КИНО ӨНЕРІНІҢ ДАРАБОЗЫ

61

0

КСРО халық әртісі, актер, режиссер Шәкен Аймановтың туғанына биыл 100 жыл. Павлодар облысының Баянауыл ауданында дүниеге келген дара дарын иесінің мерейтойы бүгінде республикалық деңгейде тойлануда. Қазақ кино өнерін қалыптастырып, алып шығармаларды дүниеге әкелген режиссердің мерекесі Сыр елінде де «Қазақ киносының жұлдызы» деген атпен аталып өтті. Мерекелік кешке КСРО халық әртісі, Қазақстан мемлекеттік сыйлығының лауреаты Бибігүл Төлегенова, Қазақстанның халық әртісі, еліміздің еңбек сіңірген өнер қайраткері, режиссер Есмұхан Обаев, режиссер Болат Шәріп қатысып, өнер майталманы туралы түрлі естеліктер мен қызықты әңгімелер өрбітті.
«Махаббат туралы аңыз”, «Алдар көсе”, «Атамекен”, «Найзатас баурайында”, «Біздің сүйікті дәрігер” мен «Тақиялы періште” секілді белгілі фильмдерді жарыққа шығарған Ш.Аймановтың өлшеусіз еңбегін  сөз еткен шарада облыс әкімі Қырымбек Көшербаев та сөз алып, барша көрерменді айтулы мерекемен құттықтады.
«Құрметті өнерсүйер қауым, кеш қонақтары! Елбасы Н.Назарбаев Ш.Айманов атындағы Қазақфильм киностудиясында болғанда «Біз сапалы, әрі мазмұнды фильмдер түсіру арқылы елдігімізді нығайтып, бірлігімізді бекемдей түсеміз. Сондықтан киноматография мемлекет үшін маңызды саланың бірі бола береді” деген еді. Осы орайда қазақ киноматографиясының дамуына бірден-бір сүбелі үлесін қосқан қазақтың асқан суреткер актері, ойшыл режиссері Шәкен Кенжетайұлының биыл туылғанына 100 жыл толуын республикада кеңінен атап өтудің маңызы зор. Себебі, ол режиссер ретінде шығармаға көркемдік идеялық мазмұн дарытуға, ұлттық ерекшеліктердің бояуын қанық етуге, заман  мен қоғам туралы философиялық ой толғам жасауға айрықша мән бере білетін дарынды суреткер. Қысқаша сөзбен Шәкендей алып тұлғаны толықтай ашу мүмкін емес. Оның бір ғасырлық тойы сынды танымдық мәні бар, артында қалған өшпес туындылары арқылы қалың көпшілікке, жас ұрпаққа насихаттай алсақ, ол да болса рухани өмірімізге қосылған үлес деп біліңіздер”- деген аймақ басшысы мұнан соң кеш қонақтарына алғысын білдірді. Сондай-ақ, бұлбұл әнші, ел мақтанышы болған Бибігүл Төлегенованы өзінің 85 жылдық мерейтойына орай Сыр елінде болып, концерт беруге шақырды. Сонымен қатар, өмірдің үлкен белесіне жеткен әншіге құрмет көрсетіп, Сыр жұртшылығының атынан қамзол кигізіп, суретін сыйға тартты.  Осылайша, нар тұлғаның дарыны мен даралығын сөз еткен кеш соңы Шәкеннің «Біздің сүйікті дәрігер” комедиялық киносына жалғасты.
М.ОТАРАЛЫ.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз