МӘДЕНИ ӨМІРІМІЗДЕГІ ЕЛЕУЛІ ОҚИҒА

75

0

Жақында Алматыдағы Ұлттық кітапханада «Мұстафа Шоқай. 12 томдық толық шығармаларының  жинағы» мен «Поль Гурдэ – Верный қаласының французы» кітабының тұсаукесер рәсімі өтті. Мұны ҚР Білім және ғылым министрлігі Р.Б.Сүлейменов атындағы Шығыстану институты, Қазақстан Республикасындағы Француз Республикасы Елшілігі, Француз Орталық Азияны зерттеу институты өткізді. Бұл сондай-ақ Қазақстандағы Франция мәдениетінің жылын өткізу шеңберіндегі іс-шара еді. 
Тұсаукесерді Қазақстан Республикасы  ҰҒА мүше-корреспонденті, тарих ғылымдарының докторы, профессор, Шығыстану институты жанындағы Тарихи материалдарды зерттеу бойынша Республикалық ақпараттық орталығының директоры М.Әбусейітова ашып, институт директоры, филология ғылымдарының докторы, профессор Ә.Дербісәлі құттықтау сөз сөйледі. 
Шығыстану институтының профессоры, тарих ғылымдарының докторы,    «Әлем таныған тұлға» атты монографияның авторы, белгілі шоқайтанушы  К.Есмағамбетов Мұстафа Шоқайдың көптомдығы туралы баяндама жасады. Мұның 2015 жылғы М.Шоқайдың 125 жылдық мерейтойына жоспарланғанын, биыл 6 томының жарық көргенін мәлімдеді. Ол дүниежүзілік тәжірибеде алғаш рет М.Шоқайдың барлық түпнұсқа еңбектерін анықтау және заманауи талаптарға сәйкес биік ғылыми дәрежеде басып шығару аса игі іс екенін,  мұның бүгінгі еліміздің тәуелсіздік жағдайында ғана мүмкін болып отырғанын атап көрсетті. Көптеген түпнұсқалардың көшірмелері Ресей Федерациясы, Францияның Сыртқы істер министрлігі, Гувер институтының мұрағаттарынан, Түркия, Англия, Польша, Грузия, Өзбекстан, өзге де мемлекеттердің кітапханаларынан алынған. 
Рәсімде Қазақстандағы Француз Республикасы Елшілігінің мәдениет және техникалық ынтымақтастық мәселелері бойынша кеңесшісі Йохан Юрес,  Қазақстан Республикасы Сыртқы Істер министрлігінің Айрықша тапсырмалар бойынша елшісі, 1999-2003 ж.ж. Француз Республикасындағы Қазақстан Республикасының Төтенше және Өкілетті елшісі болған, тарих ғылымдарының докторы, профессор А.Арыстанбекова, Франциядағы Орталық Азияны зерттеу институтының директоры Оливье Феррандо, ҚР ҰҒА академиктері, философия ғылымдарының докторы Д.Кішібеков және философия, саясаттану және  дінтану институтының профессоры,  философия ғылымдарының докторы А.Нысанбаев,  Түркия PҺD докторы Вежихи Сефа Хуат Хекимоглы,  ҚР ҰҒА мүше-корреспонденті, тарих ғылымдарының докторы, профессор М.Қойгелдиев, Франция профессоры Винсент Фурньо, Алматы қаласындағы Француз Республикасының Бас Консулы Патрик Ренар сөз сөйледі. Сондай-ақ, тұсаукесерде Мұстафа Шоқай шығармаларының жарық көруіне мол еңбек сіңіріп келе жатқан жазушы, Мемлекеттік сыйлықтың иегері О.Сәрсенбаев, Мұстафа Шоқай қорының жетекшісі Б.Атабаев өз ойларын ортаға салды. 
Қазақ, орыс және француз тілінде шығарылған «Поль Гурдэ – Верный қаласының французы» кітабы қаланы жобалауға ғана емес, ағарту қызметіне өз үлесін қосқан, Верный (қазір Алматы қаласы) қаласының көрнекті сәулетшісі Поль Гурдэнің  (1846-1914) өміріне арналған. Кітап көркем безендірілген. XІX-XX ғасырдың басындағы Алматы шаһарының тарихы мен мәдениетінің айғағы болатын баға жетпейтін фотосуреттер басылған.
Итен ҚАРЫМСАҚҰЛЫ,      
Қазақстанның Құрметті журналисі.
Алматы қаласы.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз