ХАЛҚЫНЫҢ АҚБАЯНЫ

118

0

ХАЛҚЫНЫҢ АҚБАЯНЫӨнер – халқымыздың рухани азығы. Сонау ғасырлардан сал-серілер, бұлбұл құстай сайраған жезтаңдай әншілер халқымыздың даңқын шығарды. Олардың жолын қуып ел сүйіспеншілігіне бөленген, сыңғырлаған әуенімен тамсандырып, таңдай қақтырып өзімен бірге ән салдырған тума талант Мадина Ералиева еді.
1972 жылы жазда аудандық мәдениет бөлімінің меңгерушісі Кеңес Асанбаев мені шақырып алып Мадинамен таныстырды. «Мына бала келешегінен үміт күттіретін талантты әнші. Қызылорда қаласындағы Мәншүк Мәметова атындағы педучилищеде оқиды. Жазғы демалыста ауылға келіп тұрады. Концерттік бағдарламаңа қос, көмектес, тиын-тебен тапсын» деді. Мен мақұл деп, әнін тыңдап көріп едім, өте тамаша, керемет екен. Мадинаны ортамызға алып, әр жазғы демалысында келген кездерінде ауылдарда көрші Арал, Қармақшы, Төретам, Ақайда өнер сапармен талай рет болдық.
1974 жылы жазда Мадина келгенде: «Орақ аға, мен училищені бітірдім. Енді Алматыдағы қыздар педагогикалық институтына оқуға түскім келеді. Осы жазда Шалқар ауданын араласақ», – деді. Мадина педучилищеде оқып жүрген кезінде  облыстық өнер байқауларында жүлденің алдын берген жоқ. Сол өнер сапарында Шалқар ауданының орталығында, Шет ырғыз, Тумалы көл, Нұра, Ақсақалтәуіп ауылдарында, Қарабұтақ ауданында өнер көрсетіп, халықтың зор құрметіне бөленіп қайттық. Мадина баян аспабымен өзін-өзі сүйемелдеп, ән айтады. Арасында мен домбырамен сүйемелдеп әннің шырайын келтіремін. Ол кезде аздап терме айтатын едім. Әсіресе, «Әупілдек» әуенін орындағанда халық қайта-қайта айтқызып сахнадан жібермейтін. 
1974 жылы Мадина Алматыдағы қыздар институтына оқуға түсті. Екінші курста оқып жүргенде Қазалыға бір келіп кетті. Онда ауданымыздың Қарақұм бетіндегі «Ақтамшық» деген жайлауда 3-4 тамыз күні ауданымыздың Шопандар слеті жоғары дәрежеде өтті. Ақ шатырдай 20 шақты үй тігілген. Ортада өнер, спорт көрсететін сахна. Қазалы ұлт аспаптар оркестрімен Мадина Ахмет Жұбановтың «Ақ көгершін», Бексұлтан Байкенжеевтің «Ақ баян», қырғыз әні «Сағынамды» тамылжыта орындады. Мадинаны сахнадан халық жібермеді. Баянды өзі тартып, екі ән орындады. Шопандар тойына шақырылған облыстық партия комитетінің бірінші хатшысы Исатай Әбдікәрімов Мадинаға ризашылығын білдіріп болашағына оң талап тілеп, маңдайынан сүйді. Аудан басшысы Қозтай Әбуов Мадинаға сый-сияпат көрсетті. Бір аптадан кейін Тереңөзек ауданында облыстық шопандар слеті қайта жалғасты. Оған Әбділда Тәжібаев, Әбдіжәміл Нұрпейісов,  Асанәлі Әшімов, Роза Бағланова, Бибігүл Төлегенова бастаған әдебиет пен өнер майталмандары келді. Слетке қатысқан өнер адамдарымен бірге сахнада Мадина ән шырқап талайлардың таңдайын қақтырды. 1978 жылы институтты бітіргеннен кейін Ғылым академиясының жанындағы М.Әуезов атындағы өнер институтына Мардан Байділдаев Мадинаны ғылыми қызметкер етіп жұмысқа орналастырды. Сол жылы күзде Қызылорда облысының Қарақалпақстанда мәдениет пен өнер апталығы болды. Облыс басшысының шақыруымен Мадина Нөкіс қаласында ән шырқап, Қарақалпақстанның жетекшісі Камаловтың қолынан Құрмет грамотасын алды. Мен Қазалыдан Әуезовтердің семьялық ансамблімен қатысқан болатынмын. Мадина сегіз жылға дейін елге келген жоқ. 1986 жылы ол Жамбыл атындағы мемлекеттік филармонияға әнші болып орналасады. Келер жылы аудан басшысы  Елеу Көшербаев ағамыздың шақыруымен қараша айында Мадина Қазалыға келіп халқымыздың көңілін көтеріп, қошеметке бөленді. Сол кездегі «ПМК-86» мекемесінің басшысы Самұрат Имандосов әншіні өз мекемесіне шақырып ұжымның алдында концерт бергізіп, сый-сияпат көрсетті.
1989 жылы сәуір айында аудан басшылығы Алматы қаласына кейбір жетіспейтін концерттік киімдер мен музыкалық аспаптарға тапсырыс беруге жолсапарға жіберді. Ол кезде мен Қазалы қаласындағы аудандық мәдениет үйінің директоры болатынмын. 
Мадина баласы Арсенмен  Алматының шетінде Ақсай 4-те бір бөлмелі үйде тұрады екен. Концерттік киім тігетін «Театралдық қоғам» деген мекемеге барып мені таныстырып, тапсырыс бердік. Сонымен бірге ұлттық музыкалық аспаптар жасайтын цехқа және дүкенге апарды. Көркемсурет училищесінің директоры атақты суретші, мүсінші Дәркенбай Шоқпаровпен мені жете таныстырып, оған да тапсырыс бердім.
Он екі қабат үйдің екінші қабатындағы «Мирас» мекемесінде алты қанат киіз үй тігілген, екі шелек су кететін самаурын екі иығынан демалып қайнап тұр. Ортада түрлі ұлттық тағамдармен жайнаған дастархан. Біз барған кезде төрде Нұрғиса Тілендиев пен Қаршыға Ахмедияров, Ілия Жаханов пен Секен Тұрысбеков отыр екен. Жолы болар жігіттің дегендей, олармен кездесу  үлкен өнер кешіне ұласты. 
Тәуелсіздік алған алғашқы жылдарда 1992 жылы қазан айының 17-18 күндері Жанқожа батыр бабаға республикалық дәрежеде үлкен ас беру рәсімі өтті. Онда Мадина «Адырна» ұлттық ансамблімен ауа райының қолайсыздығына қарамастан, халыққа бір сағат концерт берді.
Келер жылы қарашада Алматы қаласында Қазалы ауданының мәдениеті мен өнер күндері өтті. Оған мемлекет және қоғам қайраткері Әбіш Кекілбаев бастаған зиялы қауым, мәдениет өкілдері, жерлесіміз  Роза Бағланова қатысты. Онда «Қорқыт сазы» ансамблімен Мадина екі ән шырқады. Содан кейінгі Қызылорда облысының Алматы қаласындағы мәдениеті мен өнері күндерінде де ол біздің басы-қасымызда болып, ансамблімізбен ән айтып,  құрмет көрсетті. 
2000 жылы қараша айында бауыры Сағирамен Мадина елге келді. Ондағы мақсаты, дүниеден ерте озып кеткен әкесінің жерленген жерінің басына ескерткіш үй салу еді. Бұдан бұрын Жанқожа батыр ауылында ерте кеткен анасына ескерткіш үй салған болатын. Осы сапардан қайтарында қайғылы қазаға ұшырап, халқының қабырғасы қайысты. 
Тағдырға амал қанша?! Дүниеден озғанымен, Мадинаның қайталанбас әндері мәңгілік халқымыздың жүрегінде сақталады.
Мадина алғаш училищеде оқып жүргеннің өзінде, Қазалыға келген сайын жергілікті өнерпаздар Қонысбек Оразалиев, Нұрмаш Алғашбаев, Роман Әуезов, Амангелді Байекеев, Зейнеп Қалиева, Мадина Айымбетова тағы басқалармен бірге жүріп,  ел аралап өнер көрсететін еді. Кейін үлкен өнерде жүрсе де елге баласы Арсенді ертіп келіп ағалары, апаларымен талай таныстырды. Онда көбінесе қасында ізбасар әнші сіңілісі Ғалия Оспанова бірге болатын. 
Мадина өзі ақкөңіл, бауырмал, әділдікті сүйетін, жанашырлығы басым нәзік жан еді.  Роза апамыздан кейін Қазалының, Сыр өңірінің есімін елімізге танытқан, ұлттық өнеріміздің жарық жұлдызы дүниеден ерте озып кеткен жезтаңдай  әнші Мадина Ералиева бауырымызды ұмытуға бола ма?
Әншінің өнердегі еңбегін жоғары бағалап, мәңгі есте қалдыру үшін  Қызылорда қаласының бұрынғы «Бумажник» мәдениет үйін  күрделі жөндеуден өткізіп, ол мәдениет ошағына Мадинаның есімі берілді. Қазір бұл мәдениет үйі халыққа тынымсыз қызмет жасауда. Ал, дарынды әншінің өзінің туған, өскен жері Мадинаның есімін ауданымызда бір көше немесе мәдениет ошағына беруге неге болмасқа?
Мадинаның баласы Арсен Ералиев кейін жоғары білім алды, үйленді. Қазір шетелмен байланыс жасайтын үлкен бір фирманың басқарушысы. Қазіргі өскелең жастар Мадинаны біле бермейді. Әнін анда-санда теледидардан есіткені болмаса. Ол өнерден өз бақытын тапқан жан еді. 
Орақ БАУБЕКОВ,
КСРО мәдениетінің үздігі ҚР мәдениет қайраткері. 
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз