жігіттеріне өзінің мініс атын сойдырып, қонақасын шын пейілмен беріп, шығарып салады. 
Ауылдан ұзай бере батыр жігіттеріне: «Қылышынан қан тамған батырыңды тілінен бал тамған шешен алады» деуші еді. Рас екен. Ат үстінде шаршап келе жатқанда «Мына би қалай екен?» деп үйіне түсіп едім. Көрдіңдер ғой, өзінің қонақжайлылығын, оның үстіне сөйлеген сөзі не тұрады? Сендер не байқадыңдар?» деп  қасындағыларға барлай қарайды. Жігіттері тоя жеген тамағынан басқа ештеңе байқамағанын білдіреді. Сонда батыр: «Біз келгенде би үйінің маңында өзінің мініс аты тұрған еді. Енді бірде түзге шыққанда орнында ат жоқ, қазан қайнап жатты. Би өзінің мініс атын сойып, беймезгіл келген бізге қонақасы берді. Мына олжадан жылқысының қайтарымы болсын, бір үйірін апарып беріңдер. Әлдеқалай қуғыншы келер болса, Бұқарбай сарбаздары сыйлап кетті десін» деп, әрі қарай жүріп кетіпті. 
Ал, тағы бір әңгімелерде Сыр бойындағы атақты екі Жүсіптің айтысына да ара ағайындыққа түсіп, татуласуына ықпал етіпті дейді. 
Ошақты Нұрбай балдызы Төлегенмен бірге Қызылордаға базарлап барып, қайтарды шәй ішіп шығамын деп орын іздейді. Сонда тұрып Нұрбай:
– Төлеген, мен Есмұрат болайын, сен менің атқосшым бол, әйтпесе бізді жолда ешкім қондырмайды, – дейді. 
Жаппастар ауылына жақындағанда Нұрбай Төлегенді ертерек жібереді. «Бай ауылына Есмұрат келе жатыр» дегейсің дейді. Төлеген бір байдың үйіне келіп: «Есмұрат деген кісі сіздің үйге қонаққа келе жатыр» деп хабарын айтады. Сонда олар: «Келсе келсін, Есмұратты көрген жоқ едік, жақсы болды ғой» деп қуанып қалыпты. Ауыл азаматтары «Есмұратты» аттан түсіріп, бай үйіне кіргізеді. «Есекең» қасындағы жолдасына мәсісін сүрткізіп, өзі төрге шығады. Түнде қонақасы жейді. Ертесіне бай «Есекеңе» шапан жауып, сый-құрмет көрсетіп, шығарып салыпты деп келтіреді. 
Біз ел ішіндегі әңгімелер мен баспа бетінде жарияланған мақалаларға сілтеме жасай отырып, келешек жас ұрпақ бұрынғы өткен дана бабаларының ұлағатын бойына сіңіріп өссе, діңгегі мықты бәйтеректей алыпқа айналса дейміз.
Құрметті оқырман, «Әруағын сыйлаған ел азбас» дегендей, би жайлы ел ішіндегі аңыз-әңгімелерді жинап және оның фотобейнесін шығарып, би атасын халқымен қайта қауыштыру мақсатында ұрпағы Сақыбаев Тесірзада үлкен азаматтық іс атқара білді. Ол келешекте би атасының атымен аталып жүрген Тереңөзек кентінің теміржол бойының арқа тұсындағы «Есмұрат бейітінің» айналасындағы қоршауын қайта жөндеп, кіреберіс қақпасын соңғы үлгімен жасатып, жанына «Халықтың біртуар азаматы «Бәйімбетұлы Есмұрат би» деген жазуы бар тақта орнатуды көздейді. Осы бейіттегі аруақтардың да жақындары осы ісіме қолдау көрсетсе игі» дейді. 
Сіз не дейсіз, қадірлі оқырман?
Жәнібек МАХАНБЕТ,
Еркін ӘБІЛ.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз