ҰЛТ ӨНЕРІН ҰЛЫҚТАҒАН ҰЖЫМ

71

0

ҰЛТ ӨНЕРІН ҰЛЫҚТАҒАН ҰЖЫМГазетіміздің өткен нөмірлерінде хабарланғанындай, облыстық филармонияның бас директоры Талғат Мақашев бастаған  сырбойылық өнер ұжымдары Түркияның Ескішехир қаласында болып, түбі бір түркінің ортақ мерекесі – Наурызға арналған фестивальға қатысып қайтты. Оған әлемнің 30 мемлекетінен 600-ден астам өнерпаз келді. Қаланың орталық алаңында тойланған мерекелік салтанатқа  әр мемлекет өз туларымен шығып, ұлттық өнерлерін ортаға салды. 
Ұлыстың ұлы күні қарсаңында Анадолы университетінің спорт кешенінде гала-концерт өтті. Оған қатысушы мемлекеттер топ-топ болып өнер көрсетті. Бір топта болған  Қазақстан, Қырғызстан және Өзбекстан өнерпаздары түрік көрермендерін өздерінің ұлттық өнерлерімен тәнті етті.  Бастапқыда «Томирис”, «Шалқыма” би ансамбльдері бірігіп, «Бұрымды қыз” биін орындаса,  «Ақмешіт” фольклорлық ансамблі мен жеке орындаушылар Марат Сүгірбай, Күнсұлу Түрікпенова, Нұртілек Ақтаев, Эльвира Есназарова, классикалық әнші Ұлпан Әбдікәрімова ауылдың алты ауызын әуелете шырқады. Көрерменді таңғалдырғаны, 30 мемлекеттен келген 200-ден астам бишілердің бірігіп, түркі биін билегені болды.
Ескішехир қаласының басшылығы түркі дүниесінің бас қаласы фестивалінің символикасын Татарстанның Қазан қаласына ұсынды. Яғни Қазан қаласы 2014 жылғы түркі дүниесі мәдениетінің бас қаласы болып белгіленді. Фестивальға барған сырбойылық өнерпаздар Түрксой халықаралық ұйымының Алғыс хатымен марапатталды. 
Кеше, туған жер құшағына Түркиядан табысты оралған Сыр өнерпаздарын жерлестеріміз теміржол вокзалынан күтіп алып, ұлттық өнерімізді ұлықтап жүрген облыстық филармония ұжымының ұландарына гүл шоқтарын ұсынды.
Гүлнұр РЕЙМБЕРГЕН.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз