Оң жол

1101

2

Осы жігітпен алғаш кездескенде Расул Ғамзатовты көргендей болдым. Кәдімгі «Бір өлеңі бір елдің мұрасындай, Жыр жаза алмай жүрмін мен Расулдай» деп Мұқағали жырлаған авардың атақты ақыны Расул Ғамзатов. Сұңғақ кеуде, тік иек, қыр мұрын. Аз сөйлеп, көп тыңдайды.

– Қайдансың?

– Аралданмын…

Көкірегім шым ете қалды. Мен де Сыр перзентімін. «Аралдан әйгілі кім бар?» десе, Әбдіжәміл Нұрпейіс­овті, Құдайберген Саржановты, қатар жүрген Қуаныш Жиенбайды о заманнан білемін. Олар екі-үш ауыз сөзден кейін-ақ Аралды тілге тиек етеді. Бұл да іркілмей Аралды айтып қалды. Айтқанда, Аралда туғаны – мақтаныш, теңіздің қазіргі қасіреті – күйініш. Аралға құя алмай тұрған Сырдария сағасындағы Шиелі перзенті – менің де хал-күйім онша емес. Екеуміз бір күн, бір түн егіз қозыдай бас қосып, «екі жетімнің» жырын жырладық.

Оңталап ақын екен. Ақын атаулы өлеңді туған жері мен анасын жырлаудан бастайды. Бұл да Арал десе, жанының жартысын беруге әзір тұр. Әуелі ақын деген кім өзі, қандай болмыс? Тіпті «Ақынға керек ақыл көп, Ақымақтық керек аздаған» деп Қадыр да жырлаған. Оңталаптың өзін тыңдайық.

Өлмеске өлең болып өтеледі.

Нар көтермес жүгіңді көтереді.

Сүю үшін жаралған қайран жүрек,

Жар етіп жақсылықты некеледі.

Құлай сүйіп, жиіркеніп жек көреді.

Барлығын да басынан өткереді.

Айға үні ұлығанмен жетпей-тұғын,

Ақын деген киелі көк бөрі еді.

Байқайсыз ба, сөзі де, өзі де көкбөрі тектес. Өлеңі – алдында, арманы – артында қол бұлғап тұр. Жақсы мен жаманды жасыра алмайды. Жүрегі ашық, нағыз ақын мінез. Киеге бас ұрады, құдайшылығы бар. Қорқытты жазған қалам тегін емес. Иран ағам неге Қорқыттың қобызынан айырылмайды, киеге бас ұрсаң, қасиет қонады. Ол батагөй болып басқаларға ақжол тілеп тұрады. Мұны Оңталап та біледі, біліп тұрып, Қорқыт-қобыздың сарынын жан-тәнімен беріле тыңдайды. Қарашы:

Қорқыт!..

Бабамыздан қалған

Қобыз – өкініш пен арман.

Тыңдасаң, сыр айтады,

Мөлтілдеп, мұң айтады.

Қорқыт – Тәңірімнің тегі.

Қобыз – дүниенің шегі,

Шежіре шер – дастаны,

Өнердің алдаспаны.

Оғыз!..

Ұрпақтары тірі,

Қобыз – Тәңірімнің үні.

Бозінген боздағаны –

Жүректі қозғағаны.

Қорқыт!..

Қорқыт пен қобызды тек жүрегінің түгі барлар ғана жаза алады. Бұл жерде аяқты ұшымен басқандар немесе бауырымен жорғалаушылар жүре алмайды. Бұны Оңталап біледі, біліп тұрып, өзін-өзі жария етеді. Ол – өнер мен өлең алдындағы жігітіңнің жиған жүктей тап-таза жан сарайы.

Далада туған жігіт, жусан мен жиде гүлін иіскеп өскен бала даладан көз алмайды. Біз өзі қаланың өгей ұлдарымыз. Біздің бесігіміз – дала. Қараңыз­шы, «Пішен» деген өлеңіне:

Пішен,

Орақ басталған,

Шілденің шибұт ыстығы.

Алқынып

Алқым аш қалған,

Шыдамның түскен ышқыры.

Белінде қайқы орағы,

Азаптың кесер құлағын.

Пішенге кетіп барады,

Шыжыған

Шілде шіл адым.

Құдай-ай,

Кімге жылаймыз,

Нар иек

аңыз алқымдап.

Пішенмен бірге құлаймыз,

Күледі қопа қарқылдап.

Көлеңке жұрдай тасалар,

Шөліңді ерін тырнайды.

Мұртынан күліп масалар,

Тұмсықпен тартып сырнайды.

Көк шөгір көктен жеркеніп,

Ораққа қолың бармайды.

Жел жасырған желке бұлт,

Күн тасалап қорлайды.

Аспан жерге түскендей,

Ми қайнатып барады.

Жайпап жатып түстенбей,

Күннің өткір орағы.

Сурет емес пе? Бұл сурет аптап ыстықта ай мүйізді орақпен белі бүгіліп пішен орып, су кешіп жүріп, күріштің арамшөбін отаған жасөспірім үшін сондай ыстық.

«Әмеңгерлік» атты өлеңі – тағдыр, өлең тағдырына аһ ұрған ақын жанайқайы. Мұнда ақынсың ба, мүгедек өлең жазба, жазсаң, мүгедек Зейнолладай (Шүкіров) сау өлең жаз, Зейнолла ақынның жырдағы әмеңгері мен болам деген сарын бар. Оңталапқа бұл шешім жарасады, оның болмысы мен бітіміне, ақындығына сай өлең.

Алғашқы жыр жинағы «Қорқыт-қобыз» ашылмай жүрген ақынның жанартауы десек, осы топырақта қобызға тәу етіп, киені ту ғып ұстаған тағы бір ақын табылды дер едім. «Қорқыт-қобыз» әуелі ән болып шалқыды, әуен болып қазақ аспанында тебіреніп тұр.

Оңталап Нұрмаханов – театр режиссері, сценарист. Шәмші консерваторияны әрең тәмамдаған сазгер болса, бұл да «үністетті» әзер тауысқан режиссер. Дипломға қарап қалған білім жоқ, білімді болу әркімнің өз деңгейіндегі нәрсе. Әшірбек Сығайдың «Өнер, мәдениет ұғымдарын сағат тілімен, пайыздық көрсеткіштермен айшықтау мүмкін емес десек, оған ең бастысы, жүрек қалауы, көңіл сүйіспеншілігі сана-сезім іңкәрлігі ауадай қажет» деген сөзі осы жігітке арнап айтылғандай.

Қызылорда жастар театрын жанұшырып жүріп, тілектестері тіреу болып, өз қолымен құрды, жас ұжым облысымыздан асып, биікке көтерілді. Талай асуларды алды. Ұлт жанашыры Т.Жүргенов туралы қойы­лым, М.Мақатаев­тың «Алғашқы махаббат», Қ.Мұхамеджановтың «Ой, жігіттер-ай!» спектакльдері көпшілік көңіліне жол тартса, маң даланың қос алыбы Ыбырай Жақаев пен Жазылбек Қуанышбаев бейнелерін сомдаған «Екі бала – екі шал» спектаклі тың туынды боп көрермен көзайымына айналды. Осының бәрін еліміздің бір түкпіріндегі құйтақандай жастар теа­тры қойып жатыр дегенде, қолыңды жүрегіңе қоясың. Осы қиын да күрмеуі көп істің басында көркемдік жетекші Оңталап Нұрмахан­ов тұр. Уақыт – жүрек іспеттес, жақсыға қуа­нып, жаманға жабыр­қайды. Сағат тілі тоқтауды білмейді.

Ақынның жаңа шыққан «Парадария сақтары» кітабының беташары болған «Теңіз үні» өлеңінің бастауын қарашы:

Мен теңіздің

шуылымын,

Естігенге –

үн-дабыл.

Бар мен жоқтың

буынымын,

Су – өмір де,

Құм – қабір, – деп қайран өмірге қарама-қарсы тұрып, белін буып, сол өмірдің күрең бәйгесін ерттеп мінеді.

Мен теңізбін,

түн суып түршігіппін.

Күн астында көміліп,

күрсініппін.

Өлмегенге жолыққан,

өмір анық,

Мен теңізбін,

тірімін, тіршілікпін!

Оу, Оңталабыңыз Пайғамбар жасына енді толып жатыр, құм-қабірі несі деп селк етесің. Ақын ағынан жарылады, ол теңіздей толқып, жанартаудай атылады. Ол шынжырлап қойса да шынын айтады. Құм-қабір – адамзат мекені. Ол мәңгілік мекенді айта отырып, иман деген ирелеңдеген бір жылан барын да еске салады. Құм-қабір имандыға да, имансызға да бірдей. Оның көз алдында Қорқыт кетіп барады.

Жігітің не жазса да, туған жерден алшақ кете алмайды. Тіпті «Тарғын» деп атау қойып, ел қадірмені болған балықшы нағашысын дәріптеген кітаптың мұқабасына да қайық ескен адамның суретін салыпты. Өмір – теңіз, Адам – қайық ескен пенде. Осы кітап кіндік қаны тамған топыраққа деген жан махаббаты, жақсы адамға деген іңкәр сезім дер едім. Балыққа қатысты жүз мақал-мәтелдің басын қосып, тізімін берсе, соның біреуін ғана мысалға келтірейін – «Шортан аудан қорықпас, кедей мұңнан қорықпас». Бұл – тізімнің ең басында тұрған нақыл сөз.

 Өз балығымызды өзіміз аулайтын кезге жеттік, заман тәуелсіз, ұлт бостан, өз қайығымызды өзіміз есіп жүрміз. Бірақ жігіттің көңілі алаң. Адамдар да екіге бөлініп кеткендей. Су таяз, Аралды ат кешіп өтіп жүр. Оу, Оңталап та ел қамын ойлайтын егделікке бет бұрған жоқ па? Жарасып-ақ тұр. Оның өз жолы бар. Әкесі құлағына үш рет айқайлап, «Оңталап!» деп атын қойған.

Қуандық ТҮМЕНБАЙ,

жазушы