КҮЛКІМІЗДІ КӨБЕЙТЕ БЕР

59

0

КҮЛКІМІЗДІ КӨБЕЙТЕ БЕРӨткен дүйсенбі күні Шиелі ауданының жұртшылығы сатирик-жазушы, белгілі журналист Нұрмахан Елтайдың 60 жасқа толған мерейтойын атап өтті.
Н.Елтай «Жайма базар», «Сүйінші дайындаңыздар», «Беті бүлк етті», «Сыпыра сыйлық», т.б. сатиралық кітаптардың авторы. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Облыстық «Сыр бойы» газетінің оңтүстік аудандардағы меншікті тілшісі.
Аудандық «Салтанат сарайына» жиналған қаламгер шығармаларын құрметтейтін көпшілік Әлмырза Ноғайбаевтың әнімен ашылған сахна тамашасына кенелді.
Жаңақорған ауданының «Жаңақорған жаңашасы» әзіл-сықақ театрының өнерпаздары – Қалтай Архабаев, Қазыбек Башаров, Әбсұлтан Байкенжеев сатириктің тамаша бейнесін жасаған скетчтерімен ел көңілін көтерді.
Сондай-ақ, шиелілік сықақшы Кенжебай Жүсіпов баптаған жас өнерпаздардың орындауындағы интермедиалар мен №45 «Алтын орта» мектеп-гимназиясы оқушыларының сатирик-жазушы шығармаларын оқуы кеш ажарын аша түсті.
Әнші Әбдірейім Өміров, Жұмабай Шерниязов, Самат Сейтенов кеш қонақтарының көңілін әсем әуенмен тербетті.
Мерейтой иесіне Шиелі ауданының әкімі Мұрат Ергешбаев жылы лебізін білдіріп, журналистік қызметіне қоса сатирик жанрындағы тамаша шығармаларымен оқырманның рухани қажетін өтеп келе жатқан Н.Елтайға сый-сияпат жасады.
Сондай-ақ, Қызылорда қаласы әкімінің орынбасары Р.Рүстемов, Жаңақорған ауданы әкімінің орынбасары Қ.Бүркітбаев, «Сыр медиа» ЖШС бас директоры А.Оңғарбаев, ардагер журналист Ө.Жаппархан, басқа да бірқатар әріптестері ақ тілек арнады.
Қазақстан Жазушылар Одағы Басқармасы атынан жазушы Бақыт Сарбалаев пен ҚЖО облыстық ұйымының төрайымы Қаршыға Есімсейітова құттықтау сөз сөйлеп, Н.Елтайдың шығармашылық табыстарын ерекше бағалады және мерейтой иесінің төсіне «М.А.Шолохов» алтын медалін тақты.
Ел-жұрттың күлкісін көбейте бер, сатира сарбазы дейміз біз де.
Р.ДҮЙСЕНҰЛЫ.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз