“ҒИБРАТТЫ ҒҰМЫР” СЫР ШЕРТЕДІ

64

0

Қармақшылық Нұртілеу Са­лықов еңбек жолын қатардағы оқы­тушылықтан бастап, бертін келе Қармақшы ауданын басқарған басшы­лардың бірі болды. Жарты ғасырға жуық уақыт осы ауданның комсомол, партия, шаруашылық, Кеңес, әкімдік органдарындағы басшылық қызметте болып, аудан экономикасы мен әлеуметінің артуына өзіндік үлесін қосты. Зейнеткерлікке шыққан соң аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы болып та жемісті еңбек етті. Қазіргі таңда «Сырдария-мұнай” жауапкершілігі шектеулі серіктестігі компаниясы бас директорының кеңес­шісі ретінде ұжым мүшелерінің ауыз­біршілігін қалыптастыруға сүбелі үлесін қосып та жүр.

Айтпағымыз, «Құрмет белгісі” орденінің иегері Нұртілеу өзінің көргендері мен көңілге түйгендерін, яғни, жүректегі жазбаларын бүгінгі және келер ұрпаққа ұлағат етуді мұрат тұтқан. Содан да оның қарымды қаламынан 2011 жылы екі томдық «Ғибратты ғұмыр” атты жинағы өмірге келсе, биылғы жылы «Қазыналы жердің қаһармандары”, «Халықтың Қаратайы” атты кітаптары жарық көрді.

Н.Салықовтың «Ғибратты ғұмыр” кітабында Қармақшы ауданының өсіп, өркен жаюына өзіндік үлестерін қосқан азаматтар жайлы сыр шертеді. Осы бір айтулы азаматтардың бітім-болмысынан ұлттық болмысымызды бойларына жинақтай білген асыл текті, абзал азаматтар екендігіне шүбәсіз көз жеткізесіз. Ал, «Халықтың Қаратайы” кітабында Сыр өңірінде өмір сүріп, туған жердің өркендеуі жолында еліне қалтқысыз қызмет еткен айтулы азамат Қаратай Қуаңбаев және де басқа есімдері ел есінде жүрген аға, іні, замандастары жайлы тұшымды ой толғайды.

«Қазыналы жердің қаһармандары” туындысында бүгінгі таңда мұнай-газ саласында мол тәжірибе жинақтаған «Сырдария-мұнай” серіктестігінің өзіндік тарихы туралы сыр шерткен. Бұл естелік жинақта компанияның даму тарихы нақты деректермен баяндалып, ел мерейін асырған мұнайшылар туралы деректер берілген.

Нұрекеңнің қай кітабының болмасын тілі жатық, оқуға жеңіл, тақырып аясы өте кең. Қысқасы, туған топырағынан тағылым алғысы келетін, сарғайған тарих парақтарындағы жазбалардан тәлім іздейтін оқырмандарға бұл кітаптардың берері мол.

Е.АҚҚАЛИҰЛЫ.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз