ӨНЕРЛІ ӘУЛЕТ

154

0

Облыстық мәдениет 
басқармасының ұйымдастыруымен отбасылық құндылықтарды насихаттау
мақсатында  халық шығармашылығын дамыту
орталығында  Садуақасовтар халықтық
отбасылық ансамблінің «Шаңырағым – шаттығым” атты концерті болып өтті.
 
Ансамбль өздерінің ең алғаш құрылған 1998 жылы об­лыстық
«Наурыз шапағаты” өнер фестивалінде жоғары дең­гейде өнер көрсетіп,  бас жүлде иегері атанды. Сол жылы об­лыста
өткен Сырдария ауданы мәдениеті мен өнері күндерінде өнер ұжымы тағы да үздік
шығып, облыс әкімінің Алғыс хатын иеленді. Ал жиырма бірінші ғасырдың басында
облыстық «Наурыз шапағаты” фестивалінің бас жүлдесін жеңіп алып, көрерменін өз
өнерімен тәнті етті. Бұдан кейін де аудандық, облыстық байқауларға қатысып,
бірнеше жүлде иегері атанды. Өз репертуарында қазақ әндері мен күйлерін,
жергілікті саз­герлердің шығармаларын орындап, ұлттық құндылықтарды
насихаттауды мақсат еткен ансамбль осы он бес жылдың кө­лемінде бірқатар
табыстарға қол жеткізді. Бірнеше рет фоль­к­лорлық, отбасылық ансамбльдердің
аймақаралық, респуб­ликалық байқауларына қатысып, жүлделі оралды.
– Сырдария аудандық Мәдениет үйі жанынан құрылған
ансамбль құрамында он бес адам бар. Ұзақ жыл өнер саласында келе жатқан жарым
Ханшайым да, балаларым мен келіндерім де, немерелерім де осы құрамда, – деді
отағасы Сансызбай Садуақасов. –  Біздің
мақсатымыз: келер ұрпаққа қайталанбас қазақ өнерін боямасыз жеткізу.
Қызылорда қаласы көрермендерінің алдындағы өз
концертін  Мырзаның «Береке” күйімен
бастаған халықтық ансамбль өнердегі өзіндік өрнегімен танылды. Ансамбль же­текшісі
Талғаттың, Бекзат пен Аружанның, Ғалымжан мен Жандостың орындаған ән-күйлері
көпшілік көңілінен шық­ты. Облыстық «Бозторғай”, республикалық «Шаттық” бай­қауларына
қатысқан ансамбльдің ең жас мүшесі   Қаламқастың
орындауындағы әндерге көрермен қуана қол соқты. Тағы бір айта кетерлігі,
ансамбль репертуарында өзге халықтың ән-сазы да ойып тұрып орын алғандығы.
Халықтың ежелгі ән-күйлері мен жергілікті сазгерлердің
шығармаларын, Құрманғазы мен Дәулеткерейдің, Өскінбай мен Мырзаның ғасырдан
ғасырға жалғасқан сазды күйле­рін сан түрлі аспаппен нақышына келтіре орындаған
Садуа­қасовтардың өрнекті өнері көпшілікке қуаныш сыйлады.
 
Г.РЕЙМБЕРГЕН.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз