КӨПТЕН КҮТКЕН КӨРКЕМ МЕШІТ АШЫЛДЫ

55

0

Мешіт – имандылықтың ордасы, рухани құндылықтар мекені. Ал иман
бар жерде ынтымақ пен бірлік, татулық пен достық қауыз жарары белгілі. Осындай имандылық
үйлері Сыр өңірінде жыл санап көбейіп келеді. Бүгінгі таңда облыста 152 мешіт болса,
жуырда оның саны тағы біреуге артты. Дәлірек айтсақ, қазан айының 4-і күні Қызылорда
қаласының Саламатов көшесінде бой көтерген жаңа мешіттің ашылу рəсімі өтті. Оған
Еңбек ері Абзал Ералиев, Мүсірәлі баба атындағы қор төрағасы Сәмит Далдабаев, «Ақмешіт-Сырдария»
орталық мешітінің бас имамы Талғат Омаров және қала қонақтары қатысты. Салтанатты
түрде ашылған мешітте алдымен аруақтарға құран бағышталып, бата берілді.

Имандылық үйі «Абзал и К» толық серіктестігінің қолдауымен, Қазақстанның
Еңбек ері Абзал Ералиевтің бастамасымен салынған. Жаңа мешіттің жоба-үлгісі Алматы
қаласында әзірленген. Алланың жердегі үйінде 400 адамға арналған үлкен зал, əйелдер
бөлмесі, дəрісханалар, бас имамның бөлмесі бар. Рухани орынмен іргелес имамдарға
арналған қосымша екіқабатты ғимарат бой көтерген. Мешіт құрылысын жүргізген бас
мердігер – «Абзал Проект Консалтинг» ЖШС. Нысан құрылысы 2014 жылдың қыркүйегінде
басталып, өткен айда аяқталған.

Қазіргі кезде жаңа сәулетті мешіт «Ақмешіт» шағын ауда­нының архитектуралық
келбетіне өзіндік сән қосып, ажарын аша түсті. Жобаның жалпы құны 210 млн теңгені
құрайды.

Салтанатты жиында «Ақмешіт-Сырдария» мешітінің бас имамы Талғат
Омаров Еңбек ері Абзал Жұмашұлына ҚМДБ төрағасы Ержан қажы Малғажыұлының алғысын
жеткізіп, қасиетті Құран кітабын сыйға тартты. Сондай-ақ Талғат Омаров көпшілікке
жаңа мешітке тағайындалған бас имам Берік Арынды таныстырды. Ол бұрын «Ақмешіт-Сырдария»
мешітінде ұстаздық қызмет атқарған.

Ал Абзал Ералиев имандылық үйі қызылордалықтарға адал қызмет ететініне
сенім білдірді.

– Қазаққа қанша мешіт ашсаң да көптік етпейді. Бұған дейін «Ақмешіт»,
«Мерей» аудандарында мешіт болған жоқ. Ал мұндағы тұрғындар саны 25 мыңнан асады.
Екі шағын аудан мен онымен іргелес Шымбай, Рисмаш қоныстарының тұрғындары қала орталығындағы
мешіттерге құлшылық қылуға барады. Әрине, Алланың жолында уақытты үнемдеу асылық
шығар, дегенмен, қолайсыздық тудырып келгені. Осыны көптен бері байқап жүргендіктен
«Абзал және К» толық серіктестігі ортақ шешімге келіп, мешіт салу ісін қолға алдық.
Жаңа мешітті Қазақ хандығының 550 жылдық мерейтойына жасаған тартуымыз деп қабыл
алыңыздар, – деді Қазақстанның Еңбек ері, «Абзал және К» толық серіктестігінің директоры
Абзал Ералиев.

Имандылық үйіне Мүсірəлі баба есімі берілді. Мүсірəлі Тікешұлы
Тəуке хан тұсында Бас хазірет болып, ел аузында «сопы əзіз» аталып кеткен. Араб
тілінен аударғанда «əзіз» – қымбатты, құрметті деген мағына береді. Мүсірəлі бабаның
әйгілі «Жеті Жарғы» заңдар жинағын жасауға қосқан үлесі де ауқымды

Айта кетейік, Қазақстанның Еңбек ері Абзал Ералиев бір жылдың
ішінде екі мешіт салып отыр. Бұған дейін тамыз айында Сырдария ауданындағы Кеңес
Одағының Батыры Нағи Ілиясов атындағы ауылда әсем де үлкен мешітті мұсылман жамағаттың
пайдалануына берген болатын.

 

Дәурен Сейітжанұлы.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз