ҰЛТ ӨНЕРІН ҰЛЫҚТАҒАН

72

0

ҰЛТ ӨНЕРІН ҰЛЫҚТАҒАНЖаңақорған ауданының Бесарық ауылдық округіндегі орта мектеп мұғалімі
Өмірзақ Оспанбековтің шығармашылық кеші асқан ұйымшылдықпен өткізілді.

Ауылдан шыққан талантты жігіттің спортшылы­ғымен қатар,
өнерге бейімділігі жас кезінен байқалған-ды. Алматы қаласындағы денешынықтыру
және спорт факультетін бітірген соң, өзінің туған ауылына оралды. Ауыл
жастарына баскетбол дәрістерін үйретті. Аудан құрамасында ойын көрсетті.
Сонымен бірге, би өнерінің де мәнін терең сезінді. Ұстаз білім ошағы жанынан
«Мереке-думан» би үйірмесінің негізін қалады. Өнерпаздары бұл күндері тек
ауылдықтарға емес аудан жұртшылығына танымал.

Өзі жасақтаған би тобы кеш барысында «Балбырауын», «Молдабай»,
«Қара жорға» және өзге ұлт өкілдерінің билерін мың бұрала биледі. Сондай-ақ
ұстаздарының бағыт-бағдарымен өзге қалаларда арнайы «Би өнері» мамандығында
оқып жатқан студент шәкірттері де ұлттық нақыштағы билерімен тарту жасады.
Әсерлі кеште Әлшекей атындағы халық аспаптар оркестері халық әндерін орындады.

Асқаралы алпысты алқымдаған Өмірзақ Оспанбековтің ауылдық
мектепте дене тәрбиесі пәнінің мұғалімі болып
ұстаздықпен қатар ұлттық өнерімізді ұлықтап жүргеніне тура 35 жыл
толыпты. Қашанда сырбаз мінезі мен
жайдары күлкісінен танбайтын ол әдемілік әлемінің өкілі ретінде көпке үлгі,
ауылдастарына сыйлы. Шығармашылық жиын соңынан
ұлағатты ұстазға құрмет көрсетілді.

Нұрмахан НАЗЫМХАНҰЛЫ.

Жаңақорған ауданы.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз