ХАЛЫҚ ЖҮРЕГІНДЕГІ ТАЛАНТ

102

0

Талантты актер, күл­кіден күмбез
соққан дарын иесі Құдайберген Сұлтанбаевтың өмірден озғанына биыл бес жыл болды.
Осыған орай Нартай Бекежанов атындағы облыстық драма театрда еске алу кеші өтті.

 

Кешке Құдайберген Сұлтан­баевтың
жақындары мен өнердегі достары, ізбасарлары жиналды. Алғаш болып сөз алған облыс
әкімі Қырымбек Көшербаев:

– Ұлттың өнері мен мәдениетіне талай-талай қабырғалы қайраткер қосқан
біздің өңір қашанда таланттан кенде болмаған. Өнердің қай саласында да Сыр саңлақтары
жарқырай көрініп, аса мәртебелі көрерменнің шынай құрметіне бөленді. Соның бірі
– ақ жол толқынды Арал жағасында туылған дарын иесі Құдайберген Сұлтанбаев. Оның
театр сахнасында сомдаған әрбір ролі әлі күнге дейін халық жадында. Сондай-ақ,
ол сатира жанрында да жарқырап көрінді. «Тамаша» ойын-сауық отауындағы нағашы
мен жиеннің әзілі нағыз қазақы сипаттағы сахналық сатираның бастау бұлағы болды
десек, артық айтқандық болмас. Парламент депутаты да болып, көптеген
мәселелердің шешілуіне атсалысты. Қадірлі ағайын, «Жігітке жеті өнер де аз
дейді» қазақ. Құдайберген Тәуекелұлы жасында акробатикамен айналысып, түрлі
аспаптардың шебер орындаушысы болды. Ағамыздың суретшілік өнерден де құралақан
еместігін байқағанбыз. Бірақ ол бәрін сахнаның жолына қиды. Көзі жұмылғанша сол
таңдауына адал болып өтті. Ал өмірінің соңғы жылдары шәкірт дайындап, оларды
халықаралық сайыстарына салды. Арнайы өнер ошағын ашуды да көздеген еді. Өз
ғұмырында ұлт өнерінің жоғын жоқтап өткен Құдайберген Тәуекелұлының жолын енді
шәкірттері жалғайды деп сенеміз. Өзгеше дарын иесінің есімін жаңғыртуды
көздеген бүгінгі бастама баянды болғай, – деді облыс әкімі.

Кешке арнайы келген
Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, ақын Шөмішбай Сариев сөз сөйлеп,
«Сұлтанбаевпен сырласуын» оқып берді. Термеші Елмұра Жаңабергенова да талантты
актерға арналған толғауын орындады. Жеңіс Сейдуллаұлы, Жеңіс Ысқақова, Рүстем
Нұржігіт, Гүлнұл Оразымбетова сынды өзге де өнер жұлдыздары халыққа әсем
әндерін сыйлады. Шара барысында«Құдайдан әзіл-қалжың сұрай келген, сахнада Сұлтанбаев Құдайберген» деп
алдарына жарқырай шығатын арда ұлдарын сағынған халыққа мұрағат материалдары да
ұсынылды.

 

М.ТОҚТАСЫНҚЫЗЫ.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз