ӨМІР ЖЫРЫ – МӘҢГІЛІК

77

0

Тағдыр әркімге әртүрлі нығмет сыйлайды. Бірақ сол маңдайға біткенді қанағат сезіммен қарсы алып, әрбір күнді аса бір қимастықпен шығарып салған сайын ғаламат әлемнен ғажайып сыр түйіп, оны өлең өрнектерімен шабыттана жырлаған ақыннан бақытты жан бар ма? Нағыз ақынның әрқашанда көңілі көлдей арнасынан асып-тасып, аяғымен жер басып емес, қос қанатымен көкке қалықтағандай ғажайып күйдің екпінімен жалындата жыр жазып, бүкіл әлемді жұдырықтай жүрегімен аялап, алатаудай арманға асығады да тұрады. 
Отан-панам, дүниеде панам барда,
Дүниеде ең ұлы Анам барда.
Бақытым мен байлығым жетіп жатыр.
Менен өткен бақытты адам бар ма?
Қасиетті Отан-ана туралы ақын осылай жырлайды. Әкім Мейірбековтің өлеңдерінің дені Отанды сүюге, туған жер мен елге деген махаббатқа толы сүйіспеншілікке арналады. Өзі ауылда туып, ауылда өркен жайғанымен қиялымен әлемді кезіп, адамзатқа ортақ қасиетті құндылықтарымызды қанына сіңіріп, жүрекпен ұғып қана қоймай, өмірден өз білген-түйгендерін ақ қағаз бетіне орамды ой, ұтымды ұйқаспен тізбелеген ақын өлеңдері өз жандүниесін де айқын аңғартып тұрғандай. Ақынның сонау балаң жастық шағынан бастап жазған өлеңдері республикалық басылымдарға көрнекті ақындар Асқар Тоқмағанбетов, Әбділда Тәжібаевтың алғы сөздерімен басылып шықты. 1972 жылы «Жазушы» баспасынан шыққан «Жас керуен» деген ұжымдық жинаққа топтама өлеңдері енсе, 1977 жылы «Жалын» баспасынан «Кешіккен көктем», 1979 жылы «Көңілді жаз», «Жазушы» баспасынан «Дария», 2008 жылы «Жүрекке жол» атты жыр жинақтары жарық көріп, оқырмандар қолына тиді.
Әкім Мейірбекұлы 1938 жылы дүниеге келді. Бір жасқа толар-толмаста әкесі өмірден озды. Анасы Бибіайым Сапарбекқызы колхозда еңбек ете жүріп, әке орнын жоқтатпауға тырысты. Онымен қоса, ақындығымен де танылып, ауыл тойларында айтысқа түсетін өнері болған екен. Сол ана бойындағы ерекшелік перзентіне де дарыған болар, бала әкім айтыс десе өлеңдетіп, бертін келе, қара сөзбен өрнекті ой тізбелеп арқасы қозып тұратын болды. Жанұя жағдайымен он жылдай  анасының жанынан ұзай алмай, ауыл кітапханасында кітапханашы болды. Одан соң ҚазМУ-дың журналистика факультетін бітіріп, аудандық «Екпінді», кейіннен «Коммунизм жолы», содан соң «Жаңақорған тынысы» газетінде ұзақ жылдар қызмет атқарды. Бұл жылдары Ә.Мейірбековтің газет бетінде жарық көрген материалдары – репортаж, очерк, фельетон әңгімелері оқырман жүрегінен орын тауып, оны тағы бір қыры журналист ретінде көпке танымал етті.
Жақында ақынның «Сырдария кітапханасы» көптомдығынан «Сырдария – сырлы анам» жыр кітабы оқырманмен қауышты. Жыр кітабы төрт бөлімнен тұрады. «Өмір жыры мәңгілік» атты бірінші бөлімге енген өлеңдер жинағында ертеңгі күндерді тек жарқын үмітті күтумен жалғар адамзаттың аңсарлы арманын, жарық өмірдің бақытқа толы базарлы шақтарын жыр етсе, «Жайдары жаз» деп аталатын екінші бөлімі «Гүлден елім, тәуелсіз Қазақстаным!» атты жыр топтамасымен ашылады.
Ақын жүрек қартаймайды. Өйткені ақын жүрекке ғана тән аспандағы айды да алуға ұмтылған албырттық алауы, көнермес көңілдің ажары әманда асқақтыққа ұмтылып, жасампаздық жалауын жықпауға тырысады екен.
Осы екен ғой көз жетпес кездік деген,
Жүріп келем бойлықпен, ендікпенен.
Алуан нұрлы дүние шығады алдан,
Көл-көсір қуанышпен мен күтпеген,- деп толғанады бүгінде жетпіс беске толып,  ақсақал жасына жеткен ақын ағамыз.
Ақын – атаның ғана емес, халықтың ұлы. Әдебиет әлеміне еркін қалықтаған қыран құстай таңдаған бағытынан танбай, қашанда мөлдірлікті, адалдықты, шынайылықты ту етіп ұстанып, адамзатты асқақ рухқа жетелейтін жалынды жырлар туғызып, қатарлас қаламгерлер арасында өзіндік үнімен оқшау танылып жүрген Әкім Мейірбекұлының әр жылдарда жазылған қайбір туындысын алып қарасаңыз  да сырлы сурет, боямасыз болмыс, шырылдаған шындық өз көрінісімен көз алдыңызға елестеп, кейіпкерлермен қатар жүргендей жақын танып, мына жалған дүниенің тарам-тарам өткелдерінен өздігінше ой түйіп қана қоймай, санаңызда салмақты бір сыр қалады. Жұмырбасты пенделердің түйсігінен тысқары, тек ақын жүрек қана аңғарып, айта алар ақиқатқа үнсіз бас иіп, сөз өнерінің тіл жетпес құдіретін еріксіз мойындайсыз. Міне, осынау құдіретті өнердің ауыздығымен алысып, жүрекке жетер жырлар туғызып жүрген ақын аға жетпістің бесеуіне жеткенімен, діттеген мақсатына жеттім деп есептемей, шабыттың арғымағына мініп, арынды шабысынан танбай келеді. 
Ә.Мейірбековтің өлеңдері республикалық газет-журналдарда жарық көріп тұрды. Ұзақ жылғы еңбегі ескеріліп, 1984 жылы «Еңбек ардагері», облыстың 70 жылдық мерекелік медальдарымен марапатталды. 1987 жылдан Қазақстан Журналистер одағының, 2010 жылдан Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі. Ол Қазақстан Жазушылар одағының ХІV съезіне делегат болып қатысты. Қазірде зейнеткер жазушы поэзиямен қатар тарихи зерттеу еңбектерімен де айналысып келеді. 
Әкім ағамыздың жұбайы Бақтылы анамыз ұзақ жылдар ағарту саласында абыройлы еңбек етті. Бар саналы ғұмырын жас ұрпаққа арнаған жан. Бойындағы бүкіл аналық парызын, жанашырлығын, қамқорлығын, әсіресе,  қыздар тәлім-тәрбиесіне арнаған Бақтылы апайдың ақыл кеңестері, өсиет-өнегелері сол кісінің шәкірттері болған біздің де жүрегімізде сайрап тұр. Ол кісі, сонымен қатар, он саусағынан өнері тамған ісмерлігіне тәнті етіп, қыздарды кесте тоқып, киім пішуге, іс тігуге үйретуден жалықпайтын.
Әкім аға екеуі перзенттер тәрбиелеп өсіріп, қатарынан кем қылмаған қажырлы ата-ана.
Ақынның өзі:
«Поэзия, киелім кешір мені,
Көкіп қайтем өзімді өсіргелі.
Қара өлеңге қара нар болмасам да,
Желіп ерген ботаңмен көшіңдегі» деп ағынан жарылады.
Шіркін-ай десеңші, ақынның жұмбақ жанын өзінен артық кім түсініп, өзінен артық кім жеткізе алар?!
Баян ҮСЕЙІНОВА, 
ҚР Журналистер одағының мүшесі.
Жаңақорған ауданы.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз