МӘУЛІТ АЙЫНДА САЛАУАТТЫ АРТТЫРАЙЫҚ

93

0

Міне, әз Пайғамбарымыз Мұхаммед
Мұстафаның (с.а.с) мәуліт айы келіп, еліміздің барша мұсылмандары
Пайғамбарымыздың (с.а.с) шапағатынан үміт етіп, сауапты зікірлерін арттыруда.
Әрбір мешітте мәуліт кештері аталып өтіп, жұртшылыққа Пайғамбардың (с.а.с) өмір
деректері мен ұлағатты хадистері оқылып, хабардар етілуде. Рамазан айы келгенде
барынша сауапты істер істеуге әрекет жасайтынымыз белгілі. Бір жағынан ол кезде
шайтандар байлаулы болса, екінші жағынан ол айдағы әрбір сауапты істер еселене
түсетіні кісіге ыждағаттылық береді. Ал, бұл мәуліт айында Пайғамбарымызға
(с.а.с) салауат айтудың да сансыз сауаптары бар. Мұны біріміз білсек, біріміз
біле бермейтінімізді ескеріп қолға қалам алдық.
Екінші әмірші Омар ибн Әл-Хаттабтың (р.а) халифалық
тұсында дүниеге келіп, Халифадан «Аллаһым оны дін білімінде Фақиһ және
адамдарға сүйікті қыл» деп дұғасын алған Хасан Әл-Басри (р.а) бір сөзінде:
«Менің Ухуд тауындай алтыным болса, оны Алла елшісінің (с.а.с) мәулітін оқытуға
жаратқан болар едім» дегенін тарихтан білеміз. Атақты тәпсірші ғалым Жәләлуддин
Әс-Суюти (р.а): «Бір үйде немесе мешітте Пайғамбарымыздың (с.а.с) мәуліті
оқылса, сол үйдің немесе мешіттің адамдарын періштелер қоршап алады, олардың
барлығына Алла тағаланың рақымы болады және олар нұрменен оралады. Себебі,
періштелер Пайғамбарымызға (с.а.с) мәуліт оқығаны үшін ол адамға салауат айтып
тұрады» деген. Бұл мәуліт жайлы айтылған ғалымдардың сөздері. Басқа да ірі-ірі
үлкен ғалымдардың сөздерін келтіре берсек жеткілікті. Дегенмен, мақсат мәулітті
дәлелдеп шығу емес, ол айда салауатты арттыруға бел буу. Бұл мәуліт айының да
сансыз сауапқа толы күндері бар екенін, ол күндері салауатты арттыру қажет
екенін естен шығармауымыз керек.
Бұл мәулітті дінге енгізілген жаңалық, бұл адасулық,
Пайғамбарымыз кезінде топ болып туған күнін тойламаған, дінде туған күн деген
жоқ деп қарсылық білдіретіндер де бар екенін ескеріп кішкене тоқталып кеткеніміз
жөн болар. Рас, Пайғамбарымыз (с.а.с) туған күн тойламаған.
Бірақ әр дүйсенбі күндері нәпіл ораза ұстайтын.
Сахабалар мұның себебін сұрағанда «Мен осы күні дүниеге келдім» деп жауап
беретін. Демек, Пайғамбарымыз (с.а.с) туған күнін елеп, ол күнді ораза сияқты
құлшылықтармен өткізген. Ал, бүгінде біз қолданып жүрген Құранды кітап етіп
жазып шығару, Рамазан айында Құранды хатым ету, соңғы он күндікте жамағатпен
тахажуд оқу сынды көптеген амалдар мәуліт сияқты пайғамбар заманында болмаған.
Дегенмен, ғалымдар құп көріп, бүгінгі үмметке тигізер мол сауабы мен пайдаларын
ескере отырып бұл амалдарда көп сауап бар екендігін жеткізген. Әсіресе, бұл
мәуліт айында көп салауаттар айтылып, пайғамбарымыз жайлы деректер жұртшылыққа
таныстырылады. Нәтижесінде шапағатшы Мұхаммед (с.а.с) пайғамбарымызға көп
салауаттар айтылып, сансыз сауапқа кенеледі. Өмірбаяндарын біліп, діннің қайнар
бұлақтарын түсінеді. Мәуліт кештері себебінен көптеген жұртшылықтың намазға бел
буып, имандылық жолына түсіп жатқанына куә болып келеміз. Осындай кештерде
көрсетілетін тәрбиелік мәні бар қойылымдардан көпшіліктің ата-ана мен
туған-туыстың діндегі орындарын түсініп, өзара сыйластық қалыптасып жатқанын
тағы көріп келеміз. Демек, мұндай шараларды жиі ұйымдастыру салауатқа салауат
қосып, жақсылыққа бастайтынын білу керек.
Біздер әрқашан Алланың рахымына, Пайғамбарымыз­дың
(с.а.с) шапағатына мұқтажбыз. Біліп-білмей істе­ген күнәларымыздың кешірілуін
Алладан сұрап, пай­ғамбарымызға Алланың игілігі мен сәлемі болсын деп
салауаттар айтамыз. Алладан түрлі дұғалар тілейміз. Тіпті осы дұғаларымыздың
өзі Алла тарапына салауатпен көтерілетінін қаперде ұстаған жөн. Сағид ибн
Әл-Мусайбтен жеткен хабарда Омар (р.а) былай дейді: «Маған мынадай хабар жетті:
«Жасаған дұғалар жер мен аспанның арасында қалып қояды. Пайғамбарыңа (с.а.с)
салауат айтумен ғана көтеріледі» деген.  
Жәбир ибн Абдуллаһтан жеткен хадисте, Пайғамбарымыз
(с.а.с) былай дейді: «Кім маған бір күнде жүз салауат айтатын болса, Алла оның
жүз қажетін орындап қояды. Оның жетпіс қажетін Ақырет күні, ал отызын осы
дүниеде орындайды» десе, Анас ибн Маликтен жеткен хадисте: «Кім маған бір
салауат айтса, оған Алла он салауат айтады және оның он қателігін кешіреді»
деген. Қаншалықты таптырмайтын мүмкіншілік десеңізші? Бір ғана салауатпен 10
қателігімізді кешіртіп, Алладан өзімізге он салауат естиміз. Тіпті
пайғамбарымызға салауат айту өзге ғибадаттан да артық деген ғалымдар. Себебі,
Алла Тағала өзге намаз, ораза сияқты ғибадаттарды өзі жасап және періштелерге
жасатып, алайда оны пенделерге бұйырмаған. Ал, пайғамбарымызға салауатты өзі
де, періштелер де айтады, сендер де айтыңдар деп бізге пенделеріне бұйырып
отыр. Осы аяттан ғалымдар пайғамбарға салауат айтудың сауабы өзге ғибадаттардан
да абзалырақ деп келтірген.
Ардақты ағайын! Ардақты әз Пайғамбарымыздың (с.а.с)
үлгі-өнегелі сүннеттерін орындап, ата-аналарымыздың, ағайын-туыстарымыз бен
көршілердің тіпті жалпы мұсылмандардың алдындағы хақыларын біліп
кішіпейілділікпен өмір кешейік. Алланы көп зікір қылып, Пайғамбарымызға (с.а.с)
салауатты арттырайық. Салауат дұға, тілек дегенді білдіреді. Оның көптеген
түрлері бар, ең қысқасы Пайғамбарымыздың есімі аталғанда «Саллаллаһу алайһи уас
сәләм» немесе «Алайһис-салату уас сәләм» деуге болады. Жәй күнделікті салауат
ретінде де қолданса болады немесе «Аллаһумма салли ала сайидинә Мухаммад,
Саллаллаһу алайһи уас сәләм» деуге болады.
Салауатты көп айтайық, ағайын. Көп жақсылыққа
жетеріміз ақиқат.
Талғат
СЕЙІТКӘРІМҰЛЫ,
Орталық
«Ақмешіт-Сырдария» мешітіні
ң бас имамы

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз