Ноғайбай әулетіндегі жалғасқан дәстүр

95

0

Ноғайбай әулетіндегі жалғасқан дәстүрӨткен ғасырдың басында Сыр өңірінде «Ноғайбай бауы» деген үлкен бақ болған деседі. Бұл өз заманында тілге шешен, әділетті би, халқына сыйлы Ноғайбай есімді адамның өз еңбегімен өсірген бауы екен. Қара қылды қақ жарған әділеттілігімен әйгілі болған Ноғайбайға болыс болуды ұсынғанда «мен елге жағымсыз болыс болғанша, көпке пайдасы тиетін мұрап болам» деп болыстықтан бас тартып, бүгінгі Шиелі ауданы жерінде су жүйесін ұйымдастырыпты.
Еңбегі халқына жаққан, көпшіліктің алғысын алған осы жанның немересі Әлмырза Ноғайбай да исі қазаққа өнерімен қызмет еткен, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері болды. Сексенінші жылдары оның орындауындағы «Ақсақ киік» әнін (С.Сейфуллиннің әні) бүкіл қазақ сүйсініп тыңдады. Әлмырзаның күйтабақтары сол жылдардың хиты болды… Иә, жуырда, қыркүйек айында Астана қаласында өткен Қызылорда облысының күндерінде ән шырқаған Әлмырзадан халықтың «Ақсақ киік» әнін сұрауы оның көркем дауысының әлі де ел есінде екеніне куә.
Қызылордалық Ноғайбаевтар «Мерейлі отбасы – 2016» байқауының лау-реаты болуы, бұл – Әлмырза Әлиұлы мен Патыма Ыбрахымқызының ұлағатты тәрбиесінің жемісі. Берекелі шаңырақ иелері бес ұл-қыздан бүгінде 14 немере сүйіп отырған бақытты әулет. «Қыздарым бой жетіп, ұлдарым ер жеткенде оларға «байдың қызына үйлен немесе шекпендіге тұрмысқа шық» деген емеспіз. Әрқайсысы өз қалауымен шаңырақ құрды. Осы үйге келін боп түскен адам отбасының өмір қағидасына бейімделуі тиіс. Өмір өзі өзара түсіністікпен өмір сүрген жандарды қиындықтарды жеңуге шыңдайды» дейді Патыма апай.
Әлмырза – Алматы эстрада-цирк өнері студиясында біртуар әнші-композитор, қазақ өнерінің қайраткері Ғарифолла Құрманғалиевтің шәкірті болу бақытына ие болған жан. Ол 1967 жылы ірі өнер иелері Ә.Еңкебаев, Қ.Бекбосынов, Х.Өтеғалиевтармен бірге оқыған осы студияның алғашқы түлегі болды. Кейін Патыма Ыбрахымқызымен отау құрып, балалары дүниеге келгенде оларды да осы өнерді сүюге, құрметтеуге тәрбиеледі. «Ноғайбаевтар отбасылық халықтық ансамблі» қалың ел білетін өнерлі отбасы боп танылды.
Ансамбль Құрманғазының «Алатау», Динаның «Тойбастар» күйлерін тартты, қызы Ақмарал «Дей салдым-ау», «Қымыз құйғыш» секілді халық әндерін тамылжыта орындады. Ансамбль күйшісі Нұрлан домбырада, барабан мен дауылпазда ойнады. Ал Сыржан бас домбырада, шаңқобызда отырды. Ұжымның бишісі Ақмаржан болса, ал Әнсая әнші әрі сылдырмақта ойнады. Осы бір бақытты отбасының кенже қызы өмірге келгенде әкесі оның есімін Әнсая деп қояды. Бұл есім әннің саясында өскен деген мағынаға ие болса, ұлдары Сыржан аты Сыр елінің азаматы болсын деген тілекпен қойылған.
Бұл өнердегі талғампаз балалардың арасынан Ақмарал ғана кәсіби музыкант боп қалыптасты. Қалғандары музыкамен айналыса жүріп, өздері қалаған мамандықтарын меңгерді.      
Ақмарал Ноғайбаева – дәстүрлі әнші-термеші. Халықаралық конкурстардың лауреаты. Қазір Дина Нұрпейісова атындағы академиялық қазақ халық-аспаптар оркестрінің жеке орындаушысы. Әсем үнді әнші қыз ән-термелерді баянмен де, домбырамен де, гармоньмен де шырқап жүр.  
Ансамбль құрамындағы балалардың бәрі ән шырқап, шаңқобызда ойнайды. Шаңқобыз демекші, «Көп нәрсе тозады ғой, бірақ біздің үйде анам тебірене тартатын бір ескі шаңқобыз әлі күнге дейін сақталып келеді. Көненің көзі. Сол аспапты қазір 90 жастағы апам Үсенгүл де кезінде тартқан. Бұл аспап, біздің әулеттегі жалғасқан дәстүр» дейді шаңырақ иесі.
2010 жылы әкесі 63 жасқа, аналары 60-қа толғанда намазхан ата-ананың бес баласы жиналып, өзара ақылдасып «той жасап берсек, көлік алып берсек, жиғанымыз шашылып із қалмайды, ол бір өткінші нәрсе. Одан да Алланың алдындағы бес парызының бірі – қажылықтарын өтеуге көмектеселік» деп шешіп, ата-анасын қажылыққа жібереді. «Осыдан балаларыма берген тәрбие жемісін көріп, Аллаға шүкіршілік қыламыз. Бұл біздің қолымыз жете ме, жетпей ме жеп жүрген арманымыз еді» деп көздеріне жас алды отбасы иелері.
Адамның бар жиған-терген дүние мүлкі артында қалады. Өмірден озғанда қалатын істің ең абзалы жақсы тәрбие болса, сол ата-аналық парызды өз дәрежесінде өтеп, оның жемісін де көріп келе жатқан Ноғайбай әулетінің артынан үлгілі, жақсы тәрбиесі мен өнегесі келіскен ұрпақтары жалғаса бермек.    
Бақыт ТҰРМАҒАМБЕТОВА.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз