ҚОҢЫР САЛҒАН ЖОЛ ЕДІ

63

0

ҚОҢЫР  САЛҒАН  ЖОЛ  ЕДІ

Сонау Мажар еліндегі Айша апамызбен таныстығымызға қызылордалық Ғалым Байманов ағамыз себепкер болды. Кезінде Сыр мұнайына түрен салған Саламатовтың сарбаздарының бірінен саналатын Ғалекең руханиятқа да біртабан жақын жүретін азамат. Ол қазақ пен мажардың тамырлас, тағдырлас ел екендігін дәлелдеген Иштван Қоңырдың жұбайы Айша апайдың қазақ поэзиясының падишасы Фариза Оңғарсынова жайлы жазған естелігін тапсырып, автордың электронды поштасын қоса берді. Алыстағы Мажар елімен хат-хабар алысу үшін, ғаламторға шарладық та кеттік…

Ғаламтордағы мекенжайын қиналмай тапқанымызбен апайдың өзін «ұстау” қиын болды. Иштван Қоңырмен бас қосып, 30 жылдан астам Мажар жерін мекен етіп келе жатқан Оңайша Мақсымқызы кезінде ЕLТЕ университетінің Ішкі Азия бөлімінде студенттерге дәріс оқыпты. Қазір зейнетке шықса да сыртқы істер министрлігінің ұйымдастыруымен депутаттар үйінде қазақ тілінен сабақ беріп жүр екен. Венгриядағы саяси жұмыстардың белортасынан табылатын апаймен ғаламтор арқылы қолы қалт еткенде сұхбат құрып үлгердік.

– Армысыз, Ай апа! Биыл қазақ
пен мажардың арасындағы алтын көпір болған Қоңыр ағаның туғанына 70 жыл толып
отыр. Жалпы Дунай мен Ұлы дала арасындағы байланыс қалай орнап еді?

– Айналайыным-ау, ең алдымен мені іздеп, хабарласып
жатқандарыңа рахмет. Неше жыл сыртта
жүрсем де елден хабар үзген емеспін. Төркін жұртыма жыл аралатып болса да барып
тұруға тырысамын. Елімнің жақсылығына сырттай марқайып отырамын.

Биыл Қоңыр ағаларың тірі
болғанда 70 жасқа толар еді. Бірақ амал
не?.. Қамшы сабындай қысқа ғана ғұмырында түркітану саласында терең із
қалдырған оның еңбегін Елбасы мен қалың қазағы ұмытпай, есімін ұлықтап келеді.
Көңілге сол медет.

Кішкентайынан-ақ әке-шешесі
Қоңырға: «Сен – қыпшақсың, ата­мекенің – қыпшақ даласы» дегенді жиі айтып
отырады екен. Он екі жасынан өзі тұратын Қарсақ қаласына Кеңес әскерінің
құрамында келген қазақ жігіттерінен тіл үйренген Қоңыр есейе келе түркі
тілдерін зерттеуге ден қойыпты. Кейіннен байырғы бабалар топырағына бет бұруына
атажұртқа жете алмай кеткен әкесінің арманы себеп болса керек.

Жалпы сонау VIII ғасырда
Көтен хан салған ізді зерттеушілер Қоңырға дейін де болған ғой. Екі ел арасындағы туыстық байланыс жайлы ең
алғаш 19 ғасырдың ортасында жазыла бастаған.

Қоңырға қазақ елі
азаматтарының көмегі көп болды. Әбіш
Кекілбаев, Олжас Сүлейменов, Ақселеу Сейдімбеков, Асанәлі Әшімовтер Қоңырды
туған бауырындай құшақ жая қарсы алды. Әбдуәлі Қайдар, Рәбиға Сыздық, Болат
Көмеков, Көбей Құсайынов бастаған тілші-ғалымдар ағаңның тілекшілері болды
десем, артық емес. Марқұм Өзбекәлі Жәнібеков
ағамыз да Мажарстанға келсе, біздің үйге тоқтайтын. Екеуінің қазақтың
мәдениеті, түркі жұртының келешегі
туралы әңгімелері таңға таусылмай жалғасып жататын еді.

Қоңырды қазаққа етене еткен
тағы бір жан – өзімнің Фариза апам. Батыс өңірінде туғанына орай апам дегенім
болмаса, Фариза қазаққа ортақ тұлға еді
ғой. ҚОҢЫР  САЛҒАН  ЖОЛ  ЕДІФариза апам дүниеден өтті деген қаралы хабарды естіп, жүрегім сыздап,
дел-сал күйге түстім. Амалсыздан екі көзге ерік бердім.

Әр қазақтың жүрегінде өз
Фаризасы бар. Менің де есімнен Фариза
апаммен сұхбаттасқан сәттер кетер емес. Жақсы араласып, сыйласып тұрушы едік.
Елде екі асқар тауым – Фариза апам мен Әбіш ағам бар дер арқамды кеңге салып
жүруші едім. Соңғы рет елге барғанда Көкшетауға емделуге кеткенін естідім.
Жүрегім бірнәрсені сезді ме, кездеспей кеткім келмеді. Елдегі көптен
араласып жүрген жанашыр жанның бірі
Ділдәш апай тапқан көлікпен Бурабайға
жеттік. Келгенімізге сондай қуанып қалды. Ұзақ әңгімелестік. Бұл апамды соңғы
рет көруім екенін қайдан білейін…

Қоңырым қайтыс болып, қайғы
жұтып отырғанымда Фариза апам қасымнан
табылған еді. Қазақтың ескі дәстүріне салып, өлеңмен көңіл айтып, жұрттың бәрін
жылатқан сол жолы. Сол екі парақ қағазды соңғы кездесуде өзіне көрсеткенімде:
«Бұл өлеңді сақтағаның жақсы болған екен”,- деп қуанып қалды. Қоңырдың
Кеңсайға, батыр Бауыржан Момышұлының жанына жерленуі де Фаризаның арқасы еді.
Енді сол Қоңыр жанына өзі де аттанып кетті. Осыған дейін еш жерде жарияланбаған
сол жоқтау өлеңін халыққа жеткiзгiм келедi:

Қоңырды жоқтау

Қарағай есік қақпалы,

Қараға жаптым мақпалды.

Көктегі аппақ Күнімді

Қара бұлт кенет қаптады.

 

Арманда кеттің, қарағым,

Жұмылды ерте жанарың.

Қызын сүйдің даланың,

Халқын сүйдің даланың.

 

Сені жоқтап келіп тұр

Қалың елің қазағың.

Бір көтеріп басыңды,

„Қош”,- десеңші, қарағым!

 

Түркінің сүйдің аспанын,

Ұрпақ деп істі бастадың.

Қаламың қалды-ау иесіз,

Оны кімге тастадың?

 

Өрнегі – ою басқұрдың,

Таусылғаны ма жас күннің?!

Артыңда қалды жан жарың,

Оны кімге тапсырдың?

 

Қызарып таңда Күн шығар,

Тепсең жерге гүл шығар?

Құшағын жайып жарқырап

Алдымыздан енді кім шығар?

 

Тең-тең шұбар, тең шұбар,

Тебінсе аттан тер шығар.

Үзілді бейуақ жас ғұмыр,

Жыламай бұған кім шыдар?

 

Есіктің алды құба тал,

Адамды ажал жылатар.

Достарың тұр егіліп,

Оларды кім жұбатар?

 

Айналайын, ағайын,

Басыма қара жабайын.

Арманда кетті Қоңыржан,

Жыламай қалай қалайын?

 

Азаматы едің екі елдің,

Көңілімді немен жамайын?

Ақ Айшаң қалды аңырап,

Орныңа кімді қояйын?

 

Асыл едің, текті едің,

Арманыңа жетпедің?

Жасаған Алла жақсының

Ғұмырын неге шектедің?

 

Қай жаққа ұштың кептерім,

Арпа мен бидай – сепкенім.

Үйің де қалды қаңырап,

Кімге оны тастап кеткенің?

– Жалпы Венгрияда ұлы тұлғаны ұлықтайтын қандай шаралар атқарылып
жатыр? Төркін жұртыңыз Қазақстанда атақты түрколог есімін жаңғыртатын қандай
жаңалықтар бар?

– Ел азаматтары Қоңыр салған
жолды жалғастырып келеді. Қазір Қазақстанмен байланыс орнату Мажарстан
(Венгрия) үшін мәдени, сая­си және
әлеуметтік-экономикалық жағынан ең маңызды іске айналып отыр.

Төркін жұртымда да түбі бiр
түркінің түгелдігін аңсап өткен Қоңырға деген құрмет ерекше. Ғалым есімін
иеленген Алматыдағы №154 мектепте балалар жыл сайын танымдық конференциялар
ұйымдастырып, жыл сайын шаралар өткізіп тұрады. Оқу орнының бұрынғы директоры
Ернар Мәсәлім, қазіргі басшысы Қаламқас Алмасбаевалар осындай шаралар арқылы
екі ел арасындағы мәдени байланысты тереңдетуге күш салып жүр. Жақында ғана
Мажар парламентінің спикері Ласло Көвер бастаған ресми топ Қоңырдың басына
тағзым етіп, осы мектепте болып
қайтыпты. Олардың білім ошағындағы музейдің жұмысы жайлы жақсы пікірлерін
естіп, азаматын ардақтай білетін елім үшін марқайып қалдым.

Бұлардан бөлек Атырау
қаласында Қоңыр атында Руслан iнiмiз бастаған «Қазақ тілі” қоғамы бар. Олар да
жыл сайын ғалым ісін жаңғыртатын жақсы шаралар өткізіп келеді. Құрылғанына 18
жыл толған қоғам жақында Қоңырдың 70
жылдығын атап өттi.

Бұл елдe қазақ-мажар
байланысына қатысты өтетін шараларда Қоңыр аты аталмай қалған емес. Биыл да 70
жылдыққа байланысты Мажарстан (Венгрия) сыртқы істер минстрлігі, Қазақстан елшілігінің
азаматтары, өзіміз тұратын 11 аудан әкімшілігі өкілдері бірлесіп, мазмұнды шара
өткізді.

– Қоңыр ағаның жолын
жалғаған кімдерді айрықша атар едіңіз?

– Шүкір, Қоңыр салған жол жалғасып келеді. Әсіресе, тынбай
ізденіп жүрген жас ғалым Дәуіт Қара Шомфаиды атап өткім келеді. Бақсылық,
ауызекі әдебиет тақырыбында бірталай мақала жазған ол қазақ тілін толық
меңгеріп алып, Қазақстанда зерттеу жұмыстарын жүргізуде. Сонымен қатар, мәдени
байланысты нығайту бағытындағы жұмыстардың белор­тасынан табылып жүр.

Осыдан оншақты жыл бұрын
Бенко Михайдың «Торғай мадьярлары» деп аталатын монографиясы жарық көрді. Ол
осы бағытта талмай ізденіп келе жатқан зерттеушінің бірі. Сонымен қатар,
антрополог Биро Андраштың да еңбегін атай кетекен жөн. Ол қазақ ғалымдарымен
бірлесіп, Торғай өңіріндегі мадияр руынан тарағандардан генетикалық сараптама
алу арқылы антропологиялық зерттеу жұмыстарын жүргізді. Осының негізінде, қазақ
пен мажардың бір туған ұл екендігі ғылыми тұрғыда дәлелденді.

Мұның бәрі Қоңырдың өзі
кеткенмен ісінің мәңгі өлмейтіндігін дәлелдеп тұр.

– Ұлдарыңыздың әке жолын қуар
ойы жоқ па?

– Алла Тағала Қоңыр
екеуімізге Атлан есімді ұл берді. Қазір ол Оксфорд университетінің Будапешттегі
филиалында халықаралық байланыс және бизнес бағыты бойынша білім алып жатыр.
Есімін «Аттан!» деп жауға шапқан баба ұранының негізінде әкесі қойған.
Кейінірек болмаса қазірше түркологиямен айналыса қоятын ойы жоқ.

– Әңгімеңізге рахмет, Ай апа.
Бауырлас елдің байланысын нығайтудағы еңбегіңіз жемісті болсын.

– Саған да рахмет, айналайын.
Елге сәлем айт.

 

Сұхбаттасқан

Мұрат ЖЕТПІСБАЕВ.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз