ӨНЕРЛІНІҢ ӨРІСІ КЕҢ ҚАШАНДА

106

0

Біз көп ретте
жасы келіп, зейнеткерлікке шыққан жандарды немересін бағып үйде отыратын,
болмаса ағайын-туыстың, көрші-көлемнің қуанышы мен қайғысына ортақтасып жүретін жан ретінде
елестететініміз жасырын емес. Алайда,
жуырда ғана облыстық драма театрда
ардагерлер арасында өткен өнер фестивалі бұл ойымызды жоққа шығарды.

Жасы келіп, зейнеткерліктің ауылымен көршілес қонған ардагерлердің
арасынан өнер фестиваліне қатысуға ниет еткен өнерпаздар 12 номинация
бойынша сайысқа түсті. Фестиваль
шымылдығын ашқан Садық Әлиев
жетекшілік ететін Жалағаш аудандық хор
ұжымының орындаған «Бейбітшілік
сақталады”, қоғалыкөлдіктердің «Отан деп соққан жүрекпен” және Әбдібек Сүгірбаев жетекшілік ететін хор ұжымының орындаған Б.Байкенжеевтің
«Гүлденген Жаңақорғаным” әндері көп көңілінен шықты.

– Иә, ардагерлер қандай іске салсаң да,
не өтініш айтсаң да шын пейілімен беріле орындайды,– дейді облыстық ардагерлер
кеңесі төрағасының орынбасары Күләй Ермағанбетова.– Олардың бойындағы қайтпас
жігер мен өнерге деген талпынысы, адалдығы сүйсінтеді. Мәселен, өзі аяқ жолын
көрмесе де әдемі даусымен, әсерлі әнімен көпті тамсандырған Бибіажар
Абдуллаеваның, сырдариялық Яштайбек Сырмаханов пен қазалылық Шәмшігүл
Захарованың кең тынысты әрі әдемі әндері көп көңілінен шыққаны айқын.

Әркімнің де өнерге таласы бары жасырын
емес. Фестивальде өнер көрсеткен ардагерлердің қай-қайсысы да ешкімнен кем
емес, әрқайсысының өзіндік өрнегі, ерекшелігі бар. Сондай ерекшелікті бейнелеу
өнері мен қолөнер бұйымдарын жасаушылар арасынан да байқадық. Әсіресе,
жаңақорғандық Тыныскүл Асанованың
қолөнер бұйымдары өз алдына бір төбе. Ол
жасаған бұйымдар ұлттық ою-өрнекпен көмкеріліп, әсемдігімен көз тартады.
Бала тәрбиесін басты нысана еткен ардагер өзінің өмір жолынан әр кезеңде
жазылған «Туған жер”, «Ана махаббаты” және «Кел, бірге шырқайық” атты
кітаптарын оқырман назарына ұсыныпты. Автор Т.Асанова өз шығармаларында
аталардың қанымен қорғалған туған жердің қасиетін, оны жат жұрттыққа бастырмау қажеттігін, ана
мен бала арасындағы көзге көрінбес, ешнәрсеге айырбасталмас махаббаттың
мәңгілік екенін, ән құдіретінің алар орнын суреттейді. Жас ұрпақты Отанды,
туған жерді сүюге, ата-ананы құрметтеуге үндейді.

Шындығында, бүгінде бүкіл елдің, бір
әулеттің қамқоршысына айналған, тұтас елге татулық пен тыныштық, береке мен
бірлік тілейтін ардагерлердің алмас қамалы жоқ. Өнер сайысына келген әр
ардагердің әні мен биінен, салған суреті мен жасаған қолөнер бұйымынан өмірге,
өнерге деген құлшынысты, өзінің туған жеріне деген адал махаббаты сезінуге
болады. Қалай болғанда да жүзден жүйрік шыққан өнерлі ардагерлер Сыр өңірінің
мақтанышына айналары хақ.

Ж.БАЛАБАЙҚЫЗЫ.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз